Өлеңдер ✍️

  23.03.2024
  227


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Жамбыл баба

Сүйінбайдай атасының
Құдіреті болар, бәлкім,
Қасиетті батасының
Құдіреті болар, бәлкім,
Шындықты айтып жастайынан
Патшадан да тайсалмаған,
Сөзі қара тасты айырған
Жамбыл бабам – қайсар бабам.
Жұртты қысып түнергенді
Байлығымен, күшпен өктем,
Асып-тасып шіренгенді
Жырмен түйреп бүкшеңдеткен.
Қандай ғана жан шыдасын,
Екпініне жыр саулаған.
Айтысқанда қарсыласын
Құрыш жырмен құрсаулаған.
Қан ішуге құмар болған
Фашистермен шайқасқанда,
Жамбыл аты ұран болған
Қырандарға айқасқанда.
Жамбыл ата жырларының
Қуатымен алға атылған.
Саны артып құрбанының,
Жау айрылған қайратынан...
Сен шайқастың бастан бәрін
Өткізбеген жай баласын.
Ал оқысаң дастандарын,
Қас батырға айналасың.
Оқи берсең зеңгір көктен
Түгел көрер айналасын,
Қасиетін ел жыр еткен
Қыран құсқа айналасың.
Жұрттың сөзін қош көрмейтін
Ұнатпайтын жан баласын,
Қаскөйге де
Дес бермейтін
Қас шешенге айналасың.
Айтқанынан түк қалдырма,
Түгел оқып шыққаныңда,
Бәрі-бәрін ұққаныңда,
Үлгі-өнеге тұтқаныңда,
Ел тарихы білгіріне –
Сұңқарына айналасың.
Тұтқа болар бірлігіне
Ұрпағына айналасың.
102 103
Еліміздің аспанындай,
Нұрын шашып шығар күні –
Даналықтың бастауындай
Жамбыл ата – жыр алыбы.
Көп сырлассаң алыппенен
Алға жайып арманыңды
Аңғармайсың халықпенен
Бір тұтас боп қалғаныңды.
Жамбыл:
– Жамбыл – жай атым, – деп,
Халық – менің шын атым, – деп,
Айтса, тәлім алатын тек
Үлгі емес пе ұғатын көп.
Халық ұлы, халық – қуат,
Мұнан асқан қуат бар ма?!
Халық болу алып мұрат,
Мұнан асқан мұрат бар ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу