Өлеңдер ✍️

  05.09.2023
  63


Автор: Шөмішбай Сариев

Теңізде де шөлдедім

Арал – теңіз! Айналасы шөл дала,
Қорғанышы – үлкен-кіші көл ғана.
Жалаңаяқ теңіз кештім жас кезде,
Бала шақтан құмын кештім толғана.
Жұлдыздармен, толқындармен тілдесіп,
Қиялыммен ақша бұлтпен бір көшіп,
Кеме айдап, теңізде де шөлдедім,
Мен шөлдедім нарын құмда құм кешіп.
Теңізде де сабыры мол, төзім нар,
Теңіз үсті бір ғажайып сезім-бал.
Теңізде де аптабы мол ащы су,
Аңқам кеуіп, су іздеген кезім бар.
Мен үйрендім, теңіз-толқын шуға да,
Бала кезден сапар кештім құмда да.
Теңіз үсті шалқар айдын болса да
Бір тамшы су іңкәр болдым суға да!
Жұлдыз жауған ымырты мен бесінде
Туған өлкем тал түсі мен кешінде.
Теңіз бенен құмды өлкеде шөлдеумен,
Аңқам кеуіп шөлдегенім есімде.
Толқын атып бұрқанатын көзімде,
Ие болып бірқанатын сенімге,
Сол бір шөлде арманым да бар еді
Сол бір шөлмен сапар кештім өмірге!
Аққу құс пен шағала еді көргенім,
Қабыл алып бір Құдайдың бергенін,
Өлең, сенің өзеніңде шомылып
Өлең, сенің бұлағыңа шөлдедім.
Тағдыр жазса не болғанын көрем мен,
Теңіз болып тартам ойды тереңнен.
Бір жыл емес, бір ғасырлық шөлімді,
Бассам басам, бір ғана бір, өлеңмен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу