Өлеңдер ✍️
КОМЕДИЯ МЕН ТРАГЕДИЯ
Аңсап жүрмін көтеріңкі көңілді,
Сүргендіктен қайғысы көп өмірді.
Юморлықпен қалай тартам өзіме,
Тартыстары шиеленіскен өңірді?
Оздырған соң заман деген түлкімді,
Жақтырмайды ешкім мінез-құлқымды.
Айналамда жылағандар көбейсе,
Қасіретке айналдырам күлкімді.
Бұндай сәтте театр тұр табылып,
Руханиятқа қызмет қылсақ, жабылып.
Трагедия ұмытылсын дейміз де,
Комедияға жол тартамыз сабылып.
Сабыр қыл деп тұрса да әр сүреміз,
Сын сағатта мұңға батып жүреміз.
Іште қатқан шер екенін білген соң,
Көзімізден жас шыққанша күлеміз.
Әлеуметтік мәселелер шешілмей,
Келеміз бір-бірімізді кешірмей.
Қоғамдағы трагедия аздай-ақ,
Комедияның лентасы тұр кесілмей.
Не қылайын санасы жоқ қайыңды,
Айтсаң-дағы естімейтін жайыңды.
Езуінде күлкісі бар адамның
Жанарынан аңғарамын уайымды.
Театр артық мына дүние жалғаннан,
Сахнасы бұрынғыдан қалған ән.
Өз қалауың – жыласаң да, күлсең де,
Рахаттанған өнерге із салғаннан.
Тым болмаса, сценарийін құратын,
Автор болсам, елден жырақ тұратын.
Әртістерді өз рөлімен жүгіртіп,
Қойылыммен орындатқан мұратын.
Айтқаныңмен жасалатын барлығы,
Сезілмейтін кең дүниенің тарлығы.
Режиссер боп жүрсем, шіркін, тасада
Қалсам-дағы орындалған жарлығы.
Мен тағдырды жазсам, халық сенбейді,
Сюжетіме трагедия енбейді.
Комедияға толы ғұмыр кешер ек,
Әттең, шабыт заңдылықты жеңбейді.
Пешенеде жазылған соң заңымыз,
Соған қарай жүгіреді қанымыз.
Шаттығынан қайғысы көп өмірде,
Бір-біріне демеу болсын жанымыз
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇