Саруарова Ақбота | Текті әулет

  Саруарова Ақбота | Текті әулет

CҰРАҚ-ЖАУАП

Саруарова Ақбота
Текті әулет
Әңгімелер / Мақалалар AkbotaSaruarova16.10.201810329
Қазақ тарихында Шақшақ Жәнібек деген атпен белгілі Жәнібек Қошқарұлы 1693 жылы Торғайдың Тосын құмында дүниеге келген. Абылай ханның сенімді серігі болған. 1740-41 жылдары Абылай жоңғарларға тұтқынға түсіп қалғанда оны құтқаруға барынша күш салған осы Жәнібек болатын. 1748 жылы 11 шілдеде императрица Елизавета Петровнаның жарлығы бойынша Тархандық атаққа ие болған. Дәуітбай Жәнібекұлы 1712 жылы Торғайдың Тосын құмында дүниеге келген. Жасөспірім бозбалалармен бірге «мың бала» жасағында соғыстарға қатысқан. Әкесі сияқты, Абылайдың сенімді серігіне айналып, хан саясатын жүргізуде маңызды қызмет атқарды. 1759 жылы мұрагерлік жолмен «Тархандық» атаққа ие болған. 1783 жылы қайтыс болып, өзінің туған жерінен топырақ бұйырады. Батырдың жатқан жері Дәуітбай қорымы деп аталады. Дәуітбайдың төртінші ұлы Мұса 1746-1747 жылдар шамасында дүниеге келіп, 1820 жылы дүниеден озған. Сырым Датұлы көтерілісіне қатысқан .Бұл 1790 жылдары, яғни көтерілістің 3 кезеңі болатын. 1793 жылы тархан атағына мұрагерлік жолмен ие болады. Шеген Мұсаұлы 1785 жылы Торғайдың Тосын құмында дүниеге келген.

Шеген би кедей-көпшілікке қайырымды-мейірімді болып, қолының аса ашықтығы үшін жәй ғана Шеген емес, Шеген мырза атанған. Шеген биден 7 ұл, 2 қыз туады. Аймен атты қызын Балқожа бидің баласы Алтынсарыға береді. Олардан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туады. Шеген биге тархан атағы берілмейді. Себептері: біріншіден, Шеген бидің Торғай дуанынан әскери бекініс салуға қарсылық көрсеткені, екіншіден, Кенесары ханның саясатын қолдағаныдығы үшін.

Қазыбек Шегенұлы 1813 жылы дүниеге келген. 1846 жылы Санкт Петербургке баратын делегация құрамында болған. Өмірінің соңғы жылдарында екі рет алтын ленталы медальмен, Әулие Анна және Станислав ордендерін алған. Халқына әділ би атанып, баба жолын лайықты жалғаған Қазыбек 1869 жылы өмірден өткен. Бірімжан Шегенұлы 1817 жылы дүниеге келген. 1868 жылы Торғай облысы құрылғанда, Торғай уезінің Тосын болысында болыс болып сайланады. Қазақ даласында тұңғыш мектепті Торғайда ашуға жиені Ыбырайға қамқоршы, демеуші болған. Дәуренбек Бірімжанұлы 1848 жылы Торғайдың Тосын құмында туған. Әкесі Бірімжан өмірден өткеннен кейін болыстыққа Дәуренбек сайланған. Өмірінің соңғы жылына дейін үзіліссіз болыс болған. Қорғанбек Бірімжанұлы 1852 жылы туған.

Алғашқы ұстазы — Ы.Алтынсарин. 1864 жылы ашылған Ыбырай мектебінің алғашқы түлегі. 1873 жылы Ақтөбе, Ырғыз, Торғай уездеріне шешек ауруы тарағанда қажетті дәрі-дәрмекті алдыртып, көптеген адамдарды індеттен аман алып қалған болатын. 1879-80 жылы болған атақты жұттан халықты аман алып қалу шараларын ұйымдастырып, әскери гарнизонның қоймасындағы азық-түлікті өз атынан алып, халыққа таратып берген. Осындай ұйымдастырылған шаралардың арқасында Торғай халқы жұттан аман қалған. Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы 1870 жылы дүниеге келген. Торғай халқы Бірімжановты 1906 және 1907 жылы Ресейдің І және ІІ думаларында өз аттарынан депутат етіп сайлайды. Думада ол мұсылман фракциясы төрағасының орынбасары болды. І думада ол «Жер комиссиясының қырғыз аймақтарындағы заңсыз әрекеттері мен» зорлық-зомбылық туралы мәселелер қозғаса, ІІ думада Мұсылман фракциясының жер бағдарламасын жасаушылардың бірі болды, Бірімжанов Ғазымбек 1896 жылы Торғайда туған. Ғазымбек білімді деген бір топ жастармен бірге, қазіргі «Болашақ» бағдарламасына ұқсас жоспармен Германияға оқуға барып, Берлин университетінде ауыл шаруашылығы факультетіне түседі. Елге қызмет етемін деп келе жатқанда 1928 жылы белгілі бір себептермен ұсталады. Ақыры үштіктің шешімімен Ақ теңіз каналы құрылысына он жылға жер аударылады. Жазасын өтеп елге келген соң 1937 жылы 9 қазанда 41 жасында қайыра тұтқындалып, «контрреволюциялық террористік ұйымға қатысқаны үшін» деген айыппен үкім шығарып, ату жазасына кесілген.

Мұхтар Қорғанбекұлы 1907 жылы дүниеге келген. «Халық жауы» деген жаламен 1938 жылы мамыр айының 5-де сотталған. Сол жылдың маусым айының 6-шы жұлдызында Магаданда атылған. Бірімжанов Батырбек 1911 жылы 11 желтоқсан күні Орынбор өңіріндегі Бұзылық қаласында дүниеге келген. Ол жеке өзі Қазақстандағы тұтас химия ғылымының негізін салып, қалыптастырған еді. 1934 жылдан бастап Қазақ Мемлекеттік университетінде қызметтік жолын бастаған ғалым, аталған оқу орнында ассистент, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін атқарды. 26 жыл бойы химия факультетін басқарып, бейорганикалық химияның дамуына зор үлес қосты. Химия бойынша қазақ тіліндегі ең алғашқы оқулықты жазушы да осы Батырбек болды. Батырбектің еңбектері: 100-ден астам тұз көлдері, 15 өзен мен олардың 39 салалары зерттеліп, Қаратау фосфориттеріне қайта өңдеу жүргізілді. Осындай еңбектерінің арқасында Ленин орденімен, Құрмет белгісі орденімен, т.б. орден медальдармен марапатталған Батырбекте халық үшін қызмет қылып, өз бабаларының жолын лайықты жалғай білді.

Осы Дәуітбай батырдан бастап, оның ұрпақтары қазақ халқының мәдениеті мен тарихын, ғылымын дамытуға зор үлес қосқан жандар. Ұлт үшін тұтас бір әулеттің бірнеше ғасыр бойы үзбей үздік қызмет жасауы қай халықтың тарихында да сирек кездесетін таңғажайып құбылыс. Біз мұны мақтан тұтуымыз керек.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі