Ахмет Байтұрсынұлы өмірі және шығармашылығы
Ахмет Байтұрсынұлы өмірі және шығармашылығы
Ахмет Байтұрсынұлы (1873 - 1938) XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық - саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы еді. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші - реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды. Өмір жолы. Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болады. Сол себепті де Байтұрсын мен оның ағайындары патша өкіметінің өкілі – уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Бұл оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Мәселенің түп негізін толық ұқпағанымен, ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлық - зомбылықты, әлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, көңіліне ой ұялатады. Табиғатынан зерек әрі талапты бала Ахмет 1882 - 1884 жылдары көзі ашық ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды да, кейін жақын маңдағы ауыл мектебінде оқиды. 1886 - 1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша - қазақша училищеде, 1891 - 1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алады. Бұл жылдары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің үлгісінде жұмыс істейтін, игі дәстүрлері мол жаңаша мектептер саны көбейген болатын.
Міне, осы тәрізді оқу орындарында оқып, сапалы білім алып шыққан Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылдың 1 шілдесінен өзінің мұғалімдік, ұстаздық қызметін бастайды. 1895 - 1897 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде, екі сыныптық училищелерде сабақ береді. Мұғалім бола жүріп ол қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға, әлеуметтік өмірге үңіледі. Халыққа білім берудің жолдарын, қазақ тілі мен әдебиетінің мәселелерін зерттеу мүмкіндіктерін қарастырады. Көп кітаптар оқиды, өз бетімен ізденеді. Әдебиетпен айналысады, өлең - жырларын жазады, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайды, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлейді. Өзінің білімімен, ақыл - парасатымен ел аузына іліге бастайды. Бостандық аңсаған, күреске үндеген өлеңдер жазады. Соның салдарынан 1910 жылы Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынбор қаласына келеді. 1913 - 1918 жылдары өзі ұйымдастырған "Қазақ" газетінің редакторы бола жүріп, кең ауқымды әлеуметтік істер атқарады. Газет бетінде халық өмірінің аса күрделі мәселелерін көтереді. Елді оқу - білімге, ілгері ұмтылуға шақырады. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады. Кейінірек Қазақстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады. Кеңес өкіметі тұсындағы коммунистік идеология аласапыранының салдарынан 1929 жылы жазықсыз ұсталып, ұзақ уақыт түрме мен лагерь азабын тартқан Ахмет, 1936 жылы елге қайтып оралғанымен, 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы атылады. Алаш қозғалысының көсемі ретінде "халық жауы" деп атылған А. Байтұрсыновтың есімі де, шығармалары да көпке дейін жұртшылық үшін жабық болды.
Тек тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ақынның шығармалары жарық көрді, мұралары зерттеле бастады. 1988 жылы ақталғаннан кейін А. Байтұрсынұлы шығармаларының жинағы (1989), "Ақ жол" кітабы (1991) жарық көрді. Шығармашылық мұрасы. Ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының артында аса мол әдеби, ғылыми еңбектер қалды. Ол өз заманында әрі ақын, әрі аудармашы, әрі ғалым ретінде танылды. Ахметтің 1909 жылы Петербург қаласында "Қырық мысал" деген атпен жарық көрген алғашқы кітабына негізінен орыс мысалшысы И. Крыловтан аударған аударма мысалдар жинақталды. Бұрын мысал арқылы тұспалдап айтылған ойларын Ахмет 1911 жылы Орынбор қаласында шыққан "Маса" атты өлеңдер жинағында өз сөзімен ашықтан - ашық жария етті. Бұл жылдары ол қазақ тілі мен әдебиетінің әр түрлі мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазып, баспа беттерінде жариялады. Әсіресе 1913 жылы жазылып, "Қазақ" газетінде жарияланған "Қазақтың бас ақыны" атты мақаласы Ахметті білікті әдебиеттанушы ғалым ретінде танытты. Бұл мақала ұлы Абайдың ұлттық әдебиеттің тарихынан алатын орнын айқындауға, ақын шығармашылығына баға беруге арналған тұңғыш ғылыми зерттеу еңбегі еді. Әдебиетші Ахмет Байтұрсынов мұрасының маңызды бір саласы – оның ел аузынан жинап, жүйелеп, баспа бетінде жариялаған ауыз әдебиеті нұсқалары. Атап айтқанда, Ахмет жинаған фольклорлық үлгілер негізінде Мәскеу қаласында 1923 жылы "Ер Сайын" жыры, 1926 жылы "23 жоқтау" кітаптары жарық көрді. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ұлы түрлендіруші - реформаторы, теоретигі әрі қазақ тілі білімі саласына орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалым болды. Ол араб әріптерінің негізінде төте жазу үлгісін, яғни қазақтың төл әліпбиін жасады. Өзінің "Оқу құралы" (1912), "Тіл құралы" (1914), "Әліпби" (1924), "Жаңа әліпби" (1926) тәрізді кітаптарында қазақ тілінің ғылыми, теориялық және әдістемелік мәселелерін кеңінен талдап берді. Қазақ тіл білімінде терминдер жүйесін қалыптастырды.
Қазақ тілі грамматикасындағы ұғымдар мен категорияларға жаңаша әрі дәл анықтамалар берді. "Әдебиет танытқыш" кітабы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ғалымдарының ішінен шыққан тұңғыш әдебиет теоретигі. Оның әдебиетші ғалым - теоретик ретінде тұлғасын айқындаған басты еңбегі – "Әдебиет танытқыш". Еңбек 1926 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан. Бұл кітабында ғалым алғаш рет қазақ әдебиетінің теориялық, методологиялық мәселелерін негіздеп берді. Әдебиеттану ғылымындағы басты ұғымдар мен терминдер жүйесін жасады. "Әдебиет танытқыш" кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көркем әдебиеттің бейнелеу құралдары мен әдіс - тәсілдері талданса, екінші бөлімде әдеби жанр түрлері сөз болады. Тұтастай алғанда, Ахмет Байтұрсынов өнер атаулыны екі топқа бөледі. Оның бірі – тірнек өнері, екіншісі – көрнек өнері. Көрнек өнеріне ғалым сәулет (архитектура) өнерін, сымбат (скульптура) өнерін, кескін (живопись) өнерін, әуен (музыка) өнерін және сөз (әдебиет) өнерін жатқызады. "Өнердің ең алды – сөз өнері саналады. "Өнер алды – қызыл тіл" деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты әрі кескінді суреттер болсын, қандай ән - күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеуге, көрсетуге, таныстыруға болады.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
kz | Рефераттар
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?