Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  191


Автор: Еркін Оралбайұлы

АРНАУ

 


 


(Марқұм Мадияр інімізге)


 


Есімізде сол күздің қарашасы,


Бізге түскен қайғы- мұң қара тасы.


Ауыр тиген белгілі болса дағы,


Жас-кәріге ажалдың қарамасы.


       


Жанға батқан екен ғой жара ащы,


Ажал екен тағдырға қара басшы.


Бұйрық келсе Алладан көнесің ғой,


Көмектеспес ешкімнің арашасы.


 


Өмір-өлім алмасқан ғасыр өтті,


Алла берген сынақ қып қасіретті.


Бір-ақ күнде қайғыға душар етіп,


Неге бізден бақытты қашық етті?


       


Бақыт емес бұл ажал, ол құс басқа,


Жан ауыртар ұрғандай оқыс тасқа.


Бауырымыз фәниден ерте кеттің,


Орда бұзар толғанда отыз жасқа.


 


Құлағандай өмірдің сәні құзға,


Татып ащы өмірдің дәмі тұзға.


Сені бізден неге Алла ерте алды?


Сеуіп біздің қайғы уын жанымызға.


       


Сумен шайып жатқандай жағаңды құм,


Жұбата алар бауырсыз ағаңды кім.


Ерте алып баласын бұл сұм ажал,


Бір-ақ күнде қартайтты ананы мұң.


 


Күйрегендей отауда жасыл бағың,


Қала берді еңіреп асыл жарың.


Жанымызға бәрінен қатты батты,


Жылағанда әкем деп қос ұларың.


       


Басқа түссе қайғы-мұң, бақыт жеңші,


Ұзақ өмір адамға бақ қып берші.


Өтсе де он жыл арада ұмытылмас,


Бәріне де деген рас уақыт емші.


 


Батырғандай жаныңа сұға бізді,


Қаусыратып кетті ғой жыға бізді.


Құран оқып, еске алып отырамыз,


Қабыл етсін деп Алла дұғамызды.


       


Ақыретте жарық боп қара түнің,


Періште алсын астына қанатының.


Қабыл болып дұғалар орын тисін,


Қақ төрінен фердоуси жанатының.


 


Еркін Оралбайұлы 24.12.2018




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу