Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  161


Автор: Серікбай Оспанов

Көрдім көктемді

Жанға нұр құйған,


Қырда қылтиған,


Желмен ырғалған,


Жауқазындардан


Көрдім көктемді.


 


Тұтам тұлымнан,


Қунақ құлыннан,


Құнттай кекілден,


Ойнап секірген


Көрдім көктемді.


 


Шуақ жылытқан,


Жасыл шыбықтан,


Бұтақ бүрінен,


Ағаш гүлінен


Көрдім көктемді.


Шыңнан, қиядан,


Құйттай ұядан,


Бұлақ, көлдерден,


Елге өң берген


Көрдім көктемді.


 


Алып ерікті,


Беріп желікті,


Қыздай көрікті


Көктем келіпті,


Көрдім көктемді.


 


Бояп бөктерді,


Салып көп белгі,


Қызыл-жасыл боп,


Қырға шашылды от.


Көрдім көктемді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу