Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  144


Автор: Самрат Құскенов

ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҮРЕГІМ

 



Шеңберінен шыға алмаған нарықтың,
Заманыма қарап, бүгін қамықтым.
Шақалақ боп ата-анадан тусам да,
Азаматы болып жүрмін халықтың.



Мән жоқ сәнін кіргізсем де ұртымның,
Мұң-қайғысын жемесем үш жұртымның.
Жүрегімнің соққанынан не пайда?
Тірегіне айналмасам ұлтымның.



Саясатта қалдырамын басымды,
Ел деп жерге қойып ішер асымды.
Бір қазақтың қуанғанын көргенде,
Қуаныштан төгемін көз жасымды.



Тарихыңда байқалмайды тұлғам да,
Қадимына ұрпақ бетін бұрғанда.
Мен несіне бос кеудемді кернеймін?
Замананың заңғарлары тұрғанда.



Жамағатпен аспанды да тіредім,
Халық барда ақын едім, дүр едім.
Қазақ атын өшіргенше Құдайдан,
Жүрегімнің тоқтағанын тіледім.



Санасыздар өтірікті талдап жүр,
Панасыздар бір лашықты жалдап жүр.
Жүректілер қан жылайды қазақ деп,
Жүрексіздер ертегімен алдап жүр.



Тірісінде өткенімен боқтатып,
Ердің орны ойсырап тұр жоқтатып.
Елге пайда әкелмесе тастаймын,
Жұдырықтай жүрегімді тоқтатып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу