Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  348


Автор: Самрат Құскенов

ЗЕЙІНСІЗ ЗЕЙНЕТКЕРГЕ

Сен-ақ жақсы бол, ағатай, разымын,
Сенсіз де жас көңілімнің жазы – мұң.
Түсінгенге сағыныштың сазымын,
Ұқпағанға үріп жүрген тазымын.



Айтсам, сенен бір кемшілік көргенмін,
Әр ізіңе уақытымды бөлгенмін.
Мәртебеңді биіктетем дейсің бе?
Абыройын аласартып өлгеннің.



Елге пайда тигізуге бейімсіз
Адамзаттан із қалады тиімсіз.
Айтқан сөзі таяқ болып өзіне,
Тиетінін білмей жүрген зейінсіз.



Санаң соқыр, ағарғанмен самайың,
Жыртығыммен тесігіңді жамайын.
Жақсы әрбір істен сауап көргендей,
Жаман ғана жамандайды маңайын.



Зейнеткерлік – жамандау ма еліңді?!
Сол ел үшін бүкпедің бе беліңді?!
Өз саласын дамытпаса ұжымың,
Демек, жөндеп сіңірмепсің теріңді.



Зейнетақы көрсеткен-ау шамаңды,
Қатарыңнан тауып жатсаң жаманды.
Ұялмайсың ба, сақалыңды сатудан?!
Адам өзі жасаған бұл заманды.



Терезеден көрсеткендей көктемді,
Жақсы көрдің жас буынды сөккенді.
Дені дұрыс із қалмапты артыңда
Мұрағаттан алып шықсам, өткенді.



Бауырыңды тастап желдің өтіне,
Итермелеп тұрсың жердің шетіне.
Көпті көрмей, көп жасауға боларын
Білсең, қарап қой, зейнеткер көтіңе.



Адал дос та жүрмеген соң қасыңда,
Бақыт құсы тұрақтамас басыңда.
Зейініңді ашамын деп ойлама,
Ақыл қона қоймас зейнет жасында...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу