Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  133


Автор: Самрат Құскенов

ТАЛАПТЫНЫ СЫЙДЫРТПАДЫ

 



Санаң болса, көптің ісін сарапта,
Ойың бірақ, талданар қай тарапта?
Топқа қарап жетектеген бір-бірін,
Қалам кейде не мән бар деп талапта.



Алайда, жұрт «Талаптан!», – деп қайрайды,
Таудай талант бұлбұл болып сайрайды.
Талапсыздар өздеріне қор жинап,
Талаптының бағын матап байлайды.



Сөйтіп, қоғам дарын жанын түйреген,
Шарасыздар құзға құлап күйреген.
Теперішті көрген жақсы, негізі...
Көптің иті болғаныңша сүйреген.



Біле алмадым орта неден сасыды,
Ғайбаттаудан мерейіміз тасыды.
Ұлт тамырын балталаған мәз болып,
Тобырларға қарап, жаным ашыды.



Адамзаттың ішіндегі аласын
кейбір сәтте аңғарып та қаласың.
Күн көрсе де, әкесінің атымен,
Керек қылмай, сыртқа тепкен баласын.



Ойсыздарға бұл жалғанда мән – қауіп,
Талапсыздар тірлік қылар жан сауып.
Талаптыны сыйдыртпайды көпшілік,
Жүргендіктен күнделікті нан тауып.



Жетпес елді дұрыстауға шамаң да,
Ешкім сені жақтырмайды әманда.
Қара сөзін айтқан қызық Абайдың,
Талапсыздар жақсы болған заманда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу