Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.05.2025
402
* * *
Анама ұқсас жан көрдім,
Мейірім тұнған жүзінде.
Көкірегімді қақ бөлді,
Мезгілдің мынау күзінде.
От алып бала сезімнен,
Барады әне томпаңдап!
Сыр шертіп балдай кезімнен,
Көшеде тұрмын қомпаңдап.
Жүгіріп барып соңынан
Құшақтап, қысқым кеп кетті.
Тудырмай айды оңынан,
Сағыныш шерді меңдетті.
Алдында көптің балпаңдап,
Толтырған ырыс-кесемді.
Жақынға өткен жалпаңдап,
Аңсайды ел де шешемді.
Аймалап асыл анасын,
Баласы келді қоңқаңдап.
Жоғалтып алған панасын,
Мен қалдым, ойым шолтаңдап.
Бағалай алсақ барында,
Қондырар едік жақұтты.
Уайымы жатар қарында,
Анасы барлар бақытты.
Өмірді мұңсыз таң көрдім,
Қашырған сөздің сиығын.
Анама ұқсас жан көрдім,
Салмады көздің қиығын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇