Өлеңдер ✍️
АСТАР МЕН ҚАТПАР
Сөзіңнің үңілмеген астарына,
Қазағым, үміт артпа жастарыңа.
Ақшаның құлы болып жүргендердің
Кепілмін елін жауға тастарына.
Тарихын қатпар-қатпар оқымаған,
Қоғам-ай, дана сөзін тоқымаған.
Айыбын ашқанымен бір-бірінің,
Тайырдың қазынасын шоқымаған.
Байқамай талабым мен арынымды,
Теріскей қор қылып жүр дарынымды.
Астарлап жеткізсем де ойдағыны,
Түсінбей талқылайды қарынымды.
Өздері классиктер шеттерінен,
Безінген «Қиялдайсың», – деп ерінен.
Астарлы сөздің мәнін табасың тек,
Қатпарлы тарихыңның беттерінен.
Айрылып ұлттық қордың салымынан,
Қол үзген болашақтың алымынан.
Өзінің не жазғанын түсінбеген,
Шошыдым заманымның ғалымынан.
Жөн болар айтар ойды бұқпағаның,
Тілеп өт мәңгүрт дерті жұқпағанын.
Сөзіңнің астарын жұрт қайдан ұқсын,
Зерделі мамандардың ұқпағанын.
Қашанда бай, кедей деп алалаған,
Қоршаған ортам жанды жаралаған.
Қатпарын танып-біліп қалталының,
Таланттың ұлылығын қаралаған.
Жете алмай руханияттың шырынына,
Жұрт үйір боқ дүниенің шылымына.
Асында отырған соң бай-манаптың,
Басын да қатырмайды ғылымыңа.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇