Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  149


Автор: Самрат Құскенов

КӨТКЕНШЕКТЕР

 



Алға бассам, тұратын артқа тартып,
Бар дүниені өзінше салтқа шартып.
Ел «Жас келсе, іске», - деп қолдамаса,
Ұлттың жүгін қояды қартқа артып.



Іскерліктің тұратын шегін шектеп,
Жағымпаздық – пайдалы, тегін мектеп.
Өткен күнде мағына қалмаса да,
Жүрміз заман шартынан шегіншектеп.



Мәселең көп болса да, шешілмеген,
Абзал болар санаңды өсірмеген.
Руханиятқа алаңдап, сөйлеп қалсаң,
Жылтырақтар шындықты кешірмеген.



Көрмегендей боласың көргеніңді,
Кім жақтырсын қызығын бөлгеніңді?
Өлместей боп жүргеннің кесірінен,
Қайтармайсың тірілтіп өлгеніңді.



Кейде тас боп қалады тістегенің,
Орындама бәдіктің іш дегенін.
Шалғай кеткің келеді руханияттан,
Көлеңкеде қалған соң істегенің.



Қу, сумақай әдепті қалпын сақтар,
Есің барда ғалымның артын ақтар.
Тежегішті меңгеріп, газды білмей,
Ұлт болмысын құртып жүр тартыншақтар.



Бірін-бірі бағалап қарынымен,
Қоғам өрге шықпай тұр дарынымен.
Өз ойы жоқ мүсәпір көткеншектер
Күн кешеді ескінің сарынымен.



Бал күндерің жегілген әткеншекке,
Қайтармайсың уақытты өткен текке,
Жасқа сенбей, кәріден үміттеніп,
Қайран елім, айналған көткеншекке...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу