Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.02.2025
219
КЕЙБІР ЖІГІТ
Болушы еді ер жігіт құрыш білек,
Қас жауына тұратын қылыш тіреп.
Заманнан ба, өзгерген адамнан ба?
Кей жігіт жүр бұрқылдап ұрыс тілеп.
Нағыз жігіт жұлқынар тың іс тілеп,
Ешкім айтпас ондайды жымысқы деп.
Ер атына сай болмай жүргендер бар,
Сөз аңдыған ұры итше тіміскілеп.
Ұқпаса да сөз мәнін араласып,
Ұятқа қалып соңынан қара басып.
Сүрінгенді итеріп орға жығып,
Айыз қанып отырар "жара қасып".
Ақыл айтқыш әлсіздеу кішілерге,
Пайда үшін жақындап күштілерге.
Тура жолға ақылмен жұмсамаса,
Керегі не пайдасыз күштің ерге.
Күш көрсетсе әлсізді пайдаланып,
Ерлік одан шықпасы айдан анық.
Текті қазақ кешегі ұрпақтары,
Кеткені ме осынша майдаланып?
Еркін Оралбайұлы 3.08.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇