Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  163


Автор: Жібек Ысқақова

АҚ ҰЛПА СЕЗІМ

Ақ ұлпа қар жауып тұр жапалақтап,
Көңіліме кіршіксіз сезім сыйлап.
Қарап тұрмын аққанат аппақ қарға,
Балалық шақ, балдаурен кезімді ойлап.
Көз алдыма келеді бала күнім,
Аппақ қардың астында ойнақтаған.
Бұл өмірдің сезінбей ащы тұсын,
Мұздарына сырғанап, тайғақтаған.
Жан дүнием нұрланып аппақ қармен,
Қиялымда қалқиды бала күнім.
Жауған ақ қар сездірмей ашуын бір,
Күлімсіреп қарайды маған бүгін.
Қарды алдым қолыма ақ маржандай,
Жалт-жұлт еткен бейнесі қызықтырып.
Қар жауып тұр басымнан нұр боп құйып,
Күйбең тірлік, өмірді ұмыттырып.
Ақ мамық боп сүйеді бетімнен кеп,
Балғын сәтті сездіріп бала күнгі.
Аппақ қармен бұл жаным жаңарып тұр,
Қарсы алғандай ызғарсыз жаңа күнді.
Қар астында тұрмын мен жұмып көзді,
Тылсым күшті сезгендей ырғатылып.
Айналамын еріксіз жас баладай,
Жан дүниемде қуаттар үн қатылып.
Тыңдағандай ақ ұлпа сырымды іштен,
Мейірімге бөлейді көрік беріп.
Әкем қарап тұрғандай демеу болып,
Сездіреді бармын деп жақын келіп.
 Әкем келіп сыбырлап сөз айтады,
— Тоңып қалма қызым, — деп, «Тоңып қалма!»
Аязына өмірдің, суығына,
Дейді әкем: — Гүлдей боп солып қалма!
Жан-жағыма қарадым көзімді ашып,
Әкемді іздеп, көз салып айналама.
Сөйтсем жаңа көргенім қиял екен,
Айналдырған бір мезет жай балаға.
Сенім берді Әкемнің айтқан сөзі,
Қиялымда болса да, кезіккендей.
Жанарыма мөлтілдеп жас тығылды,
Ыстық демі ызғарды еріткендей.
Аппақ қармен тербеліп тұрдым тағы,
Бұл өмірдің сезініп жылы лебін.
Биік ұштым сеніммен қанаттанып,
Шуақ шашып, орналып көңілде күн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу