Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  166


Автор: Самрат Құскенов

«АУЫЛ АРАЙЫ»

 



(1990 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарық көретін Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл аудандық апталық газет)



Бетіңде сайрап жатқан соң балдай балалық,
Өзіңе ғана жарасып тұр-ау даралық.
Ақ қағаз – арым, ал қара сия – қаным боп,
Даналық жолға жетелеп өткен шалалық.



Тумамыз – тәлім-тәрбие алған ауылдық,
Мейірін төгіп, іш тартып тұрған бауырлық.
Өмірі үйден шықпаған бала болсақ та,
Көкірек көзі – газетпен біз де ауырдық.



Еміміз сонда болатын «Ауыл арайы»,
Оқыған сайын құлпырған жанның сарайы.
Сафуан, Ғабит, Сәбиттен тамыр тартқан деп,
Оқырман болған бас иіп саған талайы.



Ақтарып көрсем, іштегі алтын қорымды,
Таразы басы тең қылған бақ пен сорымды.
Есімім елге белгілі болса, мәртебең –
Бастаған едім өзіңнен еңбек жолымды.



Әр сөзің елдің жадында қалған жатталып,
Арқаңда аудан тірлігі жатыр хатталып.
Мәңгілік жаса, жасай бер, «Ауыл арайы»!
Тарихи құжат – жаңалық, хабар апталық.



Жамбылдық қауым даңқыңды биік ұстаған,
БАҚ, халық, билік – ажырамайтын үш таған.
Ауданнан бастау алатын балғын талапкер,
Ой қумас бұрын қаламын сенде ұштаған.



Басылған қалың бұқара үні мөрінде,
Журналист – ұлт деп ұлитын Айға бөрім де!
Ел-елге ақпар таратқан «Ауыл арайы»,
Сақталып тұрсың бірнеше үйдің төрінде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу