Ленинмен және Сталинмен келіссөз жүргізген


Елiмiздiң ертеңi, ұлттың болашағы үшiн бойындағы бар күш-жiгерiн сарқа жұмсап, өз өмiрiн құрбан еткен Алаш азаматтары қаншама. Саяси қуғын-сүргiнге ұшырап, адам төзгiсiз азаптарды көрiп, ақыры атылып кеткен ардақтылардың бiрi Жаһанша Досмұхамедов едi.



 
Жаһанша Досмұхамедов 1887 жылы қазiргi Батыс Қазақстан облысында (Орал уезi, Жымпиты ауданы) дүниеге келген. Жаһанша алдымен Орал әскери реальдық училищесiнде оқыған. Бiр жылдан кейiн Орал облысының стипендиаты ретiнде Мәскеу университетiнiң заң факультетiне түскен. Аталмыш жоғары оқу орнын Досмұхамедов 1910 жылы үздiк тәмамдады. 1914 жылы Том округтiк сотында прокурордың орынбасары қызметiн атқарған. Оралдық тарихшы әрi заңгер Равиль Мажитовтың зерттеуiнде оның есiмi 1915 жылғы «Памятная книга Томской губернии» атты кiтапқа енгенi айтылады.
Жаһанша 1917–1919 жылдардағы саяси оқиғалардың бел ортасында жүрiп, ерекше көзге түстi. Бүкiлресейлiк мұсылмандар кеңесi төрағасының орынбасары, Уақытша үкiметтiң бүкiлресейлiк құрылтай жиналысы туралы заң жобасын дайындайтын мемлекеттiк кеңестiң мүшесi болған. Облыстық және жалпы қазақ съездерiне қатысқан. Алашорда үкiметiнiң құрамына сайланған. 1918 жылдың көктемiнде құрылып, күзiнде таратылған «Уақытша Ойыл Уәлаятын» және оның орнына құрылған Алаш автономиясының батыс бөлiмшесiн басқарған. Большевиктердiң көсемдерi В.И.Ленинмен және И.В.Сталинмен қазақ автономиясы туралы келiссөздер жүргiзген. Сондай-ақ, Ресейдiң «Қылмыстық кодексiн» 1000 данамен таралған «Жауыздық низамнамасы» деп қазақшаға аударған. Кеңестiк билiктiң алғашқы жылдарында Ташкент, Қызылорда, Алматы қалаларында әртүрлi қызметтер атқарған. 1930 жылы Мәскеуге ауысады. Сол жылдан бастап оған әртүрлi саяси айыптар тағылады. 1932 жылы 5 жылға жер аударылады, содан соң қайта тұтқындалып, 1938 жылдың 3 тамызында атылған. Тек Хрущевтiң жылымығынан кейiн, 1958 жылдың 28 ақпанында ақталады.
Жаһаншаның жеке өмiрiне келсек, Әлихан, Мұстафамен тағдырлас, әйелi орыс болған. Ольга Константиновна Пушкарева екеуi Том қаласында танысып, мұсылмандық жолымен некелескен. Ольга қазақтың салт-дәстүрiне мойынсұнып, Жаһаншаның елiнде «Зайра» атаныпты, жұбайының ағайын-туысқандарымен байланысын үзбеген.


1)Орал қаласындағы «Жайық» баспасөз орталығында ұйымдастырылған iс-шараға қатысқан Жаһаншаның бел немересi Бейсенғали Құлиясұлы Қуанышаевтың айтуынша, әжесi Ольга өмiрiнiң соңына дейiн Мәскеу қаласында тұрған. Жаһаншаның арғы атасы Сұлтаннан Досмұхамед және Iзмұхамед, Досмұхамедтен Жаһанша, Iзмұхамедтен Хадис (1912 ж.т.) пен Құлияс (1914 ж.т.) тарайды екен. Жаһанша мен Ольгадан ұрпақ болмаған, олар ағасының баласы Хадистi кiшкентайынан бауырына басқан. Ол анасымен бiрге 1971 жылға дейiн Мәскеу қаласында өмiр сүрген. Ал, Ольга Константиновна 1986 жылы дүниеден озған.
1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкiлресейлiк мұсылман съезiне басқа да қазақ делегаттарымен бiрге қатысып, мұсылман iстерiн басқаратын «Шуро-и-Ислам» комитетi төрағасының орынбасарлығына сайланады. «Шуро-и-Исламның» iсiмен Мәскеуде бiраз болады. Сол жылы 21-26 шiлдеде Орынборда өткен Жалпықазақтық съезде Орал облысынан бүкiлресейлiк құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.
1917 жылы желтоқсан айында өткен Жалпықазақтық съезде Ж.Досмұхамедов Алашорда үкiметiнiң мүшелiгiне облыстардан тысқары делегат ретiнде кiредi. Съезде автономия жариялау туралы екi пiкiр қалыптасқанын: оның бiр жағында Ә.Бөкейханов бастаған топ «кейiнiрек», ал, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер бастаған топ «дереу жариялансын» деген ұстанымда болған.
1918 жылдың наурыз айында Жанһанша және Халел Досмұхамедовтер Мәскеуге келiп, Ленин және Сталинмен келiссөз жүргiзiп, Кеңес үкiметiн Алашорданың желтоқсандағы съезiнiң қаулыларымен таныстырып, сонда 11 шарт қояды. Сөйтiп, Кеңес үкiметiнiң жанынан Қазақ комиссариатының ашылуына қол жеткiзедi.
1918 жылы 6 мамырда Жымпитыда өткен Орал облысының 4-қазақ съезiнде, құрамына Сырым батырдың ұрпағы Салық және Сейiт ишан кiрген 7 адамнан тұратын «Ойыл уәлаяты» құрылып, Жаһанша оның Уақытша үкiметiнiң төрағасы болып сайланады. Уәлаятта атты милиция жасақталып, оларды соғыс өнерiне үйрететiн курс ашылады. Әртүрлi шаруашылық құрылымдар жұмыс iстейдi.
Азамат соғысы жылдары сан-сапалақ өкiметтердiң бiрiнен соң бiрi келiп-кетiп жатқанда Батыс Алашорда жетекшiлерiнiң саясаты: қазақ жұртшылығын қорғау; аумалы-төкпелi замана ағымына орынсыз килiкпеу және артын бағамдау ұстанымы болды.


2) Бүгiнгi бiздiң бақытты күнiмiз, тәуелсiз елiмiз Жаһаншадай тау тұлғалардың қарым-қабiлеттiлiгi мен елiн елжiрей сүйетiн азаматтардың батырлығының арқасы екенiн есте сақтап, ел үшiн еңiреп өткен есiл ерлерiмiздi мәңгi жадымызда қалдыруға тиiспiз.
(Ғалым ҚАСЫМХАНҰЛЫ, ОҚО қуғын-сүргiн құрбандары мұражайының қызметкерi).


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады
Пікір жазу