Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  148


Автор: Самрат Құскенов

ЗҰЛЫМДЫҚ ПЕН ІЗГІЛІК

Елдің бәрін дәл өзімдей көрем деп,
Абыройым кетті бүгін төмендеп.
Шарапатым тиген жаным жауласып,
Кесапатын төкті көптеп-көлемдеп.



Зұлымдық пен ізгіліктің күресін
Тамашалап мәнді өмір сүресің.
Маскүнемнің жыласаң да халына,
Қаскүнемнің қылығына күлесің.



Күлетінің – ол – артта, сен – алдасың,
Түгі жоқтар жұрттың барын талдасын.
Жетістікке жеткеніңді көрмесе,
Қателікті айтып, өзін алдасын.



Тас төбеңде Құдай көрсе, болғаны,
Ақ жол – игі іс-шараның қорғаны.
Ала жіптен аттамаса ақ арың –
Бала жастың даналыққа толғаны.



Кең боласың, мұңын білсең, далаңның,
Сақтанасың, сырын ұқсаң, қалаңның.
Іші тарлар баспалдағың боп қалар
Із қалдырсаң, биігінде салаңның.



Бір сөз үшін ұсақталма, өтінем,
Тас та шыққан адамзаттың өтінен.
Кісі ақысын жеп, қиянат жасайды,
Арсыз, әлсіз, кері кеткен көтінен.



Естен кетпес қателікке ұрындық,
Сын-сағатта кім болады мұрындық?
Өмірдегі тепе-теңдік шарттарын
сақтап келді ізгілік пен зұлымдық.



Әңгімесін апаратын бұрынға,
Жүйрік болар күн туады құлынға.
Ізгі ниет қасиетін ұқтырған,
Бәріміз де қарыздармыз зұлымға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу