Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  224


Автор: Самрат Құскенов

ӘЛДІЛІК ПЕН ӘДІЛДІК

 



Әділдікті бастамай өзімізден,
Мән қашырдық киелі сөзімізден.
Түймедейні түйедей көрсетеміз,
Ардың құны кем болып бөзімізден...



Жалтақтасақ, биттің де ақ жаны бар,
Бәрінің де жаттаған Мағжаны бар.
Әлділікпен өлтірсек әділдікті,
Басқа қонам деп тұрған бақ жаңылар.



Руханияттың кеткен соң құты кеміп,
Жыртық жерді несіне бүтіндедік?!
Адалдықтың байрағын қабық қылған,
Қарымдылар шіренер түтіндетіп...



Бар жақсыны үйем деп өз басына,
Күштің қалған халқының көз жасына.
Бүкіл ғалам тұрмайды қаз қалпында,
Кімің кепіл жаңаның тозбасына?!



Ішкеніне, риза боп жегеніне,
Тіршіліктің масайдық тегеніне*.
Кісілік қап шалбардың ышқырында,
Ырық бердік нәпсінің дегеніне.



Шындық тыныш жатқызбас көрімізде,
Түсе қоймас арзанға өріміз де.
Әлділіктің заманы жүргендіктен,
Сайран құрмас әділдік төрімізде.



Тойғанымнан шабытым тасымаған,
Дәмді болған кедейдің асы маған.
Адамилық қанымда тулаған соң,
Әлділерден жігерім жасымаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу