Төбесіз жер, төресіз ел болмайды


Ата - бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған ізгі арманы тәуелсіздік – киелі ұғым. Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қасық қаны қалғанша ата – баба жерін қорғап, еркіндікті аңсаған бабаларымыздың асыл арманы да тәуелсіз ел болу еді. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қарыс қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рухқа әр кез таңданамын. Аталарымыздың сол қасиеті елге мұра, ұрпаққа - ұран болып келе жатыр.
«Қаз тұрып қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 27 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді дәуір жалынан мығым ұстап, тізгінін бекем ұстай білді» деп, елбасымыз айтқандай егеменді елді, тәуелсіз Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың терезесі тең мүшесі ретінде барша әлем таныды. Отанымыз демократиялық өркениетті даму жолына түсті. Біздің қолымызда қанның емес, тердің иісі бар, демек біз жасампаз халықпыз.
Тәуелсіз Қазақстанды бүгінде барша әлем танып, бейбітшілік пен келісімнің мекені ретінде мойындап отыр. 27 жылдан бергі жеткен жетістіктердің әрқайсысында елбасымыздың көрегендігі айқын көрінеді. Елбасымыздың абыройы мен сабырлы саясатының арқасында әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосыламыз деген ізгі арманымыз бар. Қазақстанның тәуелсіздігінің 23 жылдығына орай салтанатты жиында жария еткен «Тәуелсіздік толғауында» әрбір қазақстандықтың қасиетті Тәуелсіздік пен туған жер, Отанға деген махаббат ұғымдарын тереңірек түсініп, қастерлеуі керек екендігін елбасымыз айрықша атап өткен. Елбасымыз жариялаған бұл толғаудың мақсаты - келешек ұрпаққа осы бір ұлы күннің қандай жолмен келгенін, бұл күннің астарында қаншама қан мен төгілген тердің бар екенін ұғындыру деп білемін.
«Төбесіз жер, төресіз ел болмайды» деген сөз бар қазақта. Елбасымыз өзінің шешендік, даналық, көшбасшылық қасиеттерінің арқасында еліміздің даңқын көтеріп, әлемдік кеңістікке қарай аяқтандырып, қадам басқызды. 27 жылдың ішінде талай белестерді бағындырып, еліміздегі бірліктің ұйытқысы болды. Шаңырағымызды көкке көтеріп, өркениетті, тыныш мемлекетке айналдырды. Әрине, біз тұңғыш президентіміз, яғни Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көмегімен осындай жетістіктерге жетіп отырмыз.
Ежелден еркіндікті аңсаған азат халқымыз жақын күндерде тәуелсіздіктің 28 жылдығын да тойламақшы. Мемлекетіміз осындай аз уақыт ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің аяғына нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету экономикамыздың жедел қарқынымен дамуы - қазіргі таңдағы стратегиялық бағыттар елбасымыздың тынымсыз еңбегінің жемісі. Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы да Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі деп білемін. Елбасымыздың арқасында еліміз дағдарысқа ұшырамай, түрлі саяси реформалар мен экономикалық алғышарттар жүргізіліп, EXPO - 2017 сияқты әлемдік үлкен іс-шараның басы - қасында болып, дамушы елдердің қатарына қосылуы - болашаққа тағы бір қадам. Елбасымыз жастардың дамуы үшін жарқын болашақ есігін айқара ашты. Білім алып, елімізді басқа да үлкен мемлекеттерге таныту мақсатында «Болашақ» бағдарламасын жасады. Қазақ жастары білім алсын деген сеніммен,өзінің атында мектеп және жоғары оқу орындарын да ашты. Табандылықпен жасалған істің, әрқашанда жүзеге асатынын біле отыра, өз кезегімізде біз де мемлекетімізбен бірге болашақты құру мақсатында жүргізіліп жатқан барлық шараларға өз үлесімізді қосу парызымыз. «Туған жер алтын бесік» демекші, еліміздің осындай бізге беріп жатқан мүмкіндіктерін дұрыс бағытта пайдаланып, көрсетіліп жатқан қолдауды және өз күшімізді Қазақстанды дамытуға жұмылдыру - әрбір азамат пен азаматшаның міндеті деп білемін.
Мен осы борыш пен парызды түсіне отырып, Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде бейбіт елде өмір сүріп жатқанымды әрдайым мақтан тұтамын. Қазақ халқы ежелден өз құндылықтарын айқындай білген. Қазірдің өзінде қазақ халқының басым көпшілігі ежелден келе жатқан дәстүрлерді есте сақтап,туған жер мен Отанға деген сүйіспеншілік туралы құндылықтарды өз өмірінің бөлігіндей қабылдайды. Туған жер - әркімнің кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Оның күні де, түні де, тау-тасы да, сарқыраған өзені мен жайқалған көк майсасы, еркелей ескен желі, шұрқыраған жан-жануары, шырылдаған құстары - бәрі де жаныңа ерекше ыстық, ерекше жақын. Қайда жүрсең де өзіне тартып тұратын, есіңе түссе көңіл қобызыңды беу-беулетіп, жүрек отын жағатын дүние есігін ашқан жеріңді сүймеу, алыстасаң сағынбау мүмкін емес. Себебі, туған жер - Сахарада да туған жер. Жерінде жеміс-жидек бітік өсіп, көк желегі жайқалмаса да, қу шөптің басы қылтимайтын туған топырағың бәрі-бір де қасиетті, бәрі-бір де өзге жер, өңге мекенмен салыстыруға да келмейді.
Н. Ә. Назарбаев: «Алдымызда асу - асу белдер бар, ұлт жолында ұйтқи соққан желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ!»- деп айтқандай, біздер, жас ұрпақ, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін жауапты екенімізді аға ұрпақ зор сенім артып отырғанын түсінуіміз керек. Бүгінгі партада отырған оқушы – ертеңгі азамат, ел патриоты. Сол азаматтардың ең бірінші міндеті – өзінің тәуелсіз елдің өркені екенін ұмытпау, екінші міндеті – сол елдің іргетасының берік болуына үлес қосу, тәуелсіз елдің және кіндік қаны тамған туған жерінің патриоты екенін дәлелдеу.
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!» - деп өршіл ақын М. Жұмабаев болашаққа, жастарға үлкен сенім артты емес пе? Ақынның өлеңде келтірген көркем сөздеріне лайық болатынымызға сенемін. Елімнің ертеңінен, болашағынан жүрегім қорықпайды, керісінше, қуанады, ендеше, келешегім нұрлы болмақ. Оған негіз – бүгінгі «арыстандай», «жолбарыстай», «қырандай» күшті жас ұрпақтың, біздің бүгінгі әдемі әрекеттеріміз, ұтымды ұмтылыстарымыз. Мен қазақ болып туылғаныма, осындай бай, байтақ өлкеде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Өйткені, мен Тәуелсізбін, тәуелсіз, бейбіт елдің патриотымын!

 

Нәзира Дәуренбекқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
Пікір жазу