Өлеңдер ✍️
«ҚЫЗЫЛЖАР НҰРЫ»
Ел жүгін артқан басылған әрбір әрпіне,
Не жетсін шіркін, жайылған баспа дәрпіне.
Шырқырап келіп, жарыққа шыққан дүниелер
Биікке өрлеп, тойтарыс берген тәркіңе.
Ескілік көрген ойсызға жазу – пәс еді,
Естінің сонда хатталып жатқан қажеті.
Ертеңгі күннің қолжетпес, құнды байлығы,
«Қызылжар нұры» – қалаңның басты газеті.
Қағазда жатыр тарихтың ресми құжаты,
Ауызша айтқан шындығың өлім құшады.
Жылтыраққұмар бүгінің байқай бермеген,
Басылым – ұлттың басына киген құсаты.
«Қызылжар нұры» – өзгермес мәңгі заманың,
Нақтылап берген қоғамның жақсы-жаманын.
Өлшеусіз өмір – артыңда сайрап жатқан із,
Ардақта, сыйла, газеттің барлық маманын.
Ауаға ұшып кетеді алған айлығың,
Қайырлы болмас, шөлдете берген байлығың.
«Қызылжар нұрын» оқысаң, талдап-талқылап,
Болашақ бағдар, жөн сілтеп тұр жол айрығың.
Бетінде сөйлеп тұрған соң нақыл, ұлағат,
Көзіңнің қарашығындай сақтар мұрағат.
Ұрпаққа мирас, атадан тәлім-тәрбие,
Ұлтыңның үні – газетке бет бұр, жұрағат.
Күйбелең тірлік ұлыны ұлық көрмейді,
Ұлылық – демі үзіліп барып өрлейді.
Тілші көз майын тауысып, құрбан боп өткен,
«Қызылжар нұры» газеті мәңгі өлмейді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇