Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  138


Автор: Самрат Құскенов

ІРІТКІ МЕН ҰЙЫТҚЫ

 



Сырт көзге жақсы болып көрінетін,
Аға көп руға, жүзге бөлінетін.
Иттіктен әрі аспайтын қарекеті,
Жегендей болғанымен бөрі етін.



Талантты талантсыздар қажытады,
Дананы санасыздар бажытады.
Тергені – білім емес, өсек болған
Білгіштер жұрттың миын ашытады.



Ірілік күннен-күнге сұйылғанда,
Халқыңа бақ-береке бұйырған ба?!
Әр кісі қасиеттің мәнін білер,
Құндылық тұла бойға құйылғанда.



Бірақ та, бұл сырды кім біліп еді?
Ойсыздар жүрегімді тіліп еді.
Ұйытқы болады деп сенім артқан,
Адамың елді іштен ірітеді.



Қанымыз кеткендіктен сұйықталып,
Жанымыз күйіп бітер қиықталып.
Рушылдық қозған сайын ортамызда,
Қалар ұлт болашағы тұйықталып.



Айрылмай дәстүр деген қорғанымнан,
Боларым әлі алда болғанымнан.
Ашытқы болып бағам ашынғаннан,
Айтпаймын ешқашанда толғанымнан



Кезім жоқ руымды айтып сұйытылған,
Жігітпін ынтымақты биік қылған.
Тиіссем ащы тілмен, түсін, қазақ,
Айрандай қоғам қажет ұйытылған.



Ақ сүтке маламыз деп ұртымызды,
Аламыз ұстарасыз мұртымызды.
Қазақстан абыройын асқақтатсаң,
Рулықтан аласарт­па, ұлтымызды.



Ұлтшылмын, қазақ үшін жаралғанмын,
Сан ғасыр тарихыңнан нәр алғанмын.
Іріген ауызға мән бермей жүрген
Ірінің тамырынан таралғанмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу