Эсселер ✍️
Менің кәсіби жолым. Абирова Салтанат Кабылхановна.
Адамзат баласы ата-ананың тәлім-тәрбиесін алғаннан кейінгі білімі білім ордасында жалғасатыны сөзсіз. Кез келген білім ордасынан өзіне не қажеттінің, яғни келешек өміріне не керектісін таңдап, өз кәсібінің майталманы болуға бастама жол ашып, оны белгілі бір білімімен, ынта-жігерімен, талап-тілегімен жалғастырады. Бұл орайда оның болашақ мамандығына деген жауапкершілігі мен құштарлығы тең түсіп, өзіндік “мені”, “толық адам” тұлғасы жетіледі. Әлеуметте өзіндік әлеуеті қалыптасып, жеке тұлға ретінде дами түседі. Осы орайда оған туа біткен таланты мен жүре пайда болған дарыны көмекке келеді. Атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған бойындағы бар жиған-тергенін, ізденіспен тапқанын, “білмекке құштарлықпен” есінде қалғанын барлығын келесі өмір белесіне, өзінің шығармашылық немесе кәсіби шыңдалу жолына арнайды. Сол сәтте не қажет болады деп ойлайсыз?
Жүректен шыққан тілек пен тұла бойыңа жүре бітіп пайда болған бар ізгілікті жинақтауда әр адамның көрген, білгені болса, кейбірінің өзіндік тәжірибесі жинақталатыны айғақ. Сол тәжірибе кәсіби даму жолына әкеледі. Кәсіби жолдың даңғыл болуын кәсіби шеберлігімен өрнектей білген жан ғана озық етіп жасай алады. Ол көбінесе “ізденген жетер мұратқа” деген ұстаныммен жүзеге асады және өміршең болады.
Қазақтың Бас ақыны Абай Құнанбайұлының қарасөзінде айтылған оймен ұштасып жататын кәсіби жолыммен мақтанамын, ол: “адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды, ол көріп, естіп, анау не, мынау не деп бағамдап, оған жан-жағын танып, айналасына зер салып, ден қойғанында барып ес кіреді”. Міне, бұл менің кәсіби жолымның ұстанымы десем артық болмас. Олай дейтінім, өзім қаншама жылдар бойы үлгі алып, өміріме де, қызметіме де негіздеп жүретін тірек сөздер, ұстаным болатыны менің кәсіби жолымның қайнарлары. Кәсіби жолымды мынадай айдарлармен белгілегім келеді:
Бастамасы: “Асқақ арман”
Жалғасы: “Ізденіс пен ізгілік”
Бүгінгі күн: “Шығармашылық шыңдалу”
Күтілетін нәтиже: “Ұстаздықтың ұлы жолы”
Менің кәсіби жолымда, нақылмен жеткізсем, “Тәуекел түбі жел қайық, мінерсің де өтерсің”, “Хан әділ, қарашы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді”, “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!”, “Адамның басы - Алланың добы” деген сияқты сөздер ел қатарлы егеменді еліме қызмет еңбек етуімде және кәсіби жолымда да кездесті.
Алдыңдағы шәкірт қауымының өзің ұйтқы боп отырған пәнге деген қызығушылығы, пәннен алатын білімін өміріне жарата білуі, сол пәнге деген қызығушылығын өмірмен байланыстыра алуы, шығармашылыққа баулуға көнуі, оның нәтижесінде марапат пен мадақтамаға ие болып, ұстазына зор ілтипатпен сенуі, бәрі-бәрі де менің кәсіби шыңдалуыма үлкен ықпал ететін күнделікті болып жатқан құбылыс. Осы бір білім көкжиегіндегі құбылыстың тылсымына шомып, әр баланың көңілін “екінші ана" болып аңдай білетінім үшін қуанамын, шәкірттеріме зор ризашылығымды білдіремін!
К - Кәсібіңді меңгергенің ол сенің!
Ә - Әр жылдарда табылатын бар сенім!
С - Сындарлы оқып, сыни ойлап үнемі!
І - Ізбасарың көргендей құнын нәрсенің!
Б - Білім, білік, дағдыны алып бағытқа!
И - Инновация міндетті екенін ұмытпа!
Ж - Жарқын елге жарқын білім сыйлайтын!
О - Олжаң бар ғой, қолыңда, "басқаға" құнықпа!
Л - Лайық сендік мәртебеңе “бөтен”, әсте, жуытпа!
Бүгінгі таңда, өз ісінің шебері деген тіркес неғұрлым көп айтылса, соғұрлым мұғалім еңбегіне деген қойылатын талап та жоғарылап келеді! Қуантатыны, осынау өз мамандығының жолында адамдығымен, адами болмысымен ғана кәсіби шыңдалу жолына түсіп, оның “майын ішетін” майталмандар жасап келеді, жасай берсін дегім келеді! Солардың ішіндегі озық қатардан көріну - менің кәсіби жолымның арманы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter