Өлеңдер ✍️
ЛИРИКА МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ ЕМЕС
(Қияли құрдасым Дүйсехан Қасымға)
Өмірде жолы, өнерде орны болмаған,
Өлермен едім, жүрегі нұрға толмаған.
Өлеңмен бірге арайлы таңды қарсы алып,
Ой толғап жүрсем, үміттің гүлі солмаған.
Махаббат жайлы жырымды көбі сұрайды,
Ғашықтық дертім қиялдап сөйлем құрайды.
Өлеңді шіркін тағдырдың өзі жазған соң,
Сезімді іздеп ақындық көңіл құлайды.
«Жалғаннан өтсем, өз ұлтын сүйген қазақ боп»,
Деп айтқан сайын жүремін жұртқа мазақ боп.
Азапқа толы жанымды қояр жер таппай,
Көрініп жүрмін сырт көзге мықты, азат боп.
Таяқ та жедім, келемін бірақ, жасымай,
Шарадай болған шақшадай ғана басым-ай.
Ішім қан жылап жүрген соң күле беремін,
Байларға ұқсап «қолдағы барды тасымай».
Ақынмын, атын қағазға әбден қашаған,
Кімім бар дейсің, шаттықтың майын асаған.
Ағалар қаптап жүрсе де ақыл айтатын,
Болмады бір жан қамқорлық, мәрттік жасаған.
Бір адам бар ма өрлегенімді қалаған?
Бұралаң жолға тап болсам, болды, талаған.
Өткенім – қайғы-қасірет толы драма,
Бүгінгі күнге лирика қалай жараған?
Содан да болар жақтыра алмай бағымды,
Түңілдім әбден, сындырдым мүлдем сағымды.
Шашбаулым таппай, бұрымын жырмен өретін,
Армандап келем бақытқа толы шағымды.
Лирика менің тағдырым емес сияқты,
Азамат болып өссем де арлы, зиятты.
Ізімді зерттеп бір пьеса жазса келешек,
Сахнаға шығар қойылым мұңды, қияқты.
Рухани байлық тұнған соң тұла бойымда,
Ертеңі ұлттың, тарихы елдің мойында.
Қай ұлы төрде отырған дейсің, Дүйсехан?
Өлген соң жүрміз ұлықтап мерейтойында.
Самрат та солай халықтың бәрін жылатар,
Болашақ өзі ескерткіш, бюст сұратар.
«Кезінде қорлап жүр едің, бүгін мақта», - деп
Көз көрген орта бір-бірін шұқып құлатар.
Абайдың жөнге сала алмай кеткен қоғамын,
Жиені салар дейсің бе, әй, Уақ-Шоғаның?
Ақылым артқа, сезімім алға жылжыса,
Мен де бір пенде лирика үйін соғамын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter