Біздің директордың ең сұлу орынбасары

 Біздің директордың ең сұлу орынбасары

Болса екен ұстаздардың бәрі сіздей,
Жүресіз әрқашанда күліп күндей.
Аямайтын ақылын көпшіліктен,
Аяулы жан арамызда мәңгі жүргей!

Шуағын төгіп жайқалған гүл көктемге де қадам бастық. Сұлу да көркем көктем мезгілі жеткенде барша қыз-келіншектер де сұлуланып, ажарлана құлпырып шыға келеді.

Сұлулық дегеніміз не? Иә, біз көбінесе сұлулық деп сыртқы сұлулықты айтамыз. Десек те, тән сұлулығы уақыт өте келе көмескіленетіні жасырын емес. Ал жан сұлулығына келетін болсақ, ол - мәңгілік, оның берері де мол! «Сұлулық адамның жүзінде емес, жүрегінде болады деген мақал да тегін айтылмаған ғой.

«Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу–ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой - ұлы, ойландыра алған сұлулық - ұлы»- деп жазушы Ғ. Мүсірепов айтқандай, мен бүгін қаламымды қолыма алып, осындай ұлы қасиетті бойына дарытқан, жан дүниесінде мейірімділіктің, махаббаттың сұлулығы толып жатқан жан туралы сөз қозғамақпын.

«Ұстаз мейірі мен ана мейірі егіз»-деген дана халқымыздың сөзіне сүйенер болсақ, сәби көңілдердің екінші анасына айналып үлгерген Асықата кентіндегі «Нәзір Төреқұлов атындағы №121 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде таңертеңнен қара кешке дейін тынбай қызмет етіп жүрген бірталай ұстаздарымыз бар. Солардың бірі - директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Тузельбаева Гульмира Мусаевна.

Ол - озат та тәжірибелі, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Қашанда өз әріптестеріне қолынан келгенше жақсылық пен ізгіліктің нұрын сеуе білетін қамқоршы, тіпті барлық абзал қасиеттерді өн бойына жинаған мейірімді, шапағаты мол әмбебеп ұлағатты ұстаз.

Ұстаздық - ұлы ұғымға құрылған мамандық десек, осы кәсіпті жүрек қалауымен қалап, мектебі үшін бар күшін сарқа жұмсап, онысын ісімен дәлелдеп келе жатқан ұстазымыз Тузельбаева Гульмира Мусаевна - 1972-1982 жылдары №54 М. Горкий атындағы орта мектепті аяқтап, 1982-1986 жылдары Шымкент педагогикалық институты филология факультеті, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын тәмамдаған.

Жоғары санатты орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып 30 жылдан астам уақыт қызмет істесе, оның 20 жылында оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымы қызметін атқарып келеді.

Еңбек тәжірибесін 1986-1988 жылдары Жамбыл атындағы орта мектепте бастаған. 1988-1993 жылдары - №56 Ш. Уалиханов атындағы орта мектепте, 1994-2010 жылдары «Жеңіс» мектеп-гимназиясында қызмет ете жүріп, білімділігінің, еңбегінің нәтижесінде 2000 жылдан директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін иемденді.

2010 жылдың қазан айынан бастап, Елбасымыздың «100 мектеп, 100 аурухана» бастамасымен салынған көркіне көз тоятындай зәулім ғимарат болып есептелетін «Н. Төреқұлов атындағы №121 жалпы орта мектебіне ауысып, өз қызметін жалғастырып келеді.

Ұстаздық еткен еңбек жолының әр жылы жетістіксіз болған емес.

Иә, мұғалімнің жемісі-оның талай жылғы еңбектерінің арқасында екені баршамызға белгілі. Жетістіктеріне тоқталсақ, аудандық және облыстық орыс тілі пәні мұғалімдер арасындағы олимпиадада I орынды иемденсе, аудандық оқу ісі жөніндегі орынбасарлары сайысында III орынға ие болған.

Ерен еңбектерінің арқасында талай рет кент әкімшілігінің, аудандық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталған. 1998 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен, 2006 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Еңбегінің жемісі сол болар, ұстазымыз Облыстық «Құрмет» қоғамының «Оқ ісінің үздігі» медалімен де марапатталған жайы бар. Шәкірттері де талай биік белестерден көрініп жүр.

Бүгіндері ұстаздардың ұстазы атанып отырған Тузельбаева Гульмира Мусаевнаның маған қатты ұнайтын қасиеттері оның - жауапкершілігі, жан-жақтылығы, ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеттері, талапшыл, ұжыммен жұмыс істей білуі, алдына қойған міндеттерге қашанда шығармашылық көзқараспен қарайтындығында. Жаңалыққа жаны құмар ұстазымыз жаңашылдықты, түрлі идеяларға толы іс- шараларды жас мұғалімдерден күтетінін, олар да ізденіп, мектеп үшін өз үлестерін қосып отырулары керектігін айтып, өзінің ақыл-кеңестерін беруден еш аянып қалған емес.

Қорыта айтқанда, менің 10 жылдық таныстығымда, әріптес-басшымызға, жан сұлулығы мол ұстазға деген ризашылығым шексіз. Мен қашанда ол кісіден тәлім алып, құрметтеп өтемін. Оның білімділігіне, көрегенділігіне тәнтімін. Кейде мұғалімге деген ыстық лебіздер өздігінен ойға оралып, ұялы телефон арқылы жазып жіберсем, міндетті түрде жауап жазатынына шексіз риза болам.

Бұл күнде мектебіміздің ардақтысына айналып, мектеп ұжымын лайықты басқарып, сұлулығы қашанда жүзіндегі мейірімінен көрініп тұратын ардақты ұстазымыздың қызметіне табыс, отбасына амандық, бақыт тілеймін. Әрқашан армандарыңыз орындала берсін деген ниетпен мына өлең шумағын өзіңізге арнаймын.

Біз үшін қымбат болған,
Бәріне жақын бір жан.
Әрқашан сіз деп білем-
Әлемде ең сұлу жан!

Қамқор боп барша жанға,
Жылуын аямайтын.
«Сіз-нағыз әмбебап жан!»
Ешкімге ұқсамайтын.

Жүріңіз ортамызда,
Үлгі боп баршамызға.
Әрқашан бөленіңіз,
Таусылмас бақыт нұрға!

Мақтарал ауданы, Асықата кенті
"Нәзір Төреқұлов атындағы №121 ЖОМ" КММ-нің
қазақ тілі мен әдебиетә пәні мұғалімі Тультаева Перуза


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі