Әңгіме: Мұхтар Әуезов | Ол күнгі Алматы

Әңгіме:  Мұхтар Әуезов | Ол күнгі Алматы казакша Әңгіме:  Мұхтар Әуезов | Ол күнгі Алматы на казахском языке


Қара ұрт оны әбден түсінеді. Бірақ көптен көріспегендіктен мынаның қалайша оралдырып жүргенін естімек еді. Өзінікіне ұқсай ма, жоқ па? Соны байқамақ. Сондықтан:

— Шын ба, елуге жете ме? — деді.

— Жетпей қоя ма? Өзің ойлап көр. Охотыға қалай шықтым, солай кем болса бір түс киіз, бір сырмақ, немесе алаша, кілем, не болмаса сандықта жатқан ішік, шапан алам! — деді. "Охоты" деген соңғы айларда бұлардың тілінде ауылға барып, шабуыл жасап қайту мағынасында болатын. Семіз қызылдың бұл айтқаны шын екенін осы Фонтан көшесінің өзі-ақ өн бойында көрсетіп тұр.

Әр көшенің басынан кіре бере, Тәшкен аллеясына шейін байқап отырсаң: әлденеше бақшаларда, немесе тәуір үйлердің терастарында ылғи қызарып, аламыштанып, жарқырай жайылып тұрған қазақы қолды жасауды көресің. Бұл үйлердің бәрі де қала чиновниктері мен көпес, немесе мещан атауының үйлері. Соның кейбірінде әдемі оюлы сырмақ, кейінде шебер кестелі түс киіз, кейінде су жаңа; мұндай қызарғаны жоқ үйлер салам шатырлы, аласа дуалды кедей шоқпыт үйлер ғана. Одан басқаның бәріне қазақ аулынан шыққан жасаулы келіндер түскен дерсің.

Бағанағы шал-кемпірді шошытқан қала бұл күндерде сол айналасын жалмап жұтып, қызара бөртіп тұрған талан-тараж қаласы еді. Семіз қызыл осы жасауларды әлгі чиновник, тілмаш, көпестердің үйіне жеткізіп, арзан қол қып өткізушінің бірі еді.

Бұлардан өтіп кеткен соң, көшпен Балташ тағы екі жерде стражникке кездесіп еді. Бірақ алғашқыларға ерегіс үстінде айтқан жауабын Балташ енді ылғи шын етіп қолданып, анау-мынау қақпайына көнбеді. Көшті жолай қорғаштап отырса да, Балташ шал-кемпірмен сөйлескен жоқ. Жалғыз-ақ Тәшкен аллеясына жақындай бергенде кемпір аздап есін жия бастап, көк қойдың күйігін енді сезе бастады:

— Соғымға деген жалғыз қойымыз еді. Қақпайға түсіп кете барғаны мынау, — деді.

Балташ өз ойының бір түйініне тірелгендей болып:

— Қақпай!.. Қақпайда көк қой түгіл, мен де кеттім! — деп өз жайын өзі тағы мысқыл етті.

Үш күннен бері бойын кернеген ыза қазір тамағына жиылып тастай тығылып, алқымдап келеді. Кейде ащы суық жастай боп көзіне жетпей, көмейінен іркіле қайтып, у тамшысындай жұтыла-жұтыла келе жатқан сияқты. Соңғы күндердің ызасы қат-қабат.

Ең әуелі бұл өзі іспесікте жоқ еді. Қаладағы үлкен диірменнің жұмысшысы болған соң, байы:

— Сені ешкім алмайды. Жібермеймін. Тіркесе, сұрап та ала алам, — деген.

Сонымен қаперіне еш нәрсе алмай жүргенде бір күн кешке пәтеріне үлкен Алматы болысының атшабары салып келді. Тығыз бұйрық беріп, "пәберке" орнына бар — дейді. Басында Балташ:

— Мен сенің ауылдағы күлге аунатып жейтін үн шықпасың емеспін, галава не марош! — деп тәлкек қып еді, анау болмай, қадалып отырып алды. Байы біліп, бұрынғысынша "жібермейміді" де айтты. Бірақ болыс тақымдап қалмады. Сұрастыра келсе, бұрынғы іспесіктерде жоқ екен. Ал, соңғы күндерде қала толған пара, сұмдық, қулық емес пе? Болыс, тілмаш, пристав дегендер талайды-талай саққа мінгізіп жатқан жоқ па?

Законге жүйрік қу болыс дәл соңғы күндерде бір момынның жігітін дәл осы қалаға келген жерде, іспесік тапсырылып қойған соң, жүз қой пара алып босатыпты да, орнына бір жігітті тығу керек боп, Балташқа жабыса кетіпті. Мұны әкететінін біліп, байы Балташтай әрі мықты, әрі тәжірибелі жұмыскерлерден айрылғысы келмей, әрекет істеп, қайтадан алып қалуға айналған екен. Соның жауабын білейін деп Балташ өткен дүйсенбі күні кешке байдың қақпасына бет алып келіп қалып еді. Ар жағынан баймен қоса қызара бөртіп шығып келе жатқан болыс пен атшабарды көрді. Бай да, болыс та бұған тақай берді:

— Амал жоқ, кететін болдың! — деді.

Балташ ыза болғаннан жалынбады... Жөнін де сұрамады. Үн қатпай бұрылып тарта берді. Жүз қойдың жиырмасын болыс мына байға өткізіп, дәлін айтқанда Балташты сыртынан сатып, кетіп барады екен.

Сонымен алдыңғы күн тәңертеңнен Балташтың жалғыз арманы сол болысты енді бір тауып ап, жалғыз-ақ ауыз сөз айтып, содан фронтқа әзірлене бермек еді. Түс кезінде төменгі базарда көп жиынның ортасында, көк жорғаның үстінде тұрған болыстың қасына келді де:

— Елдің жақсысы, жаманы деген әкеңнің аузын ... сволыч, немен жақсы десем, жүз қаралық иттікпен жақсы екен ғой, — деді.

Болыс тырсиып, жарыла жаздап, танау қағып бір қарады да, Балташтың қанын ішіне тартып тұрған суық түсінен, еңгезердей бойынан, шәйнектей боп түйіліп тұрған жұдырығынан қорқып, жотасын беріп сырттай берді. Өтірік естімегей кісі боп тайқып кетті.

Сүйткенше болмады, қаптаған көп стражник бар лапкені жаптырып, сауданы тоқтатып, базардағы бар халықты бір жаққа жүресің деп айдап, ығыстырып келеді екен.

Болыс өз тұсына келген бір таныс стражникке Балташты сыртынан нұсқап:

— Мынаны да айдап апарып көрсет, жырылып кетпесін, — деді.

Сонан соң Балташ қанша шатақтасып бармаймын десе де болмай, әлгі стражник көппен бірге айдап отырып, Боралдайға қарай бұны да әкетті. Боралдайда ол күні мұның көргені әлі көз алдынан кетер емес, жігерін қайнатқан ызаның молы сол. Балташтың көз алдында Ұзынағаш, Қастектің сегіз азаматын дарға асты. Қайран Бекболат! Аяқ-қол байлаулы күйінде дардың астында тұрып, дәл басына қап кигізер жерде сұп-сұр боп ап, дауысын саңқ еткізіп:

— Қайран ел, қош, — деді.

Қаппен ілесе мойнына ілінген бұғау аспанға қарай іліп ала жөнелді. Төрелі, көпесті, стражник, тілмашты қатал қала оны қандай тамаша етті!

— Кәпір, жалмауыз қала, жат қала, суығын-ай! Бөтенін-ай! — деп Балташ кемпір-шалға қарады. Олар қайтіп үрпимесін.

— Осы қалаға он жасымда келген екем. Он бес жыл өмір кешіппін. Бүгін, міне, өлім аузына кетіп барам. Сен болдың не, болмадың не? Елеген бар ма? Шымбайына батып, тым құрса "алда байғұс-ай!" — деп есіркеген бақ, дуал, не батпақты көше бар ма! Қуғын жеген бұралқы иттей кеттің де бардың!.. — деп батпағы орқаш-орқаш боп тоңданып жатқан сұр көшеге қарады.

Тәшкен аллеясына жетіпті. Обоздар сайда көп боп тіркесіп қалған екен. Кететін азаматын шығарып салатын елді ылғи жаяулатып, көліктерін басқа көшелерге тастапты. Әрбір арбаның тұсында ауылдан келген еркек-әйел топ-топ боп ұйлығып жүр. Белдері бүгілген, көздері қызарып, добалдай боп іскен. Беттен аққан соралары айғыз-айғыз. Түстері де киімдері сияқты шетінен жүдеу, сұп-сұр.

Балташ стражникпен сөйлесіп, бір алаңдау жерді тауып, көшті содан көлденең өткізіп салды да, шал-кемпірге жалғыз-ақ ауыз сөзбен:

— Қош! — деп кейін бұрылды.

Келді де, сұрастырып жүріп, өзінің жүзбасысын тауып алып, сол нұсқаған арбаға жүгін салып, өзі де ырғып мініп, екі жеңін сұғыстырып ап, мелшиіп қарап тұрып қалды.

Енді байқады: айналасының бәрі күбірлеп, зарлап, қош айтып, күңіреніп жылап тұрған көздің жасы екен!

Қасында қатар отырған қойкөз сары жігіт еңсесін көтере алмай бүгіліп, бөрігін көзіне киіп ап, біресе "аһлап" кетет те, біресе егіліп-егіліп, кеңкілдеп кетеді. Қарсы алдында күндік киген кәрі шеше ыңыранып, бүйірін таянып тұрып, сыбырлай жылап, жоқтау айтады:

— Жалғызым, қуатым! Сұмырай болыс, қуарған қала... Обырдай оптың ба жалызымды!.. Жұттың ба басымды... Жерің кеңісе егін ек, міне, менің тұлдыр болған орныма! — дейді.

Балташ пен екі жолдасы кеп, қоштасып қалды. Бұны шығарғанның бары сол. Олар да өзіндей жұмысшылар еді. Ешқайсысы да жыласқан жоқ.

— Өзге жұрттың жылауы аз боп жатыр ма, жыламайық! — деген Балташ ...

Олар мұны арқаға қағып:

— Бала емессің, жолды, жөнді білесің. Қайта көпті көріп, көзің ашылады. Жәлейт қылма! Сыбағаңды жегізбессің! — дескен.

Дәл обоз жүрерде олар:

— Но, тірі қайт, аман бол, паршай-паршай! — десіп қала берді...

Обоз қозғалғанда байқалуы банағы жылаулар түк емес екен, қоштасу, зарлаулар ылайсаң сұм көшені де, сұп-сұр болған суық қаланы да енді күңірентті.

— Бауыре-е-м!.. Жалғызым!.. Жан жарым!.. Қосағым!.. деген зар-шер үндері бірінен бірі өтіп, асып кетеді...

Қаладан ұзап шыға бере талай кемпір-шал жылау зардан арбаға ілесе алмай талып, жығылып жатыр. Үндемей, мелшиген күйінде, сұп-сұр болып отырған Балташ, енді тау жаққа қарап отырған бетінде қазақ зиратын көрді. Соның қасына кеп қалысқан екен. Бұл кезде арба қасында шұбырғандар да, арба үстіндегі жігіттер де тегіс ауыздары күбірлеп, құран оқи бастады. Тоңазыған қолдарымен бірі артынан бірі дұға қып беттерін сипасады. Барлық суық жау Алматы қаласынан мынау елге жылы да, жақын да көрінген жалғыз орын осы тәрізді. Бұған деген көңіл де қалыпта, жарықшақ та жоқ секілді. Ажарсыз сұп-сұр молалармен қатарласа бере Балташ та бетін сипады. Барлық көпшілікпен бірге мұның да құран оқып, тие берсін айтып келе жатқан аруағы: кеше осында көмілген Бекболаттың аруағы еді...

... Ол күндегі Алматының сол зираттан басқа түсі "лағнет" айтқызған түс еді.




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Әңгімелер жинағы, әңгіме Мұхтар Әуезов Ол күнгі Алматы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Мұхтар Әуезов Ол күнгі Алматы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Мұхтар Әуезов Ол күнгі Алматы туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Мұхтар Әуезов Ол күнгі Алматы на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересн, Әңгіме: Мұхтар Әуезов | Ол күнгі Алматы ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер