Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  158


Автор: Самрат Құскенов

КӨКТӨБЕГЕ БАРҒАНЫМДА

 



Пәк көңіл жетегінде кетер құныт,
Бал арман – дегеніңе жетер үміт.
«Тұр анаң көкте қарап», – деп айтқан соң,
Барамын аспа жолмен көтеріліп.



Биіктік талап еткен өр тынысты,
Сақталса әрқашанда көркің ішкі.
Көрініп сым үзіліп кететіндей,
Төменге қарауың да қорқынышты.



Тағылған жұлдыз-моншақ мойынына,
Шабытты алғандай-ақ қойынына.
Көктөбе тартқан сайын ажарланып,
Көзімнің аштық кірді тойымына.



Өмірде күресесің бағың үшін,
Өзің де тіршіліктің ағынысың.
Басылды Көктөбеге барғанымда
Анама деген үлкен сағынышым.



Төбемді болдым көкке тірегендей,
Нұрлы айға азуымды білегендей.
Періште бастан иіскеп аспандағы,
Ұлына анам ақ жол тілегендей.



Әр ізім кеткенімен көпке тарап,
Жүрмедім раушан гүлді шөпке балап.
Мұң шағып Алатаудың бөктерінде,
Ұлыдым Көк бөрідей көкке қарап.



Мақпал түн – аңсар әнім шырқалатын,
Шешемнің сақтағандай бір халатын.
Көктөбе – жан мен тәннің шипажайы,
Төсінде мәңгілікке сыр қалатын.



Жүректің сөзі еді құратыным,
Әр адам құрбаны өз мұратының.
Түсіндім қалың ойға батқандардың
Неліктен Көктөбеде тұратынын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу