Өлеңдер ✍️
ӨРТЕНІП БАРАДЫ ӨЗЕГІМ
Ғылымхал, шыңдарға бармадым,
Жарқырап ізді де салмадым.
Көңілім құлазып жүр бүгін,
Жұрт құсап қуана алмадым.
Сырт көзге болсам да төзімді,
Жегідей жеп келем өзімді.
Заманнан түңіліп жүр жаным,
Надандар қор қылып сөзімді.
Тыңдасам депутат-биімді,
Үнсіздік бәріне тиімді.
Жанымыз жалаңаш қалып жүр,
Тәніміз сән қуып киінді.
Білмеймін не болмақ еліміз?
Ез болып бітті ғой еріміз.
Әркім өз қамымен күн кешіп,
Ел үшін ақпады теріміз.
Сайқал жүр жұлдыздай жарқырап,
Ақылы дариядай сарқырап.
Көрсетер өнері қалмаған,
Ішкенін, жегенін талқылап.
Қайтейін қоғамның өсегін,
Аңдыған арсыздың төсегін.
Қазаққа ес кірмей, құт қонбай,
Өртеніп барады өзегім.
Ғаламтор қамады бегімді,
Арамдар даттады тегімді.
Тек алға жылжитын уақыт та,
Мән таппай бір сағат шегінді.
Өйткені, алда жоқ мағына,
Тусаң да, Отанның бағына.
Ортаңнан бір тұлға табылмай,
Сабылдық, Әлкейді сағына.
Анадан тусам да дарынды,
Айтатын ойым жоқ қарымды.
Құдайға жағар нем бар дейсің,
Бағалай алмаймын барымды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇