Өлеңдер ✍️
МЕНІ ӨЛЕҢ ӨЗІ ІЗДЕП ТАБАДЫ
«Биіктікпен түсінгендер Абайды»,
Руханиятты құдіретке балайды.
Қателікті қылмыс көрген бұл қоғам,
Шалыс басқан молдаңды да сабайды.
Өзімді де «Қияли» деп сабады,
Пікір айтсам, ауызымды жабады.
Ұйқас қуып, буын іздеп жүрмеймін,
Мені өлең өзі іздеп табады.
Жапырағын паналап ақ қайыңның,
Ат боларын болжап келем тайымның.
Ұлт деп түк те тындырмасам тер төгіп,
Өз-өзімді өлтіруге дайынмын.
Әрбір сәтке жоспарымды дайындап,
Жүрмін айтар пікірімді қайымдап.
Өз өмірім алаңдатып тұрған жоқ,
Құдай өзі бергендіктен пайымдап.
Ойсыз күндер қашырады сиқымды,
Шығарған соң төрге өңкей-қиқымды.
Бойдақ жігіт болғандықтан күлімдеп,
Сұлу қыздар ұрлайды түн ұйқымды.
Сезім толқын түріп тастап бүркінді,
Асау жүрек теңіздей бір сілкінді.
Кім айтады көз жасымды көргенін?
Ей, ағайын! Көре алмайтын күлкімді.
Ақтамай-ақ қойған төккен терімді,
Қайда апарып тастайын бұл елімді?!
Алла берген ақындыққа бас иіп,
Өлең ғана тарқатады шерімді.
Шүкір деймін, дарынымның барына,
Сатылмаған бейшараның малына.
Менен кие тапқан өлең жолдары,
Қайырлы боп тұрса балам, жарыма.
Одан басқа болмас менің тілегім,
Қазақ үшін түріледі білегім.
Отбасымнан өмір мәнін табар ем,
Отан болып тұрса-дағы тірегім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇