Өлеңдер ✍️
БІР ДОС БАР
Бір дос бар- берер жанын досы үшін,
Дегендей досым елден озық жүрсін.
Өмірдің тауқыметін тартар болса,
Досына көмектесер қосып күшін.
Жақсы дос бауырдан да жақын болар,
Достықты жолдас болып ұғып, түсін.
Бір дос бар- жолдастығын бұлдамайтын,
Достықтың адалдығын былғамайтын.
Адал дос қасыңыздан табылады.
Басыңа іс түскенде жан қинайтын.
Қазір де адал достар азайғандай,
Байсың ба, кедейсің бе талғамайтын.
Бір дос бар- кішкентайдан бірге өскен,
Өзі келер шақырып кел деместен.
Доп қуып, асық ойнап бірге өткізген,
Шықпайды бірге өткен күндер естен.
Адал дос жалғыз сені тастамайды,
Бас тартпас досы үшін төбелестен.
Бір дос бар- көмектесер сарқа күшін,
Бəрін істер, достықты сақтау үшін.
Қорықпай досы үшін ажалдан да,
Тосатын жасқанбастан оққа төсін.
Осындай жолдастары адал болса,
Арманы ер жігіттің жоқ па дерсің.
Еркін Оралбайұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇