Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  159


Автор: Самрат Құскенов

МЕНЕН БАС ТАРТ

 



Әрбір адам жаралған соң теңімен,
Бұл өмірде тірі жанға сенім – ем.
Бірақ, неге сырлас таппай қаламын?
Шүйкелесіп отыратын менімен.



Шаршап кеттім, сөйлесіп өз-өзіммен,
Елге сыйлы болсам да әр сөзіммен.
Өзгеріске ұшыраймын күн сайын,
Төңкеріске шыдасам да төзіммен.



Қоғам кетті құтқа балап ақшасын,
Бір-бірінің таразылап бақшасын.
Ата сөзін өсиет деп тыңдамай
Насыбайдың кие көрер шақшасын.



Қай биікке жеткізеді ой мына?
Руханиятты алған едім мойныма.
Бір жақыным байланысын үзеді,
Бір кітапты қысқан сайын қойныма.



Жігіт едім құндылықты тоқыған,
Өткен күннің деректерін шоқыған.
Баяғыда министр боп кетер ем,
Ел басқарса кітапты көп оқыған.



Әттең, елдің оянбаған санасы,
Сауатсыздың "Көке" боп тұр панасы.
Биігімді төмендете алмаймын,
Өркениеттің шықса-дағы жаңасы.



Мына заман таба алмайды теңімді,
Сондықтан да бере алмайды емімді.
Топас қоғам, менен бас тарт оданша,
Рахаттанып алайын бір демімді.



Қажет емес қола, күміс, алтын да,
Өмір мәні ата дәстүр-салтында.
Менен бас тарт, боқ дүниені қайтейін,
Бір ауыз сөз қалмай жатыр артымда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу