Тақпақтар ✍️
Тақпақтар ✍️
23.03.2024
166
Айналам
Ғажап неткен тау, дала,
Нұрын төксе күн көктен.
Ғажап біздің аула да,
Сәби біткен гүл-көктем.
Қызғалдақтар қыратта
Желбірейді алаудай.
Сыңғыр қаққан бұлаққа
Қараймын көз ала алмай.
Сырласқандай маңаймен,
Шаттанамын, қуанам.
Мұндай сәтте
Қалай мен
Әсерленбей тұра алам?!
Бір іске таң қалам ба,
Бір ғажапты көрем бе –
Дауыл ұйытқып санамда
Айналады өлеңге.
Бара қалсам көлге де
Қызықтарды көрем көп.
Бар әсерім кеудеме
Құйылады өлең боп.
Орманда да
Маңыма
Қарай берем елеңдеп.
Қызыққаным тағы да
Төгіледі өлең боп.
Бұлбұлға да сайраған
Сүйсінемін жыр арнап.
Байқап жүрмін,
Айналам
Мені ақын ғып шығармақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇