Өлеңдер ✍️

  11.10.2022
  485


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Өзімді таныстыру

Аузымменен сурет салып, атқа мінем,
200 елдің астанасын жатқа білем.
Шахмат, дойбы айқас тақтасында
Жеңіс үшін нақ жүрем, нақпа жүрем.


Қатарыммен әліппені ашпасам да,
Төрт амалға қиналам несіне мен.


Қиналғанда құдайым шабыт беріп,
Өлеңді қыл арқанша есіп өрем.
«Жігітке жеті өнер де аз» деген ғой,


Бойыма сыйғанынша көсілер ем.
Әттең-ай, аяғымнан бір тұрғызса,
Тағдырдың бар иттігін кешірер ем.
«Жарым болса екен» деп қиялдаймын,
Шай беретін көңілдің хошыменен.
Таласып менің құйттай бақытыма,
Тағдырым не сұрайды осы менен?
***
Қиындық, сынамаққа маған келген,
Кім бар екен бұл жауды оңай жеңген.


Айқаспай-ақ ұтылсам атыма ұят,


Айналамда қалың жұрт, мына елден.
Кел, қиындық, екеуміз айқасайық!
Тәуекел деп белбеуді шештім белден.
***
Бұл тағдыр мені өмірге қамшылатқан,
Күнімнен көп күйіндім хал сұратқан.
Өз күшіммен жетістікке жеткенімде,


Еріксіз көзден жасым тамшып аққан.


Дүние, неткен қатал, жауыз едің,


Дұшпанға күлкі қылып жаншылатқан.
Бұл ғұмыр тірі жанға ортақ білем,


Байыңды да іштен шалып, қан жылатқан.


Қыл арқанды мойнымда шірітпеймін,
Үмітім бар бір жанбақ шамшырақтан!
***
Тоқтығы мол болады адал астың,


Қамына қарамаспын қара бастың,
Жығылған тіреу болса бойын түзер,
Жылаған ер жігітке жарамас тым.
Өмір – орман, адасқан жылап өтер,


Бақыттың бал тамшысын қаламас кім.
Өзгелер екі аяқпен шаршап жүрсе,
Жібек жолға жырыммен қадам бастым,
Көрпемнің келтелігін көріп тұрып,
Өмірге кең пейілмен араластым.
***
Шырын сөздің дәмін тат, кепкен қақтай,


Қатты айтсам ауыр тиед кетпен саптай.
Көңіл шіркін көгереді көктем бақтай,
Тағдыр мені құлатты тепкен аттай.


Рухым, тұрып қалма қатқан шақтай,


Ойым ұшқыр дүркіреп шапқан аттай.
Жырыммен қыздырамын жаққан оттай,


Қуаттансам қадаламын атқан оқтай.
***
Қанатым қысқа, ұшпаймын, көктен төнбеймін,


Бірақ қапасқа қамағаныңа көнбеймін.
«Өктемдігің өзіңе!» – деймін өмірге,


Бықсыған шала емеспін, жанбай сөнбеймін!


Қан жалаған қасқырдай
Өз жарамды емдеймін.
Талаптанбасаң түк те жоқ,
Көктен түскенге сенбеймін.
Тағдырдың жасаған қатесін
Күшім барда жөндеймін.
Теңімді таппай келемін,


Құдай бұйыртса теңдеймін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу