Өткеніме хат


Биыл 9 мамырда Ұлы Отан Соғысының аяқталып, Жеңіс күніне 75 жыл толады. 9 мамыр күні біздер үшін ең маңызды мереке. Себебі бұл атаулы күн біздің ата-бабамыздың жеңіске жеткен күні. Бүгінгі таңда біздер үшін аянбай тер төккен ұлы аталарымыздың арқасында біз тәуелсіз , бейбіт , бақытты әрі тоқшылықта өмір сүріп жатырмыз. Аталарымыздың өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен батырлығы бүгінгі жастарға үлгі тұтарлық іс. Осы қасиеттер аталарымыздың қатал соғыста жеңіске жетуіне көмегін тигізді. Ұлы Жеңіс күні әр отбасына ыстық өйткені соғыс бірде бір жанұяны айналып өтпеді. Әр отбасында соғысқа қатысып жеңіспен оралған немесе ерлікпен қаза тапқан және оралмаған ата-әжелері бар. Қаншама адам тылда еңбек етті. Сұрапыл соғыста жеңіске жету жолында миллиондаған адамның өмірі қиылды, сондықтан адамзат өткен соғыстың құрбандарын жақсы біледі. Осы соғыста өзінің ерлігін көрсетіп ел қорғаған батырлардың қатарында менің де атам бар. Ахметов Рымбек атам 1922 жылы тамыздың 10-ы күні көп балалы отбасында дүниеге келген. 1-2 сыныпты қәзіргі Зеренді ауданы Ортағаш ауылындағы мектепті кейін 3 сыныптан 7 сыныпқа дейін көрші Қарашілік ауылындағы мектепте оқыған. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін колхозда жұмыс істеді. 1942 жылы 1 қыркүйекте әскерге өз еркімен аттанып, Петропавл қаласында соғыс дайындығында болды. Петропавл қаласынан кейін Новосибирск қаласына мылтық және пулемет атуды үйренеді. Фашистермен соғысуға дайын болып , 1943 жылы Смоленскоға соғысқа аттанады. Сол соғыста атамның қасына мина түсіп, сол жерде ес-түссіз жатып қалады. Ертеңгісін жаралы адамдарды жинап жүрген солдаттар атамды тауып алып, 1943 жылдың 1 қыркүйегінде әскери госпитальға самолетпен апарады. Бір жылдан артық әскери госпитальда емделеді. Сол кездері атамның ең жақын досы Миша ағай болған екен. 1944 жылы атам толық емделгеннен кейін атамды ауылға қайтару жұмысы медбикелерге жүктелген екен. Бірақ, атамның медбикелерге сенбегенін байқаған Миша ағай атамды өзім апарамын деп рұқсат алған екен. 1944 жылы 1 желтоқсанда Москвадан атам Ортағашқа аман-есен оралған. Атамның ата- анасы қуанғандықтары сонша кішігірім той өткізген. Кетерінде Миша аға: “Почтадан хат жіберемін-күт” депті. Атам “Күтемін” деген үмітін өмірден өткенінше үзбеген.
Атам бірінші топтағы мүгедек қатарына жатқызылып дәрігерлік көмек алып отырғаннан кейін тәуір болған соң колхозда еңбек етті. Заманның қиыншылылығы кезінде соғысқа қатысқан құжаттарын жоғалтып алғаннан кейін, тек еңбек ардагері деген атаққа ие болған.Сөйтіп зейнеткерлікке шығады. Соғысқа қатысқандығын дәлелдеу үшін біршама жылдар бойы құжаттарын іздеумен болады, бірақта ешқандай нәтиже болмаған. Атамның алда табылады деген үміті үзілмеген. Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерей той қарсаңына сол кездегі Зеренді ауданының әкімі Е.Сағдиевтің басшылығымен құжатты іздеудің арқасында атамның үзілмеген үміті ақталып атам ғана емес ауыл тұрғындарыда қатты қуанған екен. Атам құжатты табуға көмектескен адамдарға алғысын айтып, ақ батасын беріп отырған. Рымбек атам 2006 жылы 14 желтоқсанда дүниеден өтті.

Мурат Ажар Серикқызы



Іздеп көріңіз:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу

Келесі мақала жүктелуде...