31.03.2023
  110


Автор: Лашын Әзімжанова

Білікті, жалынды мұғалім бола білді

 


… Мұқағали уақытты босқа өткізбей, орысша-қазақша сөздіктер тауып келіп, сөздіктер арқылы орысша білуге ден қойды. Көп қиналатын, сонда да оқудан жалықпады. Ара-арасында өлеңдерін жазып қояды. Алғаш өлеңдерін оқысаң, ұяла ма, қызғана ма, жаратпайтын. Сондықтан біз өлеңдерін көрсетпей оқып, жымын білдірмей, орнына қайта қоямыз… Қарасазда үлкен ­по­чта бар. Мұқағали осы почта арқылы «Тамаша адамдар өмірі» сериясындағы кітаптарға жазыла бастады. Орыс ақын-жазушыларынан А.С.Пушкинді, М.А.Шолоховты, Ф.В.Гладковты, А.Фадеевті, В.В.Маяковскийді, А.А.Сурковты, М.Горькийді, Л.Н.Толстойды, С.Есенинді, А.Блокты, К.А.Фединді, Л.М.Леоновты, И.Г.Эренбургті, А.Т.Твардовскийді т.б. алдырып оқып жүрді. Шетел әдебиетінен Бальзак, Ги де Мопассан, Джек Лондон, Гегель, Гейне, Гете, Дюма, Гюго, Байрон, Стендаль, Э.Понье т.б. шығармалары келіп жатты. Шекспирді, Бальзакты қатты ұнатты. Мұқағалидың алғырлығы, зеректігі сондай – ұлы ақын-жазушыларды оқығанда бірден түсініп, бізге де қазақшаға аударып айтып беретін. Әсіресе Пушкинді, Есенинді, Блокты өте жақсы көрді.


Кейде Чехов кейіпкерлері болып ойнап, қырық құбылғанда артистік қабілетіне таңданамыз. Семьямызбен қарық болып күлкіге кенелеміз. Мұқағали сабақ бергенде де оқушыларды қатты еліктіріп, жоспарын жеңіл түсіндіретін. Оны оқушылар өте жақсы көрді. Мұғалім болғанда да жай мұғалім емес, оқушыларды өзіне тарта білетін, әртүрлі әдістерді пайдалана білетін білікті, жалынды мұғалім еді. Жалпы, Мұқағали қайда жұмыс істесе де, өзіне сөз келтірмей, сенімді ақтай білетін адам еді…



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу