Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  202


Автор: Нұржан Наушабаев

СЕГІЗІНШІ НАЗЫМ

Әй, көңілім, сабыр ойла,
Әрбір істің артын ойла.
Өткен іске өкінгенмен,
Ешбір пайда табылмас.
Қаламымды қолға алып,
Іштегі дертті қозғалтып,
Бір ғибрат сөз бастайын,
Жатудан пайда табылмас.
Сөзден түйін байлайтұғын,
Сандуғашша сайрайтұғын,
Мысалы артта қалатұғын,
Үлгілі шешен табылмас.
Білекті найза қолға ұстаған,
Неше мың сан қол бастаған,
Жұртына қорған болатұғын,
Ондай ерлер табылмас.
Жұртына пайда тигізетін,
Нөкерін сайлап ергізетін,
Қара қылды қақ жарып,
Ғаділдігін білгізетін,
Ондай жігіт табылмас!
Неше түскен жарысқа,
Дабысы кеткен алысқа,
Қиядан шауып шығатын,
Елге келген намысқа,
Мұндай ұлан табылмас!
Топқа салса белгілі,
Қисық жерде ерлігі
Жетіп тұрған ер аз ғой,
Жұртына тегіс тірлігі.
Іздесек те табылмас!
Бір ауызға қараған,
Сөзі бір жерден тараған,
Бір адамды басшы қып
Жүрген халық табылмас.
Құлақ естіп, көз көрген,
Шыға бермес көп жерден,
Өзіңнен бұрын ұмтылып,
Өлімді жерде бас берген,
Қымбатты жолдас табылмас!
Ақылға дария сөз кені,
Дүнияға мәшһүр білгені,
Дұға тиіп, бақ қонған,
Әдеп пен үлгі – жүргені,
Некен-саяқ болмаса,
Бұрынғы баба қалыбы
Бұл заманда табылмас!
Шалғыны тұрған желкілдеп,
Арқаның шалқар көлдері-ай!
Жағалай келіп қонатын
Сауық салып елдері-ай!
Қызығың енді табылмас!
Емізікті қара сабаны
Күрсілдетіп пістірген,
Әріпті сары сахармен
Сапырып қымыз іштірген,
Желкілдеген көк шалғын,
Тай-құнанды өстірген,
Қайғысыз өскен қызықпен
Қатын-бала ес білген,
Тамаша заман табылмас!
Алаш еді ұранымыз,
Дін-ислам құранымыз,
Дүния-ақирет жайынан
Қолда жоқ еш құралымыз.
Атақоныс кетті қолдан,
Бұған бар ма қыларымыз?!
Бір штаннан басқаға
Болмады ғой құмарымыз.
Қайғырған пенде табылмас!
Бастан сөзді асырмаймыз,
Ұйқыдан көзді аша алмаймыз.
Бишара Алаш баласы,
Өнерлі халыққа қосылмаймыз.
Өлсек-тағы қауіп етіп,
Еш нәрседен қысылмаймыз.
Оянған пенде табылмас!
Жанына өлшеп балаған,
Бес Қыпшаққа қараған
Үй, Тоғызақ , Әйет пен
Орман, ағаш, неше көл
Тобылменен арада
Жұртты жаман болдырды,
Ит абалап қабаған.
Қара қазан, сар баланың
Бір адам жоқ бұл жұртта
Қамын ойлап жылаған.
«Барар жер, басар тауым жоқ»,
Деген мақал кез болды,
Бір қауызға қамаған,
Кеңшілік заман табылмас!
Алашты алды, жерді алды,
Енді алмаған нең қалды?
Бұрынғы хан, би болғандар
Наград, шенге алданды.
Бұл күнде білем дегендер
Штатпенен болған-ды.
Фәтуа жоқ, бірлік жоқ,
Бірлік болмай тірлік жоқ,
Ойламай қазақ қалған-ды.
Әл-фара қиқу құйтырқы,
Дүние жүзі саралы.
Жайлау, қыстау, жерді алып,
Көңілді қылды жаралы.
Ұйықтама, оян, Алашым!
Қолыңда жоқ заманның
Амал қылар құралы.
Құйрық, қанат кесілді,
Қайтып бізге келер деп,
Ойламаңдар әрқалай,
Менімен тұрса жарады.
Орындалған бір іс жоқ,
Көп шығар бізге бұл әлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу