Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.02.2025
59
КӨҢІЛСІЗДІК
Көңіл жоқ, күнінен бе күздің салқын?
Жүруші ем кеше ғана емен жарқын.
Сезіммен көңілсіздік бойды жайлап,
Жүргендеймін ұға алмай өмір парқын.
Бəрі бар бір адамға керек заттың.
Онда мен, сары уайымға неге баттым?
Денім сау, заман тыныш, бəрі түгел,
Неліктен өмір дәмі кермек таттың?
Бір зат бар ішті жеген жегі құрттай,
Біржола тынбайтындай мені құртпай.
Кей кезде ойға батып жатып қалам,
Тұншығып қалғандай бір демім шықпай.
Өмірдің қызығы жоқ секілденіп,
Қайғыға тұрғаным жоқ мен тіленіп.
Ұмытайын бəрін деп, тырыссам да,
Қайтадан келіп басар екіленіп.
Болды әдет жүрек сыздап күрсінетін,
Іш жылап, мейлі, өтірік күлсін бетім.
Білгендей енді ғана өмір мəнін,
Бұрын мен көңіл бөлмей түсінбеппін.
Еркін Оралбайұлы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter