Әңгіме: Шерхан Мұртаза | Сары бала

Әңгіме:  Шерхан Мұртаза | Сары бала казакша Әңгіме:  Шерхан Мұртаза | Сары бала на казахском языке


Телестудияның тілшісі Бақтыбай Айнабеков деген жігіт телефон соқты.

— Аға, Тұрар Рысқұлов туралы жарты сағаттық хабар ұйымдастырсам ба деп едім. Бұл телебасшылардың ұйғарымы. Соған сіз өзіңіз және Тұрекеңді білетін кісілер қатысса... Тұрекеңді білетін кісілерді сіз білесіз ғой. Өзіңіз айтсаңыз.

Бұл 1984 жылдың желтоқсаны еді.

Хабарға өзім қатысуын қатысармын - ау. Білгенімді айтып бағармын - ау, ал Рысқұловты көрген - білген адамды қайдан табамын? Рысқұловты көрген, киын - қыстау заманның езінде қызғыштай қорғаған бір азамат бар еді, ода дүниеден өтіп кетті. Қарт журналист Рахмалы Байжасаров еді. 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталып, 1955 жылы босанып еді. 1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне «Тұрар Рысқұлов» атты көлемді мақала жазып еді. Жазбақ тұрмақ, атын сыбырлап айтуға бата алмаған кез болатын. Ал Рахмалы сол соншалықты «қорқынышты» есімді қорғап, ақтап жазады. Оған бас редактор Қасым Шәріпов қол қойып, жарыққа шығарады. Сөйтіп, Тұрар Рысқұлов кайта тіріліп келгендей болады. Адамдар бір-бірінен сүйінші сұрап, қуанып қалады.

Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Нұрымбек Жанділдин қаһарына қатты мінеді. Оның тапсырмасымен Рысқұлов туралы қайтадан редакциялық мақала жазылады. Бұл мақалада Тұрар Рысқұлов «буржуазиялық ұлтшыл», «ұлтшыл уклонист», «пантюркист» болып айтылып, қайтадан қапасқа құлайды. Бас редактор Қасым Шәріпов кызметінен босатылады. Оның орынбасары Әлім Тұяқбаев та «рысқұловшина» ретінде орнынан түседі. «Ау, бұл қалай?» — деп ешкім үн шығара алмады.

Жалғыз Рахмалы Байжасаров аяусыз күреске бел байлады. КОКП Орталық Комитетінен комиссия шығаруды талап етіп, хат жазады. Нұрымбек Жанділдинге кіріп, айтысқа түседі. Ақыры Жанділдин:

— Сендерді 1937 жылы ұстауын дұрыс ұстаған, ал 1955 жылы босатуын дұрыс босатпаған,—деп салады. Мұндай қорлыққа шыдамаған Байжасаров астындағы орындығын алып Жанділдинге тұра ұмтылады. Абырой болғанда, Жанділдиннің көмекшісі дер кезінде кіріп келіп, хатшы аман қалады.

Бірақ содан инфарктіге ұшыраған Рахмалы Байжасаров көп ұзамай ауруханада кіжініп жатып көз жұмады.

Тұрар Рысқұловтың көзін көрген, ол туралы теледидардан сөз айта алатын енді кім бар? Кенет Ғабиден, кәдімгі Ғабекем, Мұстафин есіме сарт етіп түсе кетті...

Шамасы, «Жұлдыз» журналының. бас редакторы кезім - ау деймін, кабинетке бір күні Ғабекем кіріп келді. Сол баяғы жағасыз сұр пиджагі, басында түрікше феска, қолында келте таяқ, көзінде қара көзілдірік.

— Партвзнос төлеуге келіп едім, саған жәй жолыға кетейін деп кірдім, — деді Ғабекем.

Қос Ғабең — Мүсірепов те, Мұстафин де журнал редакциялық алқасынын. мүшелері болатын.

— Келесі мәжіліс қашан? — деді Ғабекем. Мен мерзімін айттым - ау деймін.

— Бір отырысты тіл мәселесіне арнау керек сияқты, — деді Ғабекем.

— Өте орынды, — деймін мен.

Ана еріншек ағаңмен ақылдас, мүмкін сол баяндама жасар, дейді Ғабекем.

Жарайды, айтып корейін, — деймін мен.

«Еріншек ағаң» деп отырғаны — Ғабит Мүсірепов.

Журналдың тілі туралы, қазіргі жастардың тілі туралы көп ойлар айтты.

— Тіл құрып барады. Тіл кетсе — халық та кетеді. Қазақ нәсілімен қоштаса бер, — деді Ғабиден Мұстафин. Пайғамбардың сөзіндей. Әңгіме бір мезгіл денсаулық ауылына қарай ойысып кетті.

— Денсаулығым жақсы - ақ еді, — деді Ғабекем, — менің әкем де, шешем де өте көп жасаған кісілер. Соларға тартсам, мен әлі ұзақ жасауға тиіспін.

— Лайым солай болсын, Ғабекем.

— Бірақ екі нәрсе кесір болды. Бір рет бала күнімде, сонау Нұраның бойында тай теуіп, бүйрегім жарақаттанған. Оны елемей, жүре бергенмін. Кейін - кейін сол бүйрек жанды қинаған соң Новосібір қаласында операция жасатып, алдырып тастап едім. Бұл бір. Екінші тебіс тайдан да емес, құдайдан да емес, адамнан болды. Менің «Көз көрген» деген романымды оқыған шығарсың. Міне, сол романға нақақтан жала жабылып, «Социалистік Қазақстанға» көлдей мақала жарияланды. Жан-жаққа астыртын арыздар түсе бастады. Өзімді езім қорғамасам, мені кім қорғайды. Сол әділет, шындық іздеймін деп жүріп, бірінші рет инфаркт болып, емханаға түстім... Міне, осы екі сойқан соққы болмаса... — деп Ғабекем сәл езу тартып, келте таяғымен үстелдің үстін ұрғылап қойды.

— Сол «Көз көргендегі» Сарыбала өзіңіз - ау, сірә?

— О, — деп Ғабекең енді рақаттана күліп жіберді. — Дұрыс айтасың. Айтпақшы мені алғаш рет Сарыбала деп атаған кім екенін білесің бе? Білмейсің. Маған «Сарыбала» деп ат қойған сенің геройың! Иә, иә, сол Тұрар Рысқұловтың дәл өзі!

— Апырай-ә, мынау бір сәті түскен әңгіме болды-ау өзі...

Тұрар Рысқұлов туралы жылдар бойы тірнектеп, бір-бір мысқалдан дерек жинаған мен байғұс қуанып кеттім. Енді-енді кетуге оқталып отырған Ғабекем де келесі бір әңгіменің желісіне түсіп алып, алысқа, сонау 1926 жылға ойша сапар шегіп, Тұрар Рысқұлов туралы бір әңгімені бастады...

Коминтерннің жолдасымен бір жыл Монғолияда кызмет істеп қайтқан Тұрар Рысқұлов енді Қазақстан Совнаркомының төрағасы деген мандатпен Қызылордаға келсе, Голощекин «досы» алдынан шығып, азарда-безер болып, Төрағалыққа өткізбейді. Тұрекем уақытша Крайкомда істеп жүрген кезі екен.

Ғабиден Мұстафин оған сол кезде жолыққан болды.

***

Міне, арада біраз жыл өткенде барып, теледидардағы жігіт Айнабековтің айтуымен, Ғабекемнің сол әңгімесі есіме түсіп еді ғой. Дереу телефонды алып Ғабекеммен хабарласайын, Ғабекемнің үйі қаланың шетінде, Қарғалы жақта. Ғабекем, осылай да осылай, сонау бір жылғы әңгімеңізді енді теледидардан айтып берсеңіз жақсы болар еді деймін... Ғабекем денсаулығы болыңқырамай жүргенін айтты. «Өзін білесін ғой, мен қазір ешнәрсе жазбаймын, жұрт алдына да шыға бермеймін... Бірақ Тұрардың аруағы үшін барсам барайын», — деді.

Мен күнін, сағатын, кездесетін жерді айттым. Жазушылардың шығармашылық үйінде кездесетін болдық.

— Тағы кім бар? — деді Ғабекем.

— Академик Серікбай Бейсембаев. Сіз, үшеуіміз.

— Онда мақұл, — деді Ғабекем.

Уағдаласқан күнге, сол сағатында «Горный Гиганттағы» жазушылар шығармашылық үйіне жиналдық. Теледидаршылар асай-мүсейін орнатып, прожекторлар жарқ-жұрқ етті. Камера кезі ең алдымен Ғабекеме қарай бұрылды да, Мұстафин сөзін бастады:

— Өмірде көрген - білгеніміз көп, бірақ соның бәрі есінде қала бермейді. Калатындары ғана қалады. Соның бірі — Тұрарды көруім. Сонау Қызылорда қаласы, Крайком. Сондағы бір кішкентай бөлме. Терде —Тұрар Рысқұлов. Дәл қазір оны көріп отырғандаймын... Қызылорда онда астанамыз. Жанадан қосылған келіншегімді қолынан жетектеп, жалғыз шамаданды көтеріп, сонау Арқадан бәленбай күн жүріп, сол астанамызға әрең жеттік - ау, Әйтеуір...

Оқу іздеп келіп едім, оқуға қабылдайтын уақыт бітіп кетіпті. Не үй жоқ, не жұмыс жоқ, айдалада қалғандай болдым. Крайкомнан қайыр болмады. Содан біреу айтты: осында Тұрар Рысқұлов деген кісі бар. Өзі өте әділетті кісі, бір жәрдем болса, саған сол кісіден болады деді. Бардым. Барсам — төрде Рысқұлов екенін бірден шамаладым. Ал қасында бір кісі ары-бері теңселіп жүр. Екі көзі қып-қызыл. Белінде наганы бар.

— Сонда коммунизмге анау алаштар да бара ма?—дейді ашуланып.

— Егер адал кызмет етсе барады, неге бармайды,—дейді Рысқұлов.

— Онда олар барған коммунизмге мен бармаймын, — деп наганының қабын қолымен қаққылап, әлгі кісі шығып кетті. Артынан білдім — атақты революционер Угар Жәнібеков екен.

Рысқұловтың назары енді маған ауды.

— Иә, бала, шаруаңды айт.

Не керек, Ғабиден Мұстафин сонда Рысқұловқа бар сырын ашады. Оқуға түсе алмай қалғанын, кызметке ешкім алмайтынын арыз етеді. Тұрар Рысқұлов оны асықпай отырып тыңдап болып, жазғандарын оқып көріп:

— Сарыбала, сенен бірдеңе шығады. Жазуыңды жетілдіріп, шындай бер. Оқуыңды өз бетіңше оқи бер. Горькийді білесің бе? Соның ешқандай оқуы жоқ. Оның оқуы өмірдің өзі. Сол сияқты өмірдің қыр-сырын үйреніп, жаза бер. Мен Бейімбетке айтайын, сенің жазғандарыңның жарық көруіне жәрдем етер, — дейді.

— Әне, сөйтіп, көңілім ортайып, жағдайсыз жүргенімде Тұрар Рысқұлов үмітімді жандырып, жазуға құлшындырып, қолтығымнан сүйеп жіберді. Жақынымнан көрмеген жақсылықты мен сөйтіп тұңғыш рет жолыққан Тұрардан көрдім. Мұны қалай ұмытарсың. Ал «Сарыбала» дегені кейін кітап кейіпкері болып кетті.

Ғабекем шамамен жиырма минуттай сөйледі. Теледидар дегенің минутына дейін шектеулі болатын. Бірақ оны ешкім асықтырған жоқ. Қайта айта түссе екен деп отырдық. Сөйлейтін Ғабекем сол аз уақыттың ішіне көп нәрсені сыйғызып, ақырында:

— Тұрар — аса ірі тұлға, халықтың аяулы азаматы, ол қандай құрметке болса да лайықты қайраткер. Оны келер ұрпақ білуге, үлгі тұтуға тиіс, — деп аяқтады.

Сол Ғабекем қайтқалы да бірталай жыл өте шықты. Ал теледидар Тұрар Рысқұлов туралы сиректе болса ара - тұра әлгі қысқа фильмді көрсетіп қояды. Жарқ етіп Ғабиден Мұстафин шығады. Сөйлеп отыр, қимылдап отыр, күліп те қояды. Құдіретті қоңыр дауысы күмбірлеп шығады. Мұстафин өлген жоқ, тірі екен деп қаласың.

Ал мен сол жолы теледидарға Ғабекемді шақырып, ол көніп, бірге әңгіме-дүкен құрғанымызға қуанамын. Мұндай әңгіме болмаса, оны теледидар түсірмесе, қаншама қазына беті ашылмай көмулі қалар еді. Бұл да бір сабақ. Үлкен сабақ. Тұрардың көзін көрген, шарапатын сезген ардақты асыл ағаның айтқандары ұрпақтан - ұрпаққа қала береді. Ұлттық рухани қазына осындайдан құралады. Өмір таусылмайтындай, ешкім өлмейтіндей көреміз де, дер кезінде жазып алмай қаншама дүниеден айырылдық. Ғабиден жөнінде сондай өкініште қалмағанымызға құдайға мың да бір шүкіршілік.




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Шерхан Мұртаза Сары бала туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Шерхан Мұртаза Сары бала на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Шерхан Мұртаза Сары бала туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Шерхан Мұртаза Сары бала на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересные рассказ, Әңгіме: Шерхан Мұртаза | Сары бала ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер