Ілияс Есенберлин | Қатерлі өткел

  Ілияс Есенберлин | Қатерлі өткел

АДАСҚАН АҚЫН

БІРІНШІ БӨЛІМ

I

Асау дария Ертіс баяу қозғалған ғажайып айдаһар тәрізді, түсі суық, толқыны сұрғылт... Құмды жағасында етектегі тау тасындай шашырап, қайың мен талға бөленген үлкен қала жатыр. Бұл қалада біркелкі ештеңе де жоқ, барлығы сапырылысып кеткен: үйлері де, адамдары да, олардың киімдері де, дүниеге деген бағдарлары да. Көше бойлай салынған Кошелев, Строгонов, Сутюшев секілді бай саудагерлердің темір шатырлы сәнді сарайларымен қатар, кооперативтің тастан қалаған сұрғылт дүкендері, қазақ жатақтарының тоқал төбелі шым үйлері тұр. Алтын айлы мешітпен бұрыштаса, жонған тақтайдан істей салған кинематографтың жаңа клубы орналасқан. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан жұрт ішінен жаман тымақ, түйе жүн далбағай, үкілі тақиямен айқара басқан жалпақ сары былғары белбеулі орыс гүлдері төгілген қызыл шәлілер де көзге түседі. Шекпен киген ауыл қазағымен қатарласа, иығын портупеямен айқара басқан жалпақ сары былғары белбеулі, орысша «юнгштурмовка» деп аталатын жастардың галифелі жасыл костюмін киген жігіт кетіп барады. Көше бойлай салдыра желген қара фаэтонды, қоңыраулы жәмшіктердің пар аттарының сәнін әдейі бұзғысы келгендей, үстіне жүк артқан қос өркеш қара нар анда-санда боздап қойып, асықпай аяңдайды.

Өтіп жатқан жұрттың қайсысының қандай ойда екенін де түсіну қиын. Біреулері осынау ғажайып жаңа өмірге бейтарап адам екенін білдіргісі келгендей аяғын жайбарақат, бейқам басып келе жатса, бағда біреулері белеңі бар жылқыдай жан-жағына үрке қарайды. Ал кейбір бетінде ескі өмірдің тәкәппарлық таңбасы көрінген «кешегі мырзалар» жаңа заманға еріксіз бодан болғанын жасыра алмай, әр адымын зілдене басып, түнере өтіп кетеді. Дегенмен, көпшіліктің жүзі көкірегіне түн ұялағандай ақ жарқын нұрлы...

Сұрғылт толқынды асау дария жағасындағы осы бір құмды көшелі, ескі қаланы мен өте жақсы көретін едім. Әсіресе көктем келіп, тал шарбақпен қоршаған қарағай, қайыңның жасыл төгіп, мойыл бұталарының қардай аппақ ақ шашақты гүлге оранатын кезін сарғая күтетінмін.

Міне биыл да сол аңсаған мерзімім жетті. Жасыл киінген қала жылдағы әдетінше 1 Май мерекесін қарсы алуға дайындалып жатты.

Лаулаған қызыл жалқын сәулесімен көкжиекті өртей, күн де көрінді. Осы бір жаңа шығып келе жатқан күнмен бірге жер мен салтанатты көркін ашып, қала да ояна бастады. Көп кешікпей, табиғаттың мүлгіген тыныштығын бұзып, құстың сайрағаны, иттің үргені табынға қосуға айдап бара жатқан жатақ сиырларының мөңірегендері естілді. Әне-міне дегенше, күн көтеріліп, 1 Майды тойлауға жұрт лек-лек боп көшеге шыға бастады. Көкіректері көз ашқандай, жүздерінде қуаныш. Қимыл-екпіндері бәйгіге қосылар жүйріктердей қарқынды. Даурыға сөйлей, шаттана күледі. Жердегі қуанышты көкке көтергендей, көгілдір аспан аясында қызыл жалаулар желең қағады. Мерейі үстем халық мектеп, кеңсе қасына шоғырлана жиналып, би билеп, ән салуда...

Майдың осы бір нұрға бөленген жарқын күнінде де қала ортасындағы үш қабат тас үйдің ең жоғарғы бір бөлмесінде әлі де түн қараңғысы кетпегендей. Жоқ, күн сәулесі ашық қос терезесінен бұл бөлмеге де мейлінше құйыла түсіп тұр. Сөйтсе де, мұнда көр қуысындағыдай бір ауыр зіл бар. Мүмкін, бұл үйден кешелі-бүгін өлік шыққан болар? Жоқ, оған ұқсамайды. Үй іші тым салтанатты, жинақы, сәнді. Тіпті адамды әлдеқайда қиялға, рақатты арманға ерте жөнелердей. Еденде — жібек түкті қырмызы қызыл фарсы кілемі. Оң жақта — оюлы барқыт түскиізді күміс кереует. Тұскиізге сүйеулі бетіне сүйекті өрнек салынған үкілі домбыра. Терезе пердесі кереуетке ұстаған шымылдығы — бәрі де әшекейлі көгілдір шәйіден. Бұдан бөтен алтын жалатқан ыдыс-аяқ, сырлы стол, өрнектелген кебеже секілді көз қуанышы боларлық бөтен заттар аз емес. Әйткенмен, үй ішінде түн қараңғысындай бір суық ызғар сезіледі... Ал дұрыстап қарасаң бұл ызғар үй ішінде үнсіз тұрған адамдардың қобалжыған, қорыққан, абыржыған түрлерінен туған ызғар еді.

Бұлар өзі үш кісі.

Терезе алдында тұрған ақ құба, ашаң жүзді, қошқар тұмсықты, үлкен қоңыр қой көзді, кең кеуделі ұзын бойлы адамның жасы отыз бестер шамасында. Үстінде — белін күміспен қаптаған жіңішке кавказ белбеуімен қынаған тік жағалы, шытырман түймелі ақ жібек көйлек, бұтында — көк шұға галифе шалбар, аяғында — рондалап тастаған сары сафьян етік. Иығында бұлғын жағалы қара кеңірдек барқыт шапан. Ұзын қою қара шашы желкесіне қарай дударлана құлаған. Сырт келбеті көз тоярлық. Бірақ қайғы ызғарымен бозара түскен жүдеу жүзі көкірегіндегі оты сөне бастаған жан екенін аңғартады. Қазіргі тұрған тұрысы шабыстан болдырған жүйрік тәрізді. Басы салбырап, екі иіні түсіп кеткен. Тек іштегі мұз әлі де жанарын өшіре алмаған үлкен қоңыр көздері терезеге қадалуда. Әр қараған сайын, сырттағы жұрт қуанышы арқасын аяз боп қысқандай, қабағы түйіле түседі. Бұл қазақтың ертедегі белгілі ақыны, алғашқы зиялы адамдарының бірі — атақты Ақан еді.

Одан сәл кейінірек тағы екі адам тұр. Бірі — қара торы, ойлы қоңыр көзді, бұйралау келген дудар шашты, орта бойлыдан сәл биіктеу жас жігіт. Үстінде тік жағалы, жеңінің аузын бүрген қара көк шерсть кавказ көйлек, белінде шашақты, есілген жібек белбеу, бұтында сарғылт чесуча қыры сынбаған шалбар, жып-жылтыр қара лакты шебілет. Кең маңдайы, ойлы көзі жігіттің үлкен дарын иесі екенін аңғартқандай. Бұл — жас ақын Бүркіт. Бұдан төрт жыл бұрын Ақшатыр гимназиясын бітіріп, Омбы университетіне түскен. Шаруа-жағдайымен байланысты оқуын уақытша тоқтатып, былтырдан бері осы өзі бітірген Ақшатыр гимназиясында әдебиет сабағын беретін.

Үшіншісі — түр, келбет, дене құрылысы жағынан бұларға тіпті ұқсамайды. Екі иығына екі адам мінгендей, кең жауырынды қара сұр, ұзыны мен көлденеңі бірдей төртпақ, жігіт. Жалпы сырт құрылысы шала күйген кеспелтек жуан қара томар бейнелес шомбал. Үстіндегі киімі де аналардікінен өзгеше сәнді. Шіл қазақы киім. Басында қара мауытымен тыстаған дөңгелек қасқа пұшпақ бөрік. Үстіндегі лұқпан шапанның белін күміс кіселі белбеумен буыныпты. Аяғында — қисық табан көк салмен әшекейлеген хром етік. Түрі келбетсіз емес, бірақ сұсты. Сол қысықтау, өткір, шегір көзі рақымсыз, адамға қарағанда өңменіңнен өткендей. Тістене жұмған жұқа ерні қансыз, сөлсіз, кезеріп кеткен. Қазір қоңыр беті ашудан түтігіп, шегір көздері ызаланған иттей шаптығып тұр... Бұл — Бүркіттің құрдасы, онымен бірге гимназия бітірген, Арқаның атақты шонжарларының бірінің ұрпағы Әкпар. Орта дәрежелі білім алғаннан кейін әрі қарай оқымай, Ақшатырда сот хатшысы боп қызмет істейтін.

Салтанатты бөлмеге құбыжықтай қорқыныш кіргізіп тұрған осы үшеуінің ызғарлы пішіндері абыржыған, қорыққан үй ішіне үрей туғызады.

Ақан Бүркіт пен Әкпардың, бір жағынан, рухани ұстазы, екінші жағынан, әдеби жетекшісі болатын.

Ой толқыны өзегін өртеп жіберді ме, кенет ол терезеден көзін алмаған қалпында күбірлей сөйлей жөнелді:

Келді деп көктем гүл шашып,
Қуанба, халқым, құр тасып,
Көрмейсің бе шаттықтың
Көктемі сенен тұр қашық!..
Төксе де сәуле күн көзі,
Жайнамас өмір күндізі.

Бұл кезде жұрт қала ортасындағы салтанат алаңына сап-сап болып өтіп жатқан-ды. Қолдарында — ал қызыл барқыт тулар, құлаш-құлаш қызыл матаға жазылған ұрандар, білектерінде — байлап алған қызыл шүберек, омырауларында — шоқ-шоқ жас қызғалдақтар...

Көше бойлай нұрын шашыратқан осы тамаша қуанышты бұдан әрі көргісі келмей, Ақан терезеден кілт бұрылып кетті. Сонау көшедегі мәз-мейрам жұрт құшағына жылан салып жібергендей, жүрегін қолымен басып, шошына, үйді ерсілі-қарсылы кезе бастады. Жүрген жүрісі құтылу жолын таба алмай, темір тордың ішінде ызалана аяңдаған арыстан секілді. Іш қазандай қайнайды, жеңіп шығар дәрмен жоқ. Бір сәтте ол кілт тоқтай қалды да:

— Қазақ деген жас бала тәрізді бір ақ көңіл, сенімпаз ел. Кім басына жұмақ орнатам десе, соның қолындағы ноқталаған құлын. Большевиктер оның сол қасиетін мол пайдалана білгені кәміл,— деді.

Оның үнінен үлкен бір өкініштің сазы естілді. Көкірегін бұлқан-талқан еткен ашуын баса алмай, ол тағы ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бұл жолы Ақан жайылымға жем іздеп келіп, су тартылғанда, шағын шалшықтың арасында қалып, қайтсем айдынға жетем деп астаң-кестең болып тулаған шортанға ұқсайды. Қанша туласа да, суды лайлағаннан бөтен қолынан келер дәрмені жоқ. Бірақ сол суды лайлаудың өзі де оған көңілін орнықтыратын шешім тәрізді. Ол кенет тағы да тоқтап, байсалды үнмен ойын айтты.

— Біз тәрізді қазақтың оқыған азаматтарының ең қадірлі міндеті — халқын ұлт тәуелсіздігіне шақыру, жеке ел болуды көксету деп ұққан еді, ал бүгін...

Жайшылықта әр сөзін саралап, ойлаған ойын асықпай түсіндіретін ақын ағаның тік кеткені шәкірті Бүркітке ұнамады. Жат көрінді. Ұстазының жүрек жарасының аузын қызыл шақа етіп ашып тұрғанын түсінсе де, бірден қошаметтеп кете қоймады. Ал Ақан болса, өзін-өзі ашумен қамшылап, тоқтар емес. Жас серіктерін өз пікірімен біржолата таптап, әбден суарып алайын дегендей, ол тағы да:

— Біздің жолымыз большевиктерден бөлек болатын, Бірақ жұрт бізге ермеді... Неге?—деді.

Әкпар тұнған қара судай, бүлк етпеді. Ал бұл сөз онсыз да жүдеп тұрған Бүркітке тағы да ауыр тиіп, көкіректегі қасіретіне қасірет қосқандай. Ол енді шыдай алмады:

— Ақын аға, бүгін сіз тым ашулы тәріздісіз ғой,— деді.

Ақан өмір деген тартысы мол ауыр жолда серіктерінің қолына жауларына сілтейтін берік шоқпар ұстатқысы келгендей, жауабын анық, ашық қайырды.

— Ие, ашулымын. Қазақ деген қолымдағы жалғыз сұңқарымды...— ол тағы да қолын терезе жаққа сілтеді,— большевиктер біржолата ұшырды. Мен бүгін оны анық түсіндім.

— Ал, Абай аға...

— Ие, Абай ағаң не деп еді?

— «Орыстан үйрен» деген жоқ па еді!— Бүркіт «орыс» деген сөзді «большевик» деген сөзден бөлгісі келмеді.

— Ақылдыдан үйрену—ақылдыға құл болу деген сөз емес. Мен де Пушкинді, Лермонтовты, Толстойды, Достоевскийді жақсы көремін. Бірақ одан қазақ халқының несі өзгереді? Лонгфеллоның елінде индеецтер резервацияларда қырылып жатыр. Ағылшындардың Шекспирі болғаннан Родезия негрлеріне келетін қандай пайда бар? Жоқ, Бүркіт, халқыңның мәдениетке жетіп, жоғалып кеткенінен мәдениетсіз отырып, бірлестігін сақтағаны артық. Ең зор бақыт — халқың, елің, тілің болғаны. Абай аға үйрен десе, мен үйренбеймін деп тұрмын ба? Бірақ үйрену бар да илену бар... Мен иленуге қарсымын. Егер халқыңды жақсы көретін болсаң, оның тәуелсіздігін, бірлігін алтын жамбыдай сақта. Өйтпеген күнде, Батыс сені бір-ақ күнде жұтып жібереді. Есінде бар ма, Редьярд Кпилингтің «Батыс — бөлек, Шығыс— бөлек» дейтін өлеңі?—Ақан Бүркітінің жауабын күтпей көзін жұмып, әлгі өлеңді есіне түсіре, тақпақтай жөнелді:

«Батыс — бөлек, Шығыс — бөлек,
Мәңгі олар алыс жатыр.
Күл-талқан боп жер менен көк
Қоспаса көп заманақыр.
Батыс та жоқ, Шығыс жоқта,
Отан, тұқым кімге керек,
Екі күшті келген шақта
Қыл көпірде бетпе-бет».

Бұл өлеңді айтып болды да, Ақан:

—Батыс пен Шығыс, түн мен күн тәрізді, екі дүние, оянып келе жатқан Шығысты бас салуға дайын тұрған Батыс бар. Бұны ұмытуға болмайды,— деді.

Ұстазының көңілін қалдырып алғысы келмегендей, Бүркіт жалтақтай сөйледі.

— Оған қандай дәлел бар?

— Киплингтің өлеңі ше?

—Киплинг — Киплинг қой!—деді, ренжігенін жасыра алмай Бүркіт.— Ақын аға, Киплингтің ағылшын империализмінің жыршысы екені сізге аян емес пе еді?

— Болса ше? Өз сырын өзі ашқан қасың — досыңмен тең.

— Жоқ, ақын аға, Киплинг бұл ойын «халықтар бірін-бірі мәңгі ұға алмастық қастықта өтеді» деген тұжырымға тіреп айтқан жоқ па? Бұл — ағылшын империализмінің өзге жұртты менсінбестік отаршы ұлы ұлтшылдық саясаты. Ал Батыста бізбен тілектес миллиондаған халық бар...

Күндікке үндемей тұрған Әкпар дәл осы сәтте гүр ете қалды.

— Киплинг көксеген ұлы ұлтшылдық, менсінбестік өзге халықтан шықпайды деп ойлайсың ба?

— Әкпар ішінде жатқан запыранын бірден төге салуға дайын тұр, тек бір сескену құдіретті ақын ұстазының алдында ойын толық ашуға жол бермеді.

Оған себеп болу керек қой?— Бүркіт жолдасына тұнжырай қарады.

— Себеп — жер,—деді Әкпар.

— Жер? Қазақта не көп, жер көп емес пе?

— Иә, бізде жер көп. Біздің қуанышымыз да, бақытсыздығымыз да сол жерде. Түсінбейсің бе? Егер өмір осы қалпымен жүре берсе, сен өзің-ақ бір отыз жыл өткеннен кейіп, осыншама ұшы-қиыры жоқ даладан қазаққа қой бағатын да жер қалмағанын көзіңмен көрерсің.— Әкпар кенет тоқтап қалды да, Ақанға қарады,— жоқ бізге жаңа ұлт қаһарманы керек.

Бүркіттің де берілгісі келер емес.

— Бірақ оның соңынан кім ереді?

— Сонда сен бізге, резервацияларға қуылған индеецтердей, қойдай шұбыртып, Бетпақдала, Қарақұмдарға айдап апарғанын күт демексің бе?

Түсінбеймін, сен не деп тұрсың,— деді Бүркіт қабағын шытып,— Кеңес үкіметі көп ұлтты мемлекет, құдіретті мемлекет құрамыз дейді... Ал сен...

— Тоқтай тұр, Бүркіт,— деді Ақан кенет сөзге кірісіп.— Есіңде ме, Дарий патшалығы? Әлде ұмыттың ба?— Ол тағы да терезе жаққа қарады да, жүдей сөйледі.— Европа Македонский деп атайтын Ескендір Зұлхарнайн Индия жеріне дейін билігін жүргізді... Ұлы Рим мен атақты Византия мемлекеттері қайда? Ақсақ Темір Көрегеннің алдында жүзге таяу ұлт тізе бүкті... Жоқ, Бүркіт, көп ұлтты мемлекеттер ешуақытта да ұзаққа барған емес.

— Ал мыналар әлі...— Әкпар да терезе жақты нұсқады.

— Бұлардың да өмір сүруі Россиядағы көп ұлттың дер кезінде ұлттық санасының оянуымен байланысты. Жазушы — халқының ары, намысы. Сөзіңмен, өнеріңмен еліңнің санасын оятып, оны тәуелсіздікке, жеке автономияға шақыру біздің міндет еді. Өзінің жұрты, өзінің жеке Отаны жоқ ұл қанша данышпан болса да, шөлге қамалған аққумен тең көрінетін, жан жағында құлазыған даласы көп, бірақ қанат қағар ақ айдын шалқары жоқ секілденетін... Әлде мен қателестім бе?

Бүркіт іште жатқан бір-біріне қайшы, шым-шытырық ойын сыртқа шығара алмай, тына қалды. Ақанды жасынан құрметтеп үйренген жас жігіт енді шаптығуды орынсыз деп тапты. Сонда да:

— Егер халық соңымыздан ермесе не істейміз?—

— Онда біз кетуіміз керек.

— Қайда?

— Ақан дағдарып қалды. Бәсе, қайда кете алады?

Бүркітке не деп жауап беруді білмей абыржыған ақын ағаның тұрысы кімнен қорлық көргенін айта алмаған жас баланы аңғартады.

Енді ол күңірене сөйледі:

— Іште жатқан жалын көп, сыртқа шықса — құр түтін. Ойға алған мақсат мол, бірақ іске асар бірі де жоқ. Қанша қарқындағаныммен, түскен жолы құмға келіп тірелген жолаушы тәріздімін. Алға жүрейін десем, аңыраған құм, азынаған шөл; күтерім — тек өлім. Кейін қайтайын десем, қатты жабылған есік, қайта ашылар емес. Бұл дағдарысқа қалай жеттім? — Ақан үндемей тоқтай қалды.

Ақанның сөзінің аяғын күткен Бүркіт пен Әкпар жұмған аузын ашпай, сол төмен қараған қалыптарынан қозғалар емес.

Ақан шынында, жол таба алмас дағдарыста еді. Оған үлкен себебі де бар. Сондықтан ол іштегі қаупін жасыра алмай, алай-түлей, бір орында отыра алмай, бір жатады, бір жүреді. Аңдыған жауын сезген қасқырдай дәйек білмейді. Жан-жағына әбігерлене қарайды. Ол — оқыған, ақындық дарыны ерте оянған адам.

Ақан өзінің саяси бағытын «елім», «жерім» деген сөздермен бүркей білді. Ол кей шығармаларында әйел теңдігі, қараңғылықтан құтылу деген секілді халықтың көкейкесті армандарын да жыр етті. Әсіресе, Ақан — махаббат поэзиясының алдына жан салмаған жүйрігі. Көптеген жастар оның кейбір шебер жазылған өлендерін жатқа да білетін.

Ал қазір Ақанның жеңілген шағы. Барар жер, басар тауы жоқ. Бірақ ол әлі де болса елі, жұрты үшін құрбандыққа ұшыраған адам болғысы келеді. Сондықтан да ол өзін Бүркіт пен Әкпардың алдында басқаша ұстауға тырысады. Әділетті адамдай ақтарыла сөйлеген болады.

Мен күні бүгінге дейін,— деді ол кенет даусын ақырын шығарып,— халқымның басында ойнаған кешегі отаршылдықтың бұлтын көріп келдім. Сол бұлттан мәңгі құтылу тек қана елімнің жеке тәуелсіздігінде деп ұқтым. Сондықтан халқымды бірлікке, орыс жұртының ықпалынан құтылуға шақырдым. Ұлтшылдық сезім ақыл, ойымды тегіс билеп, кең толғанып, жан-жағыма көз салуға мүмкіндік бермеді. Шор таққан аттай, тек көз алдымдағы қазағымды ғана көрдім. «Осы «ұлтым» деген тар түсініктен, қазыққа байланған құлындай құтылып шыға алмадым, тек сол қазықты айнала бердім, айнала бердім. Ақырында ұзын арқан қысқара келіп, қаққан қазықтың қасында мелшидім де қалдым. Тағы бір айналсам, қыл шылбырға буынып өлуім де ғажап емес-ті. Ал кейін шегініп, арқанды қайта ұзартып, өрісін кеңітуге уақыт тар...

Расында да, оған кейін шегінуге жол қалмаған тәрізді еді. Ақынның Октябрь революциясына да қарсы жазған өлеңдері аз болмаған-ды.

Ақын енді Бүркітке тесіле қарады. Ауыр, азапты ойының тоқтар жерін айтпақ болды.

— Miнe енді көлдей көңіл шалшық суға айналып, торға түскен кішкентай құстың жағдайына жетіп тұрмын, деді кенет даусы сына күңгірлеп.— Қалай құтыларымды білмей, құр тыпырлаймын. «Күресу керек, халықтың ұлттық сезімін ояту керек» деп сендерді жалына үгіттегім келсе де, оған өзім де сенбеймін. Сондықтан, Бүркіт, сенің сұрағыңа жауап беру маған өткелсіз дариядан өтуден қиын. Қайда барарымды, халқымды қайда апарарымды өзім де білмеймін...

Ақанның жағдайын Бүркіт те жақсы түсінді. Ақын ағаның бұл дағдарысы құр ғана халқының келешегін ойлаудан туған дағдарысы емес, өз басының келешегіне сенбеуден туған дағдарыс. Бұл дағдарыс Бүркітке ақындық адамгершілік қасиеттерін жақсы көретін ағаның жанын шұқуға келе жатқан қара қарға тәрізді болып көрінеді. Бүркіт айқай салып, сол қара қарғаны Ақаннан қуғысы келеді. Бірақ бар даусымен айқайлай алар ма? Айқайлай алса, халқы бұның даусына құлақ ілер ме?

Ақан тағы да үнсіз. Үй ішіндегі ауыр тыныштық оның жанын езіп, өн-бойын жерге жаншып барады. Бүркіттің де сұрағы көкірекке шаншудай қадалуда. «Дегенмен жауап беру керек. Оқушысы ұстазынан жауап күтіп тұр ғой, үндемей қалуға бола ма? Бірақ қандай жауап беру керек? Оқ өтпес қамалға тірелген, шаршаған жан қамалды қалай алуды қайдан біледі? Оның қолынан бар келері өз жанын аямау...»

Ақан иығын басқан ауыр жүкті жерге түсіргендей, сәл серіге басын көтерді де, тағы да үйді кезе бастады.

— Мен Блоктың мына бір өлеңін жақсы көремін,— деді ол аздан кейін.

Бүркіт елең ете қалды.

— Қай өлеңін?

Ақан нағыз бір қуанышты гимн айтқандай, дауысын көтере тақпақтай жөнелді:

Қойған соң терең бейітке,
Көмілер шөпке қабырың...
Естірміз сонда биікте
Жауған жаңбыр дабырын.
Ұйқыдан тәтті оянып,
Демессің бұл не жердегі?
Ақ жауын мәлім: күз анық
Нөсер — көктем келгені!
Аудармас көңіл назарын,
Жатқан шулап бұл дыбыс,
Айрылу, ләззат азабын
Басқан қабыр тып-тыныш...
Асықпай, жайлы көрде тек
Ойланарсың мүмкін сен:
Сұм жалғанда өмір деп
Адам нені түсінген...

Ақан өлеңді қанша көңілдене тақпақтаса да, оның әр сөзінің көрдей суық ызғары Бүркіттің сергек көңілін бірден мұздатып жіберді. Ол елегізи қалды. Өйткені ақын ағаның ауызына соңғы кезде өлім туралы сөз көбірек түсіп жүргенін байқаған. Бұл жолы да ұстазы сол әдетіне салып тұр. Тек жас серігін өзінен біржолата түңілдіргісі келмей, өлеңді көңілдене тақпақтаған болады. Бірақ қам көңілді, қасіретті сөз өзінің басына байланған қара жалауды анандайдан аңғартпай ма, Бүркіт ақын ағаның басына төнген дағдарыс — қара қарғаның енді қанды шеңгелін салғалы тұрғанын анық сезінді.

— Ақын аға, бұл өлеңді неге айттыңыз?— деп ол Ақанға қарады да, шошына қалды. Боп-боз боп кеткен ұстазы жаралы құстан аумайды, басын төмен салған. Сылбыр жүрісінде де, тұманданып кеткен қайғылы көздерінде де сорлылық бар. Бұл не? Жайшылықтағы қайғы сазы ма? Әлде басына ажал сағатын таяй түскен дағдарыс — қара қарғаның көлеңкесі ме?

Ой толғауы жеткендей, Ақан кенет басын көтеріп алды. Бүркіттің иығына қолын салып тұрып:

— «Қайда барамыз?» дейсің, барар жер көп. Бірақ мірден берік қамал бар ма? Оған жаудың оғы да өтпейді.

Сөйдеді де, ол тым шаршап кеткендей, күміс кереуеттегі әлі жиналмаған төсегіне үстіндегі киімімен жата кетті.

Ақан әлгі сөзді қанша жігерлене айтса да, Бүркіт одан таусылған адамның шарасыз шешім үнін естіді. Ақанға төнген қара қарға енді өзінің жүрегін қанды тырнағымен тырнап жатқандай, жаны қатты ауырып кетті. Бұл шешім тірі адамның өзіне деген үкімі екенін енді әбден түсінді. Абыржып, Ақанға қарады. Жас ақынға оның бұл жатысы сұлап жатқан өлік секілді болып көрінді. Ақ жастыққа ұзын қара шашы төгіле, сұп-сұр болып кеткен... Екі қолын кеудесіне қойып, көзін жұмып алыпты. Кереуеттің бас жағында тұрған шойын денелі Әкпар Ақанның басына қойған мызғымас құлпытас тәрізді. Бүркіт өз ойынан өзі тағы да шошынды. «Қасиетін мәңгі жоғалтпас сом алтындай, жер бетіне сирек келетін осынау өзгеше жаратылған дарын күш расымен өлексе күткен қара қарға — дағдарыстың жемі болмақ па? Жоқ, ол мүмкін емес! Құтқару керек! Құтқару керек!»

— Ақын аға, әлгідей сөзге аузыңыз қалай барады?— деді ол ұстазына жігер бергелі,— өзіңіз айтпап па едіңіз, дүниеде жазықсыз жанның құрбандығынан өкінішті еш нәрсе жоқ деп?

— Жазықсыз жан... Кім айтты менің жазығым жоқ деп?— Ақан жастықтан басын да көтермеді. Нағыз бір ауру жандай қинала сөйледі.— Жоқ, Бүркіт, менің жазығым мол... Кешпейтіндеріне көзім жетеді...

— Олай болса, қашу керек!— деді бағанадан бері мызғымай тұрған Әкпар, бірдемені шорт кескендей, морт сөйлеп.

Ақан жастықтан басын көтеріп алды.

— Қайда?

— Қытайға! Түркияға!

Бүркіт Ақанға қарай қалды. Егде ақын оның неге былай қарағанын түсініп, орнынан ұшып түрегелді. Көзі кенет ашу төгіп, жарқ-жұрқ етті. Енді өңі әп-сәтте әлсіздіктен құлан-таза арылып, өзінің әдеттегі тегеурінді қалпына енді. «Бәсе, менің ұстазым осындай болуға тиісті еді ғой,— деді Бүркіт ішінен,— «Қыран қайғырып өлмейді, қартайып өледі»,—дейді ғой жұрт. Ақын Ақан да ақиық қыран емес пе еді!»

— Ақын өмірге өлексесі үшін емес, өлеңі үшін келеді,— деді Ақан Әкпарға түксие қарап, —Қытайға. не Түркияға қашып, мүмкін, өлексемді құтқарармын, ал бойымдағы дарынымды қайтемін? Өз елің, өз тілің болмаса, дарының сенің кімге керек?.. Сол дарынымызды бағалайтын, өркендететін өз еліміз, өз тіліміз болсын деп күресіп келген жоқпыз ба? Қаш дейсің! Мен халқымнан қашсам, менің бойымнан дарыным, жырым қашпай ма? Ондай өмірдің маған қанша керегі бар?.. Жоқ, Әкпар, мен еш жаққа қаша алмаймын. Өз жерімде, өз елімде, өлексем үшін емес, өлеңім үшін өлемін.

Осындай сөздерден кейін албырт жас жүрек қалай толқымасын, Бүркіт Ақанды қалай ардақ тұтпасын!

Әкпар бұдан әрі тіл қатқан жоқ. Сүліктей қап-қара қос қабағы дір етіп бір сілкінді де, қарс жабылып кетті. Сол қалпында, қайта ашылмай түнерді де қалды.

Осы кезде үйге ас дайындаушы семізше келген, бөкселі, ақ сары, жас татар әйелі кірді. Көзін жерден бір көтермей, қолындағы қымыз құйған ожаулы сырлы шарамен үш күміс кесені үстелге қойды да, үн-түнсіз, сол сызылған қалпында сұлу денесін сәндене теңселтіп, аяғын ырғала басып, шығып кетті. Ақан мен Бүркіт әйелге еш көңіл аударған жоқ. Тек Әкпар ғана қызыл көрген қомағай қаршығадай әйелдің соңынан қарап, оқыс қозғала түсті де, тына қалды.

Ақан сол тұнжыраған қалпында дөңгелек үстелдің қасына келіп, бір тізерлеп отыра қап, жаңа ғана қалаға жақын ауылдан өзіне арнап алып келген, ерте құлындаған биенің жас уыз қымызың, сырлы ожаумен сапыра бастады. Ана екеуі де үстелді жағалай отырды. Қымызды тамсана күткен сом денелі Әкпар даланың қомданғaн үлкен қарақұсы тәрізді. Қайғыдан иіні түсіп кеткен Бүркіт осы қарақұстың қасында тұғырға жаңа отырғызылған жас қаршығадан аумайды, бірақ іштей әбігер, қанатын қағар күші жоқтай, сұп-сұлық отыр.

Ақан нәшіне келтіре сапырылған уыз қымызды күміс кесеге құйып, қонақтарына ұсынды.

— Мінекейіңіз!

— Бұйырсын...

Әкпар қылқыта жұта бастады. Бүркіт кесенің шетіне ернін тигізер-тигізбес етіп бірер ұрттады да, қайтадан үстелге қойды. Тамағынан өтер емес. Оған қымыз емес, қайғы жұтқандай болып көрінді. Екі көзін телміртіп, Ақанның бетінен аудармай, тұнжырады да қалды. Қымызға емес, ақын ағаның осынау көрікті жүзіне тағы бір тойып қалайын дегендей, әлсін-әлсін қарайды. Жүрек сезбейтін сұмдық бар ма, кенет оған осы отырысы ұстазымен ақырғы рет отырысуы секілденіп кетеді. Ол Ақанға бұрынғысынан да құмарлана қарай түседі... Қара қарға енді Ақан ағаның иығына қонып алған, оның жүзінде қайтадан көпе-көрнеу әлсіздік пайда бола қалыпты.

Бүркіт Ақан үшін әлі де күреспек, қайтсе де сонау қара қарғаны одан қумақ, үркітпек.

— Ақан аға, сіз орынсыз жүдейтін секілдісіз,— деді ол.— Совет өкімет орнағалы, тисе, тек шын жауына тиіп жатыр, басқа жанға қиянат істеген жоқ қой. Сізге де тимейді. Бекер қобалжисыз...

— Бұл қобалжу емес, Бүркітжан,— деді Ақан орыннан түрегеліп, ерсілі-қарсылы тағы жүре бастап. — Бұл алдағы болар іске күні бұрын мойын ұсыну... Одан бөтен жол қалған жоқ.

— Мүмкін, бөтен де жол бар шығар?

— Жоқ, қалқам, үлкен халықтың кіші халықты өзіне бағындырғысы келетіні ежелден белгілі. Бұл - тарихтың ақиқат жолы. Бағындыру деген өзгенің жігерін құм етіп, жүректегі арманын сөндіруден басталады. Ол үшін ең алдымен халқы үшін тізгінге оралғы болатын ұлдарының үнін өшіру керек. Ал мен жырыммен де, жүрегіммен де оларға қарсы тұрдым.— Кенет ол қолын сермеді,— жә, бұл сөзді доғарайық. Менің тағдырым келешегімде емес, өткен күнімде.

— Неге олай дейсіз?—деп Бүркіт тағы сөйлеп келе жатыр еді, Ақан қайтадан бөліп жіберді.

— Жоқ, Бүркітжан, мен шығар қияма шығып болдым, бұдан әрі алатын шыңымның басында маған деген қақыраған аяз, долданған боран тұр, оған күшім жете ме, жетпей ме, оны өзім де білмеймін. Ал сендер болсаңдар, жаңа қанаттанған жас түлексіңдер. Сендердің шығатын биіктерің басқа. Ол үшін қандай жолға түсесіңдер, осыны ойлаңдар.

— Ақан аға, ол жолды өзіңіз көрсеткен жоқ па едіңіз?

— Жан ашуы кейде дұрыс ақылшы бола алмайды. Менің жүрегімді ақылдан гөрі, ашу билеген. Ал сендер өз жолдарыңды әздерің таңдауға тиіссіңдер. Бақыт болып көрінген елеске жетемін деп, астыңдағы атыңды зорықтырудың қажеті жоқ. Ат әлі ауылдарыңа баруларыңа керек.

— Сонда «ұлт», «ел» деген арманыңыздың бәрі де жалған болғаны ма?—деді Әкпар қабағын қарыс жауып.

— Құс жеткен жеріне қонады. Менің де жеткен жерім осы болған шығар, кешіріңдер. — Ақан кенет Бүркітті бауырына алып қысты.— Ал қош бол. Жалғыз тілегім: халқыңды сүй... Бірақ менше емес, өз жолыңды тауып сүй...

— Ақан аға...

— Жә, жә... болды,— деді Ақан,— барыңдар, шаршап кеттім. Азырақ дем алайын...

Бүркіт пен Әкпар ұстазымен мұңая қоштасып далаға шықты. Бұлар баспалдақтан төмен түсіп келе жатқандарында жоғары көтеріліп бара жатқан Ішкі істер халық комиссариатының әскер киіміндегі екі жігіт кездесті. Бүркіт оларға сезіктене қарады да үндемей төмен түсіп кетті.

Қара көлеңкелеу Ақанның бөлмесінен кейін күн сәулесі төгіле құйылып тұрған көше ғажайып салтанатты, жарық еді. Парад бітіп, мерекешілер тарай бастапты. Жұрттың даурыға сөйлеген сөздері мен қуанышты күлкілері естіледі. Бұрыштағы тапалдау келген қазақы ағаш үйден әлдекім барылдата ән салып жатыр. Сәл қарлыққан көңілсіз дауыс шиқылдаған сырнай үніне рабайсыз қосылып, тыңдаушыға жеткізейін дегендей, өлең сөзін машықтай айтады. Бүркіт пен Әкпар тыңдай қалды.

Әнші сәл тоқтай қалды да, тағы да сарнай жөнелді:

Созылған жол алысқа,
Жаяу жүріп келемін.
Барар жерім алыста,
Алыста және керегім.
Шығып едім қуанып,
Жете алам ба, сол жерге?
Сүйегім әлде қуарып,
Қаламын ба бір белде?!
Ей, дүние, шіркін-ай,
Қаламын ба бір белде?..

Дауыс берекесіз болғанмен, өлең сөзі ойда жатқан бір арманды аңғартқандай, алыс мақсатқа жете алмай қалам ба деген Асан қайғы жанының сары уайымы, сенімсіз болжауының сарынын сездіреді...

Бүгінгідей қуанышты, салтанатты сағатта мұндай өлеңнің ашық айтылуы — Бүркіт пен Әкпарға таң қаларлық іс. Екеуі де құлақтарын түре түсіп, құмарта тыңдауда, бірақ бұрыштан шыға келген «духовой» оркестрдің үні бұны бұзып жіберді. Сарнаған жалғыз дауыс оркестр маршының астында тұншығып қала береді.

— Біздің де үнімізді мына адамның даусындай етіп замана гүрілі жұтып жіберетін тәрізді ғой,— деді Әкпар жалпылай шешімге келіп.

Бүркіт үндеген жоқ. Ол тағы да ұстазы жайында ойлай бастаған еді.

Бұлар көшенің арғы бетіне шықты. Бүркіт бірдемесі ұмыт қалғандай бұрылып Ақан бөлмесінің терезесіне қарады. Кенет, әлденеден шошып кетіп, дауыстап жібере жаздады да, Әкпардың білегінен тап беріп ұстай алды.

Ақан терезені ашып, сыртқа қарап тұр екен. Алыстан жүзі өң-түссіз бозарып атып келе жатқан таң тәрізді, адам айырып болар емес. Ар жағынан біреулер көрінді ме, ол кейін бұрылды, сөйтті де, бір секунд та өтпей, секіріп терезенің алдына шықты. Бүркіт «Тоқта»! деп айқайлағанша болған жоқ, Ақан екі қолын көкке бір көтерді де, басын төмен сала суға секірген жандай, жерге құлай жөнелді.

Аспан айналып жерге түскендей, Бүркіт не болғанын білмей қалды. Сәл есі кірген кезде, Ақан құлаған жаққа ата жөнелді. Бірақ білегінен ұстаған кісендей берік қол оны орнынан тырп еткізбеді.

Бұл кезде Ақан құлаған үйдің жанына жұрт у-шу болып жиналып та қалған еді.

— Жүр, кеттік,— деді Әкпар ызғарлы үнмен сыбырлай сөйлеп. Ол Бүркітті білегінен мықтап ұстаған қалпында келесі кешеге сүйрей жөнелді.— Жаудан емес, өзінен, күрестен қашқан адамға енді сенің көмегіңнің керегі жоқ.

Бүркіт босанбақ боп қимылдап көріп еді, қысқаштай жабысып алған Әкпардың қолы қозғалтар емес. Қысыңқырай түссе, білегін уатып жіберетін.

— Өлген адам өлді, оған енді ештеңе де істей алмайсың,— деді Әкпар тағы да,— қазір бізге жат кісінің көзіне түсудің еш қажеті жоқ.

Әкпардың босатпайтынын білген соң, Бүркіт амалсыз көнді. Екі-үш көше өткеннен кейін барып:

— Бұл не деген сұмдық?—деді ол булыға,— өзін-өзі ажалға қиюына қарағанда, Ақан аға өз ісінің дұрыстығына сенбеген ғой!..

Әкпар Бүркіттің сөзін бұрып әкетті.

— Жоқ, бұл сенбестік емес. Өз ісіне сенген адамның күресуге жол таба алмай дағдарғаны.

Кенет Бүркіттің көз алдына бағанағы қара қарға тағы елестеп кетті. Тіпті қасына келіп: «Ұстазың өлді, ұстазың өлді, қарқ қарқ!»—деп айнала табалай ұшып жүрген тәрізді. Осы қара қарғаны қуғысы келгендей, Бүркіт өкіне қатты айқайлап жіберді:

— Қандай қадірлі жан еді, қалай өлді?!

Әкпар Бүркіттің сөзін тағы жөндеді.

— Оны осындай өлімге жеткізген кім?

Әкпар Бүркіттің жарасының дәл үстінен басты. Анау ыршып түсті. Бағанадан бері жүрекке у болып жайыла бастаған ызаны Бүркіт бірден сыртына лақтырды.

— Өзге күнәларыңды кешкенмен, бұл зорлықтарыңды кешпеспін,— деді Бүркіт ызадан булыға.

Өлім қандай адамды болса да толқытады. Әсіресе таныс адамның жазықсыз ажалы арқаңа аяздай батып, жүрегіңді удай ашытады. Бұған дейін үн-түнсіз жатқан кейбір сезімдеріңді оятады.

Әкпардың Бүркіттен күткені де осы еді.

— Жолыңа мен серік. Міне, қолым!

Осы бір күтпеген өлім кенет Бүркіттің нәзік жан сезімін түршіктірді, өн-бойын ашуға толтырды. Дәл осы сәтте ол билей жөнелген көңіл күйігін баса алмай, имиген шот тырнақты қара құзғын Әкпарға қосылды. Алдағы өмір деген дарияға онымен бір қайыққа мініп, жаудан бірге өш алмақ етіп уәделестірді.

II

Өмірдің маңызын түсінемін деп шарқ ұру — еріккеннің ісі, ал оны шын сүйген адам қолынан келгенін аямай, сол өмірді жақсарта түсу үшін күреседі.

Бүркіт, аздаған ауқаты бар әкенің арқасында, сонау шашау биік құзды Баян тауының арасында бұлықсып жатқан Торайғыр көлінің жағасынан жеті жасында Түркістан жанындағы Қарнақ медресесіне келіп оқуға түсті.

Әлі есінде, сол бір мектепке келіп түскен күндері. Аспан айналып жерге түскендей ыстық... Қырқа үстінде бүкіл қазақ жері мен Түркістанға діни ғылымның ошағы болған, қалың мәуе ағашына бөленген көп құжыралы Қарнақ медіресесі тұр. Ақ сәлделі, қолына тәспі ұстаған қожа, молдалар. Қолтықтарына құран қыстырған, иіле сәлем берген кішіпейіл шәкірттер. Бұлардың ішінде жасы келіп қалғандары да аз емес.

Салқын желді, жасыл белді, Баянның таулы даласынан кейін оған бұл ара бір ғажайып басқа әлем тәрізді көрінді. Әсіресе, оны таң қалдырған Түркістандағы Ахмет Яссауидың әшекейлі заңғар мешіті мен жасыл бау-бақшаны көмкерген шымнан құйылған ұзын-ұзын дуалдар. Ақырған есек, қазандай-қазандай қауындар... Бәрі де жат. Бәрі де қызық. Бәрі де бөтен дүние. Алғашқы кезде бұл араға көндігу оған өте қиынға түсті. Ауылын, анасын сағынып, ыстық жастан көзі талай рет білеудей боп істі. Әсіресе, оған құмда жүгірген сары тышқан ізіндей ирек-ирек араб әріптерін үйрену өте азапқа түсті. Талай рет таяқ та жеді, жылады да. Әйтеуір, бірте-бірте көндікті-ау. Зады зерек, алғыр бала он екі жасында араб, шағатай, парсы тілдеріндегі кітаптарды ағыза оқитын халге жетті. Сөйтіп ол Шығыс әдебиетімен ерте танысты. «Шахнама», «Сал-Сал», «Зарқұм», «Мың бір түн», «Төрт дәруіш», «Ләйлі-Мәжнүн» секілді бүкіл жер жүзіне тарай бастаған парсы дастандары мен кітаптарының кей тарауларын жатқа соғатын болды. Ал он үш жасқа жеткенде әкесі бұны Ақшатыр қаласындағы орыс гимназиясына алып келді.

Бұл күн де Бүркіттің есінде...

Жайма-шуақ күздің айы болатын. Асау Ертіс жағасында ағашқа бөленген қала жатыр. Түркістандай емес, кең жалпақ көшелер, темір шатырлы, ағаштан салынған, тастан қаланған екі қабат әдемі үйлер. Адамдары да басқаша, ақ сәлделі молдалар некен-саяқ көбі картоз киген орыс, барқыт камзолды татар...

Бұнда да бірден орысша оқып кету Бүркітке оңайға тимеді. Бірақ бұны ешкім көк шыбықтың астына алған жоқ, ақ орамалмен тілін бұраған жоқ. Аз жылдың ішінде орыс тілін де, жазуын да үйренді. Әдебиетпен дұрыстап шұғылдану осы орыс мектебінен басталды. Орыс классиктерімен қатар, қазақ әдебиетін де көп оқып, көңіл қойды. Қазан, Ташкент қалаларында шыққан «Шора батыр», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» секілді қиссалардың бәрімен танысты. Ол қиял қанатына мініп, өмірге ойлана қараған жас өспірім шағынан бастап, әсіресе Абай өлеңдерін сүйіп оқыды. Өзі өскен ауылдың өзі білетін ел-жұртының көңіл күйін, қайғысын, мұңын, қуанышын, арманын түсіне білген ақын ағаның терең ойлы өлеңдері оның шын жан азығы болды.

Бүркіт ойлап кетсе, көз алдына елестейтін тағы бір кезеңі бар. Ол жігіт бола бастаған шағы. Сәнді қала жасыл ағашқа бөленген. Су жағасында серуендеген жұрт. Бүркіт жалғыз келе жатыр. Көзі тұманданып кеткен. Ол қалың ойда. Көңілінде тағы да Абай сөздері. Күйінішті арманға толған ақын өлеңдері есінен шығар емес, бұның да өкініші, арманы бола бастаған. Абай жолы, Абай мектебі бұның да жүрегіне шам жаққан. Сол күндері «Қайтсем сорлы халқымның өкінішті өмірін жөндеймін?» деген бұның да жүрегінде жарқын тілек туған жоқ па еді? Иә, сөйткен еді ғой... Сол тілек жаңа қанаттанған жас жанын бір үлкен мақсатқа апарып тіреді емес пе?.. Иә, және Сол кезде бойында ұйықтап жатқан жас арыстан — дарыны оянып, өзін де өлең жазуға шақырған жоқ па еді?? Иә, иә, сол бір оянған дарын шын арыстандай айбатты болып шықты. Оның бірінші шығарған дыбысы да арыстанның ақырғанындай, мүлгіп жатқан қазақ даласына тез-ақ жетті. Біреуді шошытса, біреуді қорқытты. Содан кейін барып ақын Бүркіт аз жылдың ішінде көзге түсті, ауызға ілікті. Сөйтіп жүргенінде ол Ақанға кездесті. Асқан дарынды ақын аға өзінің жалынды жырында «қазақ», «ел», «туған жер» деген көне сөздерге жаңа ұлттық мағына беріп, осы уақытқа дейін өмір алақанына сап тек мәпелеп келген, тау қиясындай қыспақ дүниені әлі көрмеген балғын жасты халқына деген шексіз махаббатқа баулыды. Ақ көңіл, баладай сенгіш ақын ағаны ол жанындай жақсы көріп кетті. Оның өлеңіне, өміріне еліктеуді шығарды. Иә, сол еліктеудің арқасында бұның да жырларында «қазағым» деген даланың сарнай соққан желі тәрізді қайғылы үн пайда бола бастады емес пе еді? Бірақ ерте құлпырған қызғалдақ, уыз жас, кейде ашық аспан тәрізді, заманының жаңа лебін де аңғаратын. Бағзы уақытта оның өлеңдерінде бір қуаныштың құдіретті серпіні де естілетін. Өстіп арбаға жаңа жегілген асаудай, даңғыл жолмен дұрыс жүре алмай, әлсін-әлсін бұрыла шауып, үрки тулап жүрген кезінде Ақан елді.

Сол бір қайғылы елім Бүркіттің қазір де көз алдында... Бұрын көк аспан алғашқы рет ұшқан құсқа қандай мөлдір, ұшан-теңіз болып көрінсе, Бүркітке де дүние сондай кіршіксіз таза, ғажайып кең секілденіп көрінетін. Қанатын қаққан сайын, жоғары шарықтай беремін деп ойлайтын. Ол өзіне де, өзінің қанаты болған жырына да сенетін. Халқым үшін қаққан қанатым талмайды, оның қонар бақыт шыңы да жақын деп түсінетін.

Өмірдің ұзақ, ауыр жол екенін, оның өкінішінің де, қуанышының да қатар жүретінін Бүркіт бұрын, басына іс түспегендіктен, бұлдыр ғана аңғаратын. Бақыттың су астында жатқан құм емес екенін, сүңги салып шеңгелдеп ала алмайтынын да енді ғана түсінді. Онай уысқа сыймайтынын да сезе бастады.

Ақан өлімі жас жігіттің көңіл дүниесінің астан-кестеңін шығарды. Бұзып-жарып өте алмайтын жарға әкеліп тіреді. Ақанның бар жазығы халқын сүйгені деп түсінген жасқа оның ажалы бір жан түршігерлік әділетсіздікке айналды. Бүркіт осы әділетсіздікпен қасық қаны қалғанша күресуге бел буды. Оның бұнысы зорлық көптен кішкентай баланың, күші жетпесе де, үлкен адамға жармаса түсуі секілді еді. Бірақ сонау тау құлатамын деген жастық шағында кісі бұның бәрін ойлай ма! Және аяулы адамнан айрылған Бүркіт секілді жаны күйінген жасқа алды-артыңды аңғармадың деп өкпелеуге бола ма? Оның өзінің жан дүниесі бар, дәл мұндай жағдайда Бүркіт секілділердің басқа өмірді ұмытуы табиғи іс.

Аға ақын осы бір ойламаған өлімімен өзінің ұстаған жолын ақтағандай еді. Бүркіт те осылай деп түсінді. Сондықтан ол бұдан әрі былғалақтамай, біржолата Ақан жағына шықты.

Жүрегін қайғы өртеген осы бір қиын сағатта, егер Бүркіттің жанында жаны ашыр, ұстам берер бір шын жолдасы болса, мүмкін ол бұлай бірден құлап кетпес пе еді, қайтер еді. Ал оның ақылгөйі бұл кезде тек Әкпар болды.

Әкпар мен Бүркіт бір болыстан еді. Гимназияға да бірге келіп түскен, бірге бітірген. Бірақ екеуінің арасы қызық. Жақын болса да алыс. Алыс болса да жақын. Дос болса да қас. Қас болса да дос.

Бұған себеп көп-ті. Әлі екі жол болып айрылмаған достық «қазағым» деген бір тілектестіктен, бір бағдардан туған. Ал екеуін іштей жауықтырған — әрқайсысының өз басының қызығы, өмірдегі бірінен-бірінің артық-кемдігі, махаббат дүниесі.

Әсіресе, араларындағы шешілмес екі түйін айрықша көзге түсетін.

Жасында өлеңге әуестенбеген қазақ кемде-кем-ақ шығар. Әкпар да өлең жазатын. Бірақ бұның ақындығы жүректен тулап атқан дарын көзі емес, табиғаттың бермеген қасиетіне өзін-өзі зорлау еді. Ақын деген ол кезде өте ардақты есім болатын. Бірден ел басқарар қызметке ілігіп кете алмаған Әкпар ақындық та жұрт аузында жүрудің бір жолы деп, өлең қуды. «Шын жыласа — соқыр көзден де жас шығады» дегендей, әрине, бұ да құр алақан болып қалмады, кейбір ұлтшылдық рухта «қазағым», «елім», деген секілді алғашқы айқай-шулы өлең-жырлары «Сана», «Айқап» журналдарында басылып та жүрді. Осы бір өлең қуған жастық кезінде Әкпар да, Бүркіт те Ақанды тапты. Бірақ өлеңді өмірімен тең санайтын Ақан Әкпардың дарыны жоқ екеніне көп кешікпей көзі жетті. Сондықтан да ол ақындық жағынан Әкпардан гөрі, Бүркітке көбірек көңіл бөліп, оны жұрт көзінше көтере бастады. Бұл алалау қызғаншақ ойлы Әкпардың Бүркітке ала көзбен қарауына себеп тудырып, іштей ол Бүркітті күндейтін болды.

Екеуінің арасындағы жаугерліктің екінші себебі — жұмыртқадай аппақ, қызыл ерін, оймақ ауыз, алтын шашты, теңіздің суындай ашық көгілдір көзді Ольга еді. Бұл — гимназия директоры, орыстың ескі оқығанының бірі Павел Николаевичтың жалғыз қызы. Ольга гимназияны биыл ғана бітірген. Сымбатты денелі, қазақ қыздарындай тірсегіне түсе бұлаңдаған қос бұрымды, оқтаудай түзу, бір асқан көркем жан. Қазақ жерінде туып, қазақ, жерінде өскен. Сондықтан да қазақшаға судай аратын. «Қос етек, бұраң бел», «Екі жирен» секілді арқа әндерін шырқатқанда, жұрт таң қалатын. Міне, осы Ольганы Бүркіт пен Әкпар екеуі бірдей жақсы көрді.

Екеуі де Ольганың суретті ескерткіш альбомына өлең жазды.

Әкпар:

Ойнаған су түбінде сусар едің,
Көргеннен саған мен де душар едім,
Бетіңнен бір сүйгізсең шөл қандырып,
Басылып асау тұлпар жусар едім,—
деп өзінің топас мақсатын айтса Бүркіт:
Өмір — теңіз, толқи өтіп барады.
Жастық — жалын, шалқи өтіп барады.
Азат таңда туған ыстық махаббат
Азат жанды шарпи өтіп барады.
Ольгам менің,
Өмірмен теңім,
Күлгенің — күнім,
Қайғы-өкпең — түнім.
Өзіңсің барым:
Ұятым, арым, —

деп жеріне орнай бастаған жаңа дүниеге қуанған жас сезіммен, жаңа ырғақты өлеңмен өзінің жүректегі арманын қызға жолдады. Әрине, ақын жанды жас сұлу, байлығына сеніп көкіген, аққу құсқа шүйгелі тұрған қара бүркіттей дөрекі Әкпардан гөрі, қол жетпес жұлдыздай арманы бар, дүниеге ойлана қараған Бүркітті таңдады.

Бұл соққы Әкпарға жеңіл тиген жоқ. Мызғымас қара тастай құр сыртымен ақ жай болғанменен оның іші бұлқан-талқан, жапырған ыза — қара түтінге толулы еді. Дегенмен, Әкпар апыл-құпыл тез қимылдар ашуға жол бермеді, жүрек жанып, осы қара түтін — ызамен үнсіз ыстай берді. Ал бұл қара түтіннің қара күйеге айналып бір күні жиылып сыртқа шығарын, әлде өмірбақи жазылмас жан жарасына айналарын — оны күні бұрын болжау қиын-ды.

Әкпар Бүркітке деген өшпендігін таспен бастырған жылан ініндей етіп, жүрек түбіне мықтап тұрып бекітті. Күнім туса, іште жатқан қос жылан — өшпендіктің де сыртқа шығар көзі болар, ал әзірге көкірегін от — өкініш күйдірген Бүркітті өз жолыма пайдалануым керек деді. Міне, осы оймен ол Бүркітті алдымен замандас, бір тілектес қазақ жастарымен бас қосып, алдағы күрес жолдарын белгілеп алуға көндірді. Бұған Бүркіт қарсы болған жоқ. Тіпті қуана мақұлдады. Бұлар бұл мәжілісті Ақанның қырқы күні өткізуге келісті. Күні бұрын саpaланып шақырылатын адамдардың тізімі жасалды. Бұл мәжілістің мақсаты: алдымен қазақ оқығандары болып пікір алыспақ, бұдан әрі қамдай жолға түсулерін кеңеспек. Өзге жұрттан оңаша болу үшін, ол кезде қазақ жастары бәлендей әуес ете қоймаған, ресторанда жиналуға ұйғарды. Міне, бүгін осы Ақанның қырқын беретін күн еді. Төбесінде алтын бедерлі ойыншықтармен, ұшып жүрген қанатты жалаңаш хор қыздарының суреттерімен әшекейленген кенезі ресторанның іші лық толы, әр тараптан жиналған кісі. Скрипка, күйсандық, гитар тартатын үш адамнан құрылған «оркестр».

Үшеуі де бірдей жанын салып ойнауда. Әсіресе, гитар тартушы. Өзі сәл мастау. Күйсандықтың жанында отырған бітеу жағалы, жеңін бүрмелеген ұзын көйлекті орта жасқа келіп қалған әйел жұртты менсінбей, тәкаппарлана қарайды. Сірә, бір кезде «болған үйден» шыққан жан екенін, енді қазір амалсыз күйсандық ойнап отырғанын көрсеткісі келгендей.

Дөңгелек үлкен үстелдерді қоршай отырған — сол кездегі сәнге еліктей, маңдайларын тарамдалған кекіл жапқан, жібек пен батсайыға малына киінген, барынша боянған жеңіл мінезді әйелдер, желеттерінің қалтасынан алтын сағаттарының баулары төгіле түсіп тұрған, ақ көйлекті, қара бантты, ағылшын бостонды тройкалы «НЭП батырлары» бай сәудегерлер. Гу-гу сөз арасынан олардың «Әй, мұжық тездетсейші!», «Адамсымағым, тағы екі бөтелке шампан жеткіз!» деген мәрдемсінген дауыстары естіледі.

Осы үлкен залмен іргелес келген кең бөлмеде бір топ қазақ жасы отыр. Бұлардың да алдында — тағам, шыны-аяқ кеселер... Бірақ арақ-шарап емес, қымыз, туралған ет... Қабырғада ілулі Қ. Брюлловтың «Помпейдінің күйреуі» атты суретінің біркелкі әдемі салынған көшірмесі. Ресторан иесі — бай саудагер «Дүние күйреуге айналды» деген ойды айтқалы, бұл суретті әдейі ілгендей.

Бөлмеде бірталай адам бар. Төрде — Бүркіт. Оның жанында — арықтау келген ақ құба, жұқа өңді, үстінде кеңірдек барқыттан тіккен толстовкасы бар жас жігіт. Бұл — Хасен. Бүркіттің руласы, кедей ауылдың баласы. Бұ да ақын. Бірақ Бүркіттен бұның жолы да, ақындығы да бөлек. Жалындаған отты жүректі қазақ жеріне келген жаңалықты, бала бүркіттей саңқылдаған өткір даусымен құттықтай жырлаған жас. Тілектері, жолдары бөлек болғанменен, Бүркіт бұны ағайындығын ортаға сала, әдейі шақырған. Бүгінгідей қайғылы күні Хасен де бізді түсінер, бізге қосылып та қалар деген дүдәмал сенімнен де құр емес. Үстел басындағы өзге жұртқа қосылмай, терезе алдында шылым тартып Әкпар тұр. Қабағы түсіп кеткен, қалың ойда, тек анда-санда Хасенге сескене, күмәндана көз тастап қояды.

Хасен Әкпарға бұрыла бір қарады да, қабырғада сүйеулі тұрған домбыраны алып, ақырын шерте бастады. Домбыра үні жүректі де шерткендей, үй іші енді бір сәтте түнере түсті.

— Жүрегің қалай күймесін, жаның қалай қапаланбассың —деді Бүркіт қайғыра сөз бастап,— аспандағы күннің көзімен бірдей арамыздағы ақын ағадан айырылдық. — Ол ауыр күрсінді.— «Бізді дәл осылай расымен жетім қалдырып кеткені ме?» деп өкінесің, тіпті сенгің де келмейді...

— Тастап кетейін деді дейсің бе?— Әкпар да күрсіне сөйледі. — Сөйтуге ол мәжбүр болған жоқ па? Тек өлім ғана соңынан түскен қуғыннан құтқарды емес пе?..

Хасен: «Тағы не айтасың?» — дегендей, Әкпарға бұрыла қарады, бірақ үндеген жоқ. Үй ішіндегілер де үн-түнсіз Бүркіт пен Әкпардан көздерін алмай, тына қалыпты. Бұлар әлі де олардан сөз күткен секілді. Бүркіттің дауысы енді қаттырақ шықты.

— Иә, жігіттер, бүгінгідей қайғылы күні біз секілді халқымыздың көзі, оқыған жастары тек қана қайтыс болған ақын ағаны жоқтағалы жиналып отырған жоқпыз,— деді сәл орнынан қозғалып.— Ұлы қасірет үстінде ардақты Ақан ағадай, қазақ деген кішкентай халқымыз үшін жүрегіміздің бар отын береміз деп уәделескелі жиналып отырмыз.

Хасен босап кеткен домбырасының құлағын ақырын бұрады да, жұртқа естілер-естілмес етіп, «Ақсақ құлан» күйін ойнай бастады.

Бүркіт сөзін жалғай түсті.

— Ақын аға қайтыс болғалы қырық күн өтті. Сол қырық күн маған қырық жылдан кем тиген жоқ. Жанымды қоярға жер таппадым. Жүрегімді ыза кернеді. Егер бұрынғыдай жауға жете шабатын батырлар заманы болса, қолыма найза алып, жауға жалғыз шабар едім. Әттең не керек, ол заман сағынсаң да, қайта оралмас сағым болып шықты. Қолдан келері көкіректегі кекті алдаспандай жауға қайрай беру екен. Ақан аға өлімі маған ең алдымен осыны аңғартты.

Кенет домбыра үні үзіліп кетті. Жұрт Хасеннің бетіне қарай қалды. Анау орнынан созылыңқырай түрегелді.

— Ал мен Ақан қабырының басында тұрғанымда, ең алдымен ойыма келгені оның өлеңі болды,— деді Хасен сыбырлай сөйлеп.— Ақан көрген алтын күнді біз де көріп жүрдік. Ақан басқан қазақ жерін біз де басып жүрдік. Бірақ оның өлеңін оқысаң, сол күн сен көргеннен гөрі сұлулау да, сәулелі де секілді. Сен басып жүрген қазақ жері де өзгеше тәрізді. Кеңдеу де әдемі. Сөйткен дарынды ақынның жас қабыры маған кенет қабыр емес, халқымыздың кеудесіндегі жара секілденіп елестеді.

— Жақсы айттың, Хасен,— деді Бүркіт,— Ақан өлімі халқымыздың кеудесіндегі жарасы деп... Сол жараны ұмытуға бола ма? Кешіре аламыз ба?

— Кімге кешіре аламыз ба дейсің?

— Әрине, мыналарға,— ол көрші залда отырғандарды меңзеді,— осылар емес пе Ақан өліміне себепкер болған?..

— Олар айыпты емес.

— Онда кім? Әлде менмін бе?!

— Сен де, мен де, осы отырған өзге жұрт та айыпты емес. Сондай үлкен дарынын аямаған, халқының тілегіне қарсы келген Ақанның өзі айыпты. Оның өлімі кімде-кім жұртымен бірге болмаса, осындай күйге ұшырайтынын ескертеді. Әсіресе, Бүркіт, сен секілді әлі жолын дұрыс таба алмаған, шатасқан жанға бұл үлкен сабақ.— Бүркіт бірдеме деп келе жатыр еді. Хасен, «Қоя тұр!» дегендей, қолын бір сілтеді де, сөзін жалғай берді.— Айыпты дейтін болсаң, Қасым қылығын қалай түсіндіресің?

Қасым уақиғасы бұл отырғандардың бәріне мәлім, бір кезде қазақ ауылын сілкіндірген уақиға.

Ертіс өзенінің бойында қыстауларынан алысқа ұзамай, жаз болса азғантай малдарын көл жағасында бағып отыратын Арғын руына кірме бір кедей ауыл барды. Сол ауылдың ақсақалының бірі — Молдабек деген шал. Ақ шатыр қаласына бір барғанында атының артына мінгестіріп жалбыраған зығыр шашты, көгілдір көзді орыстың жеті жасар Костя деген жетім баласын ала келген. Ондағы ойы — балаға ержеткенше қозы бақтырып, ержеткен соң қаласына қайта апарып салу. Қосылғалы әйелінің пұшпағы қанамаған Молдабек көп кешікпей бұл ойынан бірден қайтты. Костя ақ көңіл, адамның іші-баурына кіріп тұратын жұмсақ мінезді, бауырмал бала болып шықты. Молдабекті «көке», оның әйелі Биғайшаны «апа» деді. Бала көре алмай зарығып жүрген ана Костяға құлап түсті. Тумаса да туғандай көрді. Ақырында кең пейілді кемпір-шал баланы молда шақыртып сүндетке отырғызып, атын қазақша Қасым қойып, біржолата бауырларына басты. Қасым да оларды туған әке-шешесінен кем көрмеді. Әне-міне дегенше, қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, «Қамажайды» шырқата айтып, нағыз қазақ баласы болып кетті. Ауыл балаларымен бірге асық ойнап, тайға мініп, көңілдене өсе берді. Сөйткен Қасым он тоғызға толғанда солдатқа алынып, он алтыншы жылы соғысқа жіберіледі. Ауылда өсіп, хат тани алмай қалған Қасым үш жыл майданда көрмеген қорлығын көріп, ақырында, арып-ашып, қойнында ұшы кесілген қысқа мылтығы бар, ауылға қайтты. Қайтқаны не керек, ол жан шошынарлық қанды уақиғаның үстінен шықты: Қасым келерден бір күн бұрын Дутовтың қазақ «кәрлі қылыш» деп атайтын каратель тобы көл жағасында отырған Молдабектің жеті үйлі кедей ауылын, «қызылдарды тықтыңдар» деп, шауып кетеді.

Ауылдың ержеткен ұл-қызын, азамат жігіттерін былай қойып, кәрі Молдабек пен Биғайшаны бас етіп, бесіктегі балаға дейін қырып салады. Атқанын атып, шапқанын шабады. Бүкіл ауыл үстін телегей-теңіз қанға көмеді.

Арып-ашып, сөйтсе де бірге өскен құрбы-құрдастарымды, кәрі әке-шешемді көремін деп, сонау қаладан жаяу, асыға келген Қасым қырылып жатқан бауырларының үстінен шығады. Есінен адасуға таяу тұрған Қасымға бүкіл ауыл адамдарынан тірі қалған жындана бастаған жалғыз ақсақ кемпір:

— Бәрін, бәрін орыстар қырып кетті!— деп шашын жайып, ойбайын салып түсіндіреді.

Осы кезде қаладан бұл уақиғаны естіген қызыл әскер отряды келеді. Бір тобы Дутов бандыларын қуып кетеді де, қалғандарды көр қазып, өліктерді қоюға кіріседі. Боп-боз болып көзінен бұршақтай жасы домалаған Қасым да өзі өскен ауылының адамдарын, бірге ойнап-күлген құрбыларын көмуге қатынасады. Қанша қиын болғанмен, қолына күрек алып, қазылып жатқан жердің бір шетіне барады. Күн бата қабыр қазылып болып, шіри бастаған өліктерді, ардақтап қоюға мүмкіншілігі жоқ қызыл әскерлер, терең қазылған орға бірінің үстіне бірін сала бастайды. Қасым нағыз есінен айырылған жан секілді, не істеп, не қойғанын өзі де білмейді. Бір қызыл әскер мен екеуі өн-бойы қылышпен айқыш-ұйқыш шапқылаған Биғайшаның кәрі денесін көрпеге орап, орға жеткізе бергенде, аз уақыт толықси кеткен ақсақ кемпірге кенет ес кіріп, дударланған шашын жұла:

— Қасым-ау, Қасым, не жазып едік біз әлгі көк жендеттерге!? Діні мен тіліне түсінетін бе едің, айтсайшы жазығымызды?!—деп зарлана айқай салды.

Қасым бұл кезде өр жағасында тұрған-ды. Кенет гүрс еткен мылтық даусы естілді. Жүгіре жиналған қызыл әскерлер қанға малынып жатқан Қасымды көреді. Шолақ мылтығымен дәп өкпе тұсынан өзін-өзі атыпты.

Оқ жүректен ине ұшындай алыс өтіп, Қасым бір жыл ауруханада жатып түрегелді. Жазылысымен, құрып кеткен ағайын-туысын жоқтатпаймын деп, қайтадан өзі өскен ауылының қалған жұртына келіп, көл басына жападан-жалғыз үй тігіп, жаңа өмірге кірісті. Көп кешікпей бұның жанына өзі секілді қара табан кедейлер жинала бастады. Бұл уақиғаны жұрттың бәрі білетін. Және Қасымды жұрт бұрынғысынан да жақсы көріп, енді қазақ атаулысы оны шын құрметтейтіні осы үйде отырғандардың бәріне де мәлім еді. Бұл уақиғамен Бүркіт те таныс. Қасымды көзі көрмесе де, бір кезде ол туралы «Бауыр» атты дастан да жазбақ болған. Хасеннің сұрағына ол енді екі ұшты жауап берді.

— Қасым — қазақ.

— Ал Ольга Павловна ше?

Бүркіт үндемей қалды.

— Жоқ, жігіттер,— деді Хасен жан-жағына қарап,— қазақ жеріндегі қазіргі тартыс — он алтыншы жылдағыдай бұқараның патша зорлығынан бас тартқан ұлттық тартысы емес, тап тартысы. Біз ұлттық тәуелсіздікке жеткен халықпыз. Ал Ақан өлімі — өзінің ұстаған бағдарынан көңілі қалған адамның өлімі. Халқының ертеңгі күніне сенбеген адамның өлімі.

Бүркіт кілт ойлана қалды. «Ақан ажалы туралы дәл осыған ұқсастау пікірді Әкпар да айтқан жоқ па? Иә, иә. «Жаудан емес, өзінен, күрестен қашқан адамға енді сенің көмегіңнің керегі жоқ» деп еді ғой ол, ақын терезеден құлап жатқандай. Тек жалғыз мен ғанамын ба Ақан өлімін халық құрбаны санайтын?.. Бүркіт ой ұшына жете алмады, Әкпар бөліп кетті:

— Ал халқымыздың «ертеңгі күнінің» қандай болатынын қайсымыз білеміз?— деді ол қабағы әдетінше дір етіп сілкіне қарс жабылып.— Осы бір дүдәмал ой көкірегімізге шаншудай қадалып тұрған жоқ па?.. Әсіресе сорлы қазақтың басынан өткен нелер алуан қиындықты есіңе түсірсең, қабырғаң қайысып сынып кеткендей болады! Бәрімізге бесік болған осынау сарғалдақтай сарғайған Сарыарқаның үстінен гүндердің, жоңғарлардың, Шыңғыс ханның, Ақсақ Темірдің құмырсқадай қаптаған қолдарының өткенін білмейтін кім бар?! Қанша қан төгілді, қанша халық қырылды! Шабылған ауылға, төгілген жасқа сан жете ме? Мүмкін бүгін бізде ел де, жер де болмаған болар еді, егер біздің көреген ерлеріміз Россия патшасының қол астына кірмегенде... Ақ жүрек адал қайраткерлеріміздің бұл қылықтарын сөкет көретіндер де аз емес, бірақ олар екі зұлымдықтың жеңілін таңдады. Халық болып біржолата құрып кетуден көрі, тәуелсіздіктен айрылып, елін, жерін сақтауды дұрыс көрді.

— Сол ұлттық тәуелсіздігімізді жойған Россия патшалығының өзі де құлады ғой,— деді есікке таяу отырған, ашамай сүйекті, тарамыстай қатып қалған қара сұр жігіт.

— Дұрыс айтасың, Қаражан.— Әкпар риза болғандай ана жігітке қарады.— Сол Россия патшалығының құлауымен байланысты біздің де алдымызда қадірлі міндет туды: жалпақ далада бытырап жатқан қалың қазақты ағa-інідей бауырмал бір ұлтқа айналдыру керек...

— Айналдыр. Айналдырма деген кім бар?— деді Хасен ұнатпаған пішінмен даусын қаттырақ шығарып.— Оған кім кедергі болды?

— Орыс большевиктері!— Әкпар да айылын жимай жауап берді.— Кедергі болған орыс большевиктер! Олар ойлап шығарған тап тартысы қазақ даласында жоқ дүние! Жұртты бай мен кедейге бөлу! Әйел теңдігі! Ата жолын бұзу!— Әкпар үнінде кенет бір бұрқасын пайда болды.— Осындай дымға тұрмайтын ұрандармен орыс большевиктері баланы — әкеге, ініні — ағаға, әйелін — еріне қарсы қойды... Жоқ, бүйтіп біз ел бола алмаймыз. Халқымызды енді бөлшектеуге бермеуіміз керек. Баспасөзді қолымызға алып, қараңғы ел-жұрттың көзін ашуға тиістіміз! Күресуге міндеттіміз!

— Күресуге міндеттіміз?— Хасен орнынан түрегеліп, ерсілі-қарсылы толқи жүре бастады,— Не үшін, кім үшін күресуіміз керек?

Әкпар ашудан қара күреңденіп кетті.

— Боз торғайдай кішкентай болғанмен, биік ұшар халқымыз бар. Сол үшін күресеміз!

Хасен де сұрлана түсті.

— Ал сол кішкентай халқың қазір екіге бөлініп тұрған жоқ па? Күнін әзер көріп отырған кедейі бар да, ақ майды аяғымен теуіп отырған байы бар. Қайсысының қызығы үшін күресесің?

— Бөлме, бөлме азғантай халқымды,— деді Әкпар екі иығынан демін әзер алып.

— «Ел» деп еңірегенде етегің жасқа толады,— деді Хасен мысқылдай,— ал ойлаған ісіне келсек, жан түршігеді. Қазақ жеріне Қалқаман мен Мамырды оққа байлаған Әнет бабаның қатыгез дәстүрі қайта орнаса екен дейсің... Жоқ, Әкпар, өткен күн өкінсең де қайта оралмайды. Тағы құландай, ұру-ұру боп жалпақ даласында шұбырған қалың қазақ енді етек-жеңін жинап, ел болмақ.

— Ел болуды советтен үйренбексің ғой? Жоқ, Хасен, оның болмайды. Сен «құлан» дейсің, мен «қыран» деймін, екеумізге бірдей ортақ ел-жұртымыз бар. Егер де кімде-кім оның қанатын кесіп, жем құсына айналдырғысы келсе, ол — менің қас жауым. Біліп қой, осыны!

— Қойсаңдаршы кикілжің сөзді!— деді жасы үлкендеу бір бұжыр бет, сары жігіт.— Біз бүгін саясат


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!