Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  163


Автор: Самрат Құскенов

ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНДА ТУҒАН ОЙ

Тектіден әр кез текті ұрпақ қалған,
Жыл өткен сайын құны қымбатталған.
Киелі топырақтан жаралғанмын,
Сафуан, Ғабит, Сәбит құндақталған.



Үш тұлға қазақ үшін асқаралы,
Сөздерін қастерлейді жастар әлі.
Ұлылар мекенінен мен келмесем,
Көкесі болар еді масқараның.



Өйткені, Мен – келешек ұлы ақынмын,
Жолында құрбан болам мұратымның.
Сафуан, Ғабит, Сәбит рухы қолдап,
Өзімнің биігімде тұратынмын.



Біразы жақтырмайды теріскейді,
Ол жақтың тұрғындары орыс дейді.
Жүргендер Ғабит салған ғимаратта,
Елінің құт-бағымен келіспейді.



Ұл едім ешкімге де беріспейтін,
Жершілдік қағидасын теріс дейтін.
Сәбит те қорған болған дарындарға,
Төсінен сәуле қуған теріскейдің.



Алматы арман еді бала шақта,
Ауылды ырыс-баққа баласақ та.
Жолымен жүргендіктен Сафуанның,
Ізімді қалдырамын болашақта.



Өткеннен тың деректі қазған ұлмын,
Жырсүйер жамағатқа Мағжан-ұлмын.
Ой туып Жазушылар одағында,
Паш етіп жүрек сырын жазған ұлмын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу