Өлеңдер ✍️
МӨДЕ ХАННЫҢ "ЖАНДЫ ЖЕРІ"
Дəуірлеген заманында ғұндардың,
Биік болған кезі намыс, құн-ардың.
Шұрайлы да жерің болса кең байтақ,
Əдеті ғой сырт жауларың құмар тым.
Ел билеген жас патшасы - Мөде хан,
Жарасатын тақта отырса төрде паң.
Өзі батыр, ақыл асқан патша екен,
Кіргізбеген ел шетіне бөгде жан.
***** *****
Жас та болса, ақыл толған кезі пісіп,
Даңқы қанша болса да, сөзі кішік.
Жауламақшы болыпты ғұндар жерін,
Дунь Ху елі патшасының көзі түсіп.
Ол да мықты патша екен əйгілі тым,
Соғыс ашар көршіге жəй күні кім?
Аттандырып елшісін, сылтау етіп,
Сұратыпты Мөде хан сəйгүлігін.
Қалай берсін жүйрігін тақымға шақ,
Уəзірлерін жинапты ақылға сап.
-Депті олар бір ауыздан, атты берсек,
Қорыққандай болармыз мақұлдасақ.
Баға берсең бұл жайтқа сырттай пішін,
Елді сақтап, соғысқа құртпай күшін.
Мөде айтыпты берейік сұрағанын,
Соғыс қылмай елімізде бір тай үшін.
Орындалмай арманы ел шаппақшы,
Жанға тиер амалды қу таппақшы.
Сұратыпты Мөденің жас əйелін,
Жанды жерге тидім деп Ху патшасы.
Əйел берер дұшпанға құл болдық па?
Депті билер көнбейміз бұл қорлыққа.
Бұйрықты бер хан ием, бізді баста,
Намыс үшін дайын деп Ғұн жорыққа.
Шын разымын барына сендер менде.
Шайқас болса бізге жау тең келген бе.
Әдемі əйел құрбандық елім үшін,
Түсірмейік ел жұртты сергелдеңге.
Соны айтып Мөде хан түнеріпті,
Хан екенін көрсетті жігер мықты.
Елі үшін жақсы көрген хас сұлуын,
Өз қолымен жауына жіберіпті.
Ху патшасы мұнымен тоқтамапты,
Бір амалды тағы да жоқта тапты.
Жақын жатқан тақырды шекараға,
Мөде ханға берсін деп қолқа сапты.
Мөде тағы шақырды даналарын,
Өңкей білгір жиналды дара дарын.
Біледі екен бәрі де ол тақырды,
Шөп өспейтін суы жоқ дала барын.
Келісейік депті сонда қоралы көп,
Бейбіт бітер іс екен оралы кеп.
Қиналмай-ақ беруге болар депті,
Жатқан жер ғой пайдасыз құнары жоқ,
Мұны естіп Мөде хан ашуланды,
Ыза кернеп кеудесін жас ұланды.
Көне берер сөзіне біз оларға,
Жетектегі ит пе едік асыранды.
Алмайтындай тереңнен балықты, үкі,
Мына сөз бас істемес, шалықтікі.
Ат пен қызды бергенім, өзімдікі,
Жер бермеймін себебі ол халықтікі.
Мөде айтты келіспе сорға басып,
Туған жерді қаныңды қорға шашып.
Тақыр жерді берейік дегендерді,
Жазалапты Мөде хан дарға асып.
Кіл батырды ер жүрек қасына алып,
Қаруланып қоржынға асын салып.
Жеңіспенен еліне оралыпты,
Патшасының Ху елі басын алып.
Мағынасын түсінсең түйіп ойдан,
Кетеді екен намысты күйік бойдан.
Сол заманнан қазағым барлығынан,
Туған жерін, Отанын биік қойған.
Жортуылға тұлпарын ер баптаған,
Алысумен жауымен тер қатпаған.
Қанша қиын кер заман туса- дағы,
Атам қазақ ешқашан жер сатпаған.
Ұрпағына қалдырған кең тарапты,
Жерді анамен қадірлеп тең санапты.
Жерсіз қазақ ешқашан қазақ болмас,
Домбырадай күй шықпас кем шанақты.
Кейбірі жүр аздап жер сатамыз деп,
Осылайша байлыққа батамыз деп.
Уақыт созған түрі ме, мораторий?
Жария етті несіне атамыз кеп.
Жерді қорғар шын батыр елім десе,
Нағыз жігіт атаның кегін жесе.
Масқара ғой, бабалар аманатын,
Ұрпақтары шүршітке тегін берсе.
Патша қойса басынан, елін биік,
Жер кетпесін әркімге тегін тиіп.
Береміз деп уақытша, бөтенге жер,
Палестина жүрмейік кебін киіп.
ЕркінОралбайұлы 7.06.2018.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇