Өлеңдер ✍️
САБАҚ
Мағынасыз өмірді сүргеніміз –
Ажалына адамның күлгеніміз.
Марқұм жайлы жақсы сөз айта алмасақ,
Дұрыс болар үндемей жүргеніміз.
Өлгеніне неліктен шаттанамыз?
Қай мазмұнда жазылмақ хаттамамыз?
Дәм-тұзымыз таусылса, уақыт жетіп,
Өзіміз де сол жаққа аттанамыз.
Тәжірибе жинаған жалғаннан біз,
Қазақ деген тектіден қалған жанбыз,
Неге сабақ алмаймыз сүрінгеннен?
Жүгіргеннен өнеге алған жанбыз.
Сабақ болса, ойсыздың шалалығы,
Өмірдің де байқалар даралығы.
Қазақ қайда жаманнан жиренетін,
Даналықпен алмасқан балалығы?
Жойылмаса «Әлеке», «Ерекеміз»,
Босағадан аттамас берекеміз.
Шалағайдан өмірлік сабақ алмай,
Тойланбайды шынайы мерекеміз.
Түйіндеуге жетеді көргеніміз,
Дұрыс, шыңға көңілді бөлгеніміз.
Тірімізден иман, ұят, ар кетпесе,
Көкіректі айырар өлгеніміз.
Жанымызға серік қып адалдықты,
Төбемізге шығармай надандықты.
Қолдан құдай жасауды мүлде қойып,
Өлтірмейік алдымен адамдықты.
Сабақ болып бүгінгі қазалы күн,
Кеудемізді бассыншы азалы үн.
Бір адамның тағдыры қайталанып,
Құрбаны боп кетпейік жазалының!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇