Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз...


Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін! Мағжан ақын осылай жырлап еді. Биыл – Жастар жылы. Жас ғалымдардың еңбегі еленіп, өнері бағаланып жатыр ма? Ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақтың мықты - мықты ғалымдарының көбі күнкөрістің қамымен «Базар» жағалап кетті. Нарыққа «көндіге» алмағандары шекара асып, шетелді сағалады. Оған да «жарамағандар» тиын - тебенге телбіреп қалды. Содан болар, қазақ ғылымының жайы кетіп, «жетім қыздың» күйін кешті. Ол қиындықтар да артта қалып, ел тұрмысы түзеле бастады. Нарыққа да «бой үйреттік». Ендігі мақсат – ғылымның көшін ілгерілету. Үкімет «өзге елдің жастарын» елге шақырып, ғылымның дамуына мүмкіндік жасағысы келеді. Дұрыс ақ делік. Дәл сондай білікті, білімді жасқа қолдау бар ма? «Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз, Сізге ғылым кім берер, Жанбай жатып сөнсеңіз? Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз»- дейді хакім Абай. Сонымын, біздегі ғылымның жайы қандай? Бүгінгі талқы – осы.
Ғылымға бетбұрыс жасау керек
Белгілі академик Мұхтарбай Өтелбаев шетел ғалымдарын әкелгенді жөн санайды. Оның пікірінше: «Америкалықтар тәрізді шетел ғылымдарын әкелгеніміз жөн. Бірақ нақты тексерістен өткізу керек. Ағылшын тілін жақсы білгенмен, ғылымды нақты игере алмаса не керегі бар? Ақшаны аямай, нағыз мықтыларын алып келсек, бізгеде көмек болар еді. Бірақ осындай да бір сұрақ туады? Шетелдіктер жайғасып болып, ары қарай жұмысын жандандыра бастайды. Сонда, еліміздегі талантты жастар өспей қалмай ма? Мысалы, Араб елдері – өте бай ел. Солай болғанымен ғылымын дамыта алмай жатыр. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Себебі, шетелден жұмысын нақты білетін маман тарта алмаған. Әкелгендері ісінің білгірі болмай шықты. Жапонияда ғылым XIX ғасырдан бастап тоқтаусыз дамыды. Нәтижесінде, Жапония - әлемдік стандарттарға сәйкес дамыған мемлекет. Оңтүстік Корея болса, соңғы 50 - 60 жыл ішінде етек - жеңін жинап алды. Аталғандар – өз іштерінде тәжірибе алмасып, ішкі процесті икемге келтіргендер. Елімізде де осындай өзгеріс болғанын қалаймын. Қазір бізге ғылымға бетбұрыс жасау керек. Ғалымдарды көбейту керек деген желеумен псевдо – ғалымдарды көбейтіп алдық. Олардың пайдасына зияны көп. Жастарды өсіру үшін ғылыми - зерттеу институттары керек. Дарынды жасты көрісімен жағдай жасауға ұмтылу қажет. Елімізде ғалымға ақша аз бөлінеді. Сондықтан да жастардың ғылымға көзқарасы екіұшты. Мысалы, жылда дарынды жастарға арналған олимпиада өткізіледі. Соның ішіндегі математиканы алып қарайық. Қатысқандардың ішінде кем дегенде 20 - 30 оқушының математик екені көрініп тұрады. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Бірақ олар мектепті бітіре салысымен «шетелден оқимыз» дейді де, кетіп қалады. Жартысынан көбі шетелде қалып қояды. Осыған қарсы шара ұйымдастыру керек. Сол дарындылардың біразы Google және тағы басқа платформаларда істейді. Мемлекет жолын тапса, жастар келеді. Мысалы, Google - да істейтін жасқа «елде филиалын ашайық, сен өзіңе де, еліңе де көмектес» десе, құба - құп емес пе? Біздің экономикада да түрлі өзгеріс болатын еді» дейді.
«Жарамай» қалған ғалымдар келеді
Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов: «Шетелдің білім деңгейін терең зерттеген адаммын. Білім министрі болып жүргенімде Американың, Францияның, Германияның білім беру саласын, оның тәсілдерін терең зерттедім. Шетелден ғалымдарды шақырып, тұрақты жұмыс беруге қарсымын. Шетелден маманды қай уақытта шақыру керек? Егер біздің шешілмей жатқан проблемамыз болса, оны шешуге біздің ғалымдардың жағдайы жетпей жатса, шықыруға болады. Кеңес алуға, тәжірибе жинауға шақыруға болады. Белгілі бір мәселенің түйіні тарқаған соң, еліне қайтару қажет. Бізге келіп жұмыс істеуге шетелдік мықты мамандар келіспейді. 3 - разрядтағы, ештеңеге жарамай қалған немесе енді - енді бастап жүрген маман ғана келеді. Өйткені қанша жалақы төлегенімізбен, шетел беретін ақшаны бере алмаймыз. Мысалы, ол жақта профессорлардың айлығы – 10 мың доллар. Кім оларға 10 мың доллар береді? Бізге Британ университетінен мамандар келіп жүрді. Олар – ешнәрсеге «жарамай» қалған ғалымдар. Өз елінде оларды ғалым екенін ешкім білмейді. Бірақ біздікілер шақырғасын келеді. Келеді, жүреді, жоғары жалақы алады, курортқа келгендей демалып қайтады. Тер төгіп, жанын салып жұмыс істемейді. Сондықтан біз өз мамандарымызды тәрбиелеуіміз керек. Қажетті деңгейге өсірген соң, шетелге тәжірибе алмасуға жіберсек болады. Сонда ғана олар үлкен ғалымдарды, жақсы маманды көреді. Шетелдік көрнекті ғалымдар ешқашан біздің елге келмейді. Олардың өз елінде істейтін ісі жетіп артылады. Тиімдісі – жастар шетелге барып үйреніп, келгесін елімізді дамытуға күш салғаны» деген пікірді алға тартады.
Шетелде жүрген ғалым көп
Сүндет Кәрімов - «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген жас ғалымдардың бірі. Ол: «2010 жылы Қазақстандай ғылым кандидаты, ғылым докторы деген шықпайтын. Осыдан бастап 9 жыл өтсе де, Қазақстанда қанша ғылым кандидаты, ғылым докторы шетелде қорғады. Қазақстаннан шетелге кімдер кетті, елімізге қандай ғалымдар келді, бұл туралы ақпарат жоқтың қасы. Дамыған елдерде ғалымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 3 - 4 пайызын құрайды. Біздің елде жалпы ішкі өнімге шыққандағы көрсеткіш – 0, 01 - 0, 02 пайыз. Енді осы цифр елімізге келіп жұмыс істейтін ғалымдарға үлкен әсер етеді. Шетелден келетін маман, ең алдымен, ғылымды дамытамын деп келмейді. Ең бірінші «ақша табамын» деп келеді. «Тұрмыс жағдайымды түзеймін» деген мақсатта келеді. Бұл барлық елде солай. Міне, осыған қараған кезде Еуропа елдерінің ақшасы еуромен, Америкада доллар, біздің елде теңге деген сияқты критерийлер бар. Біздің елге келетін адам валюта көрсеткіштерін есептейді. Сөйтеді де, елге келу мүмкіндігі азаяды. Неге? Өйткені айлық еңбек жалақысы төмен. Қазақстан бойынша Ұлттық ғылым академиясының 24 академигі стипендия алады. Ал жалпы академиктер саны – 181. Мұның барлығы – елімізге келіп, жұмыс істеуге әсер ететін факторлар. Ғылым, білім саласында шетелден ғылыми дәрежесі бар мамандарды шақыртады. Оған министрлік емес, жоғары оқу орындары, болмаса ғылыми зерттеу институтының басшылары келісім негізінде жалақы төлейді. Ол дегеніміз – министрлік арқылы келісім жасағаннан, университет басшылығының келісім жасағаны тиімдірек. Неге? Өйткені қаржы мен жоспардың айласында жұмыс істейді. Жұмысының жағдайы не болары белгісіз. Ғылыми жұмысын кеңейте ме, әлде басқа нәрсе жасай ма, ол жағы қадағалауға алынбаған.
Ұлттық университеттерге, басқа да іргелі оқу орындарына келіп лекция оқитын кей ғалымдар – 3, 4 - разрядтағы, өз жерінде мойындалмаған кісілер. Әрине, оларға елімізге келген тиімді. Қазқстанда 9 ұлттық университет, жекеменшік ғылым академиялары бар. Университетте ғылыми дәрежесі бар маман ғана жұмыс істейді. Ұлттық университетте ғылым кандидаты дипломына 25 мың теңге төлейді. Ғылым докторына 38 - 40 мың теңге көлемінде төлейді. Одан артық ақша төленбейді. Бұл – еліміздегі сапалы кадрларға мемлекеттен айлығына қосылатын еңбекақы. Мысалы, әлемге әйгілі Еуропа, Америка университетінде аты шыққан ғалымдар өте көп. Ол жақта маманның еңбекақысы айға бөлінбейді. Бір жылға 1 миллион доллар дейді. Болмаса, 5 миллион доллар дейді. Соны олар жұмыс көрсеткішіне байланысты ай сайын бөліп алады. Мысалға, 1 миллион доллардың 12 айға бөлсек, 80 мың доллардан. Біздегі кей ғалымдар сол елге барып жұмыс істеп жүр. Бір ғана Сан - Франциско деген қалада жаратылыстану, техникалық сала бойынша 2 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Бұл жайында ақпарат құралдарында жарияланбайды. Елімізде 17 мыңнан астам ғылыми дәрежесі бар маман бар. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеймейді, қайта азаяды» дейді.
Өз әлеуметімізді пайдаланған жөн
Тәуелсіз сарапшы, химик Аятжан Ахметжанұлы «шетелден маман тарту» мәселесіне қарсы екенін айтады. «Дәл қазір бізге мұның қажеті жоқ. Себебі, өзіміздің потенциалымызды пайдалануымыз керек. Қаншама талантты жастарымыз шетелге келіп жатыр. Шетелде жұмыс істеп жүрген талантты жастарды елге қайтарудың амалын табуымыз қажет. Шетелден маман әкеліп жағдай жасағанша, елдегі жастарды көтеруге мүмкіндік қарастырған жөн. Тәуелсіздік алғаннан кейін елден кетіп қалған қаншама жас бар. «Болашақ» бағдарламасымен оқып, келмей қалғаны тағы бар. Бағдарлама болсын, басқа болсын, шетелде жүрген біраз талантты жастарымыз бар. Бұл мәселенің шығуы еңбек күші мен білікті кадр тапшылығына байланысты. Қатардағы компаниялардың өзінде талапқа сай келетін кадр аз. Мұның басты себебі – біздегі білім жүйесіндегі кемшіліктен деп ойлаймын. Себебі, сұранысқа ие маманды жетілдіріп шығатын жоғары оқу орындары болсын, мектеп болсын, әлі замана көшіне ілескен жоқ. ХХ ғасырдағы зертханалар, ХХ ғасырдағы ғылыми техникалық бұйымдар бар. Мұның бәрі жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік бермейді. Бұдан шығар жол – университет пен мектепті заманауи бағытқа көшіру. Университеттердің көпшілігінде тексеріс келгенде ғана ашылып жабылатын зерханалар бар. Шынына келгенде, ұлттық университеттердің өзінде химия, биология, бионженерия, ядролық физика зертханалары ХХI ғасырға өткен жоқ. Ең өкініштісі – осы», - дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Руслан Меделбек, журналист:
- Шетелде жұмыс істеп жүргеніммен Қазақстанға қызмет істеп жатырмын. Бірақ шетелде жұмыс істеп жүрген қаншама қазақ баласы бар. Олар Қазақстаннан жұмыс пен лайықты жалақты таппағаннан кейін шетелде жүр. Көбіне, Шығыс Еуропада жастар 500 мың теңге жалақы алады. Жергілікті жастар бұл жалақыны қанағат тұтпайды. Олар үшін бұл – өте аз. Сондықтан біразы Америка мен Англияға кетеді. Кетіп қалған кадрлардың орнын толтыру қажет. Кетіп қалған кадрлардың орнын толтыру қажет. Содан олар қазақ балаларын жұмысқа алады. Google - да және тағы басқа ірі компанияларда істейтін қазақ жастарын естіп жатамыз. Қазақстанға келетін шетелдіктерге лайықты жалақы төлеу керек. Олар кем дегенде 500 - 600 мың теңге, тіпті 1 миллион теңгеге келісіп келеді. Ешкім аз жалақыға келісе қоймайды.
Бекарыс Нұриманов, ғалым: - Cоңғы уақытта Қазақстандағы жас ғалымдарға жасалып жатқан жағдай жоқ емес. Қолдау білдіріп жатыр. Өзінің ғылыми жұмыстары мен жетістікке жете алмай жатқан, қанша ғылыми потенциалы болса, да қолдау таппай жатқандары бар. Сондықтан жағдай жасалып жатыр ма дегенде «иә», «жоқ», деп кесіп айту қиындау. Енді жақсы жағына назар аударып көрейікші. Магистратурада 10 күнге Германиядан ғылыми тағылымдамадан өтеуге бардым. Ол жақтағы ғылыми орталықтармен жақсы байланыса алдық. Әлі күнге дейін соның пайдасын көріп келе жатырмын. Докторантураның кезінде 3 ай Түркиядан ғылыми тағылымдамадан өттім. 3 айда кеткен қаражатты мемлекет көтеріп алды. Сондағы жастар маған таңғалды. Еліміздің осынша мүмкіндік жасағанына қызыға қарады. Соңғы уақытта министрлік жариялаған ғылыми жобаларды тексеретін ғалымдар құрамында 30 пайызы 35 - ке дейінгі жастар болсын деген талап қойып отыр. Демек, жастарға қолдау білдіріп отыр. Шетелде жас ғалымдарға жақсы жағдай жасайды. Олар оқу орнын бітіріп, докторлық диссертация қорғаймын дегенше біраз қиналады. Кейіннен университетке орналасқанда жалақы мәселесі, ғылыми жаңалықтарына еңбекақысы мардымды болады. Олармен салыстырғанда біздегі ғалымдардың айлығы аз.
Қазақта өнертапқыш, білімді жастар көп. Олардың әрқайсысының ғылымның дамуына, әлеуетін арттыруға мүмкіндігі бар. «Өлеңге әркімнің - ақ бар таласы». Ғылымға да солай. Инновациялық экономиканың даму күші неде? Әрине, ғылымда. Кәсіби кадр болмаса, ғылым құрдымға кетеді. Ғылыми құлдыраған елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы бір адым алға баспайды. Ұлттық мүдде дегеніміз не? Өзге елдің ғылымына емес, өз ғалымымызға жағдай жасау. «Алтын бастарға» мүмкіндік беру. Елдің ғылыми әлеуетін көтеру. Назарбаев университеті - халықаралық дәрежедегі университет. «Осы университет арқылы өз ғалымдарымыздың шетелдік ғалымдармен бірлескен жобаларын жүзеге асырсақ ұтылмаймыз» дейді отандық ғалымдар. Дәл қазір бізге тиімдісі де осы болар, мүмкін. Бастысы, ұлттық ғылымды өркендетуге ұтылмағанымыз.


Источник: bilimdiler.kz
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
---



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
Пікір жазу