Тарих | АЛАШ МҰРАТЫ ОТАНДЫҚ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ НЕГІЗДЕУШІ КҮШ

Тарих | АЛАШ МҰРАТЫ ОТАНДЫҚ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ НЕГІЗДЕУШІ КҮШ

АЛАШ МҰРАТЫ – ОТАНДЫҚ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ НЕГІЗДЕУШІ КҮШ

Алаш тарихы – жаңаруға ұмтылған, тарихи сабақтастықты үзбеген, білім мен елшілдікті басым бағыт еткен ұлттық серпілудің тарихы. Сондықтан біз Алашты ауызға алған сайын осыдан 90 жыл бұрынғы саяси қозғалыс пен күресті ғана емес, бүгінімізді ертеңге жалғайтын жасампаздық істерімізді сараптағанымыз дұрыс. Алаш – біздің ұлтқа, дәстүрге қаншалықты адал екенімізді салмақтайтын ар өлшемі. Алаш – өткен тарихтың ғана олжасы емес, бүгінгі ұрпақтың да елдік іске олжа салар мүмкіндігі. Алаш – әлемдегі қазақтың да, қазақ ішіндегі әлемнің де тұтастығы, үйлесімділігі.
Кез-келген елді алға ілгерілететін ұлттық идея. Тіпті бүгінгі
әлем ұлт пен мемлекет ұғымдары арасына теңдік белгісін қойып отырғаны жасырын емес. Кеңестік түсінікте ұлттық идея әсіре ұлтшылдықпен теңестірілді. Бұл қай тұрғыдан қарасақ та ақылға сыйымсыз еді. Расында, қасаң да бұрқасынды жылдары ұлттық идея дегеніміз – мемлекеттік, елдік мүдде идеясы деген мағына беретіні ұмытылды.
Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясы болатын. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес-тін. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш». Кереге – мемлекет құрылысы, Алаш – идеология. Тоқтам осы-тын. Алаш – жаңа түрдегі елдігіміздің, байырғы айбарымыздың рәмізі еді.
Егер сол тұстағы қайраткерлеріміздің көздегені жүзеге асқанда, қазір біздің еліміздің қосалқы аты Алаш (Алаш Орда, Алаш үкіметі, Алаш Республикасы) болатындығына иманымыз кәміл. Осы ретте бәзбіреулер «сонда олар қазақ атынан жеріген бе?» деп сұрақ қоюы мүмкін. Бұған «әрин, жеріген жоқ» деп жауап береміз.
Есімізге олардың:
Арғы атам – ер түрік
Біз – қазақ еліміз, -
деген әнұраны түседі. Сонымен бірге зиялылар:
Азаматы Алаштың,
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды,
деген жоқ па?! Осыған қарағанда, Алаш ұғымында рухтық, асқақтық, өрлік мағына бар.
XX ғасырда қазақтың азаматтық тарихындағы ең ұлы идея қайсы десе, Алаш идеясы деп жауап берер едік. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы – осы идея.
Алаш идеясындағы қайраткерлердің жемісті еңбек жылдары – ақыл һәм жүрек айбатымен күрескен 1907 жылдан 1937 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты қамтиды. Тағдыр мен тарих оларға осындай мерзімді ғана қиыпты. Одан кейінгі жайы белгілі: айдалды, атылды, ресми тарихтан, ел жадынан аты өшірілді.
Қазір жұрт парламентаризм деген ұғымды жақсы біледі. 1907 жылы Ресей патшасы «әлхамдулла, алты миллионға» (А.Байтұрсынұлы сөзі) жеткен қазақ секілді ұлттарды сайлау және сайлану хұқынан айырды. Зиялылардың табанды күресі осы шақтан басталды.

Петербор, Омбы, Ташкент, Семей тәрізді шаһарлар XX ғасыр
басындағы монархиялық билікке бас көтерген алаштық күрестің
шыңдалу мектебі болды.
Ұлт лидерлері (серкелері) шықты: Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Барлыбек Сырттан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі, бүгінгі тілмен айтсақ, мемлекет басқаруға қабілетті Президенттей еді.
Сөйте тұра «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, бұлардың көшбасшысы Әлихан Бөкейхан болатын. Әлиханнан қалған мынадай тағылымды сөз бар: «Түген деген хан, пәлен деген би, батыр өткен, ерлігі, еңбегі көп деп мақтанамыз. Олар сондай болса, қазақ неге сорлы? Біздің кемшілігіміз – әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі».
Ә.Бөкейхандар, міне, өзі айтқан «жүкті» қияға қарай көтеріп шықты. Өзінен кейінгі бір буынды тәрбиелеп өсірді. Бұл буынның қатарында М.Жұмабайұлы, С.Садуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Аймауытұлы, Б.Күлейұлы, М.Әуезов т.б. бар еді.
1907-1919 жылдар аралығында артынан ерген елді ояту үшін Алаш зиялылары газет-журнал шығарып, кітаптар жариялады.
Таза саяси күресте жүргендер Ресейдегі түрлі партияларға кіріп, сол арқылы халқына бостандық әпергісі келді. Бұл ізденіс дәуірі еді. Ресейлік шындықта қазақ мемлекетін қалпына келтірудің жолы іздестірілді. Бұл ретте Қапқаз, фин, Еділ бойы зиялыларымен кеңескен кездер аз болмады. Бәрі де алғашқы этап – федеративтік жол (құрдас мемлекеттер бірлігі) деп, ымыраға келді.
1917 жылы 25 қазанда (ескiше) Ресей боданындағы сансыз ұлттардың тағдырын шешкен Петроградта төңкерiс болды. Сол жылы ақпанда II Николай тақтан құлап, шарасыз билiктен кеткенде (орыстар оны «отрекся от престола» дейдi), бұл империяның зиялылары жаңа мемлекеттi қалай аяқтан тұрғызамыз деп iзденгенi мәлiм. Елдi тұралатып жатқан I дүниежүзiлiк соғыс, Қос үкiмет пен Уақытша үкiметтiң қалт-құлт қадамдары Ресейдi қазан төңкерiсiне алып келдi. Сол кез сарапшыларының ешқайсысы болжап бiлмеген большевизм дәуiрi осылай басталды. «Қазақ» т.б. ұлт газеттерi сол жылы қыркүйек-қазан айларындағы сандарында «большевизм құбылысына» елеусiздеу қараса, ендi ол «жер астынан шыққан жiкке» ұқсады. Қ.Кемеңгерұлы Алаштың тынысы – «Жас азамат» газетiнде 1918 жылы шiлдеде жариялаған бiр мақаласының атын Ресей ахуалын меңзеп, «Бүлiнгеннен бүлдiргi алма» деп қойды. Мұнда қаламгер: «Бостандық туғаннан кейiн қиялилары шитiнiң оғындай бытырлап, түрлi саяси жолға түсiп, ауа жайылып едi, бiздiң қазақ оқығандарынан есер де, ездiк те, халықшыл да, республикан да, тағы басқалары да шықты. Партияның азғыны – большевик партиясына кiргендер де болды. …Орыс не күйге түссе, қазақ та соған түседi. Егер де орыстан үлгi алуды бiздiң қазақ оқығандары тоқтатпаса, өткен жылғы орыс киген таз кептi бiздiң қазақ та киедi. …Бұқарашыл орыс қиялиларының жеке-дара ұстаған жалпы бақыт-махаббатына көтермешi болмай, таза Жапонияның жолымен жүрiп, бiрлiк-берекеден айырылмай, ұлтшылдықты сақтау керек», -дейдi.
I жиһан соғысы тұсындағы аумалы-төкпелi жағдайға қазақ зиялылары ел шындығына сәйкес қарады. Олар басында қауқарсыз қазақты майданға барғызбауға күш-жiгер жұмсады. Ал 1916 жылы маусымда төтеннен жарлық шыққанда, қазақтың қара жұмысқа емес, соғыс шебiне баруын қолдады. Мұндағы ойы, өздерi айтқандай, «жiгiттер жаңа замандағы соғыс тәсiлiн үйренсiн, ертең Алашты қорғайды» дегенге саятын.
1916 жыл оқиғасы (кейбiр ғалымдар мұны көтерiлiс дейдi) – қазақтың келешек қазан төңкерiсiне қосқан үлесi емес. Бiр кездерi «16 жылғы бас көтеру қазан жеңiсiне ұласты» деген қате концепция болды. Шындығында ол қазақтың өз жағдайына сай (метрополияның менмендiгiн мойынсынбаудың бiр амалы) туған оқиға болатын. Мұны осы оқиғаға байланысты жазылған Жамбыл, Сартай, Болман, Баттал, Құсайын, Қарсақ, Есқайыр, Бұзаубақ, Омар, Кенен т.б. ақындардың өлең-жырлары толығымен растайды. Қорқыныш пен қауiп, ел қайғысы, ертеңгi күнге алаңдаушылық, торығу – бұл шығармалардың негiзгi өзегi. Рас, Ресей монархы билiктен кетiп, одан соң өкiмет тұтқасын ұстағандардың саясаттағы iсi божырап, большевиктер жеңiске жеткеннен кейiнгi кезеңде 16-жыл оқиғасы туралы жырларға аз-кем «жаңа заманның» түсiнiгi ендi. Бұл туралы М.Шоқай «Батыр большевик Амангелдi хақындағы ақиқат» (1936) атты мақаласында өткiр жазыпты.
Алаш зиялылары бас көтеруге қарсы болды. А.Байтұрсынұлы: «Бұл күнде – соғыс уақыты, тәртiп қатты. Қашқындардың артынан қуғыншы әтрет шығып, елдi һәм артынан қалған әке-шешесiн, қатын-баласын шулатқаннан, шаруасын күйзелткеннен басқа өнер, ешнәрсе жоқ», - деп жазды. Ахмет ел ақсақалдарына тентектi тезге сал, қызбалық пен ойсыздықты тый деп кеңес бердi.
Осы шақтың жағдайын көркем бейнелеген «Сәрсенбек» атты С.Садуақасұлы романының бiр кейiпкерi былай дейдi: «Бәрi бұзылды! Барлық пылан! Тып-тыныш, жап-жақсы болып келе жатыр едi. Бунт. Мыж-қыж! Жапония секiлдi оқып-жетiлiп алып, бiр-ақ iстейтiн жұмысты кәкiр-шүкiр адамдар келiп, бұзды да жiбердi». Бұл – оқыған азаматтың пiкiрi. Бiрақ замандастарының осындай пайымына қарамай романның бас кейiпкерi (бұл да оқыған) көтерiлiсшiлер арасына барады…
Жалпы 1916 жыл көтерiлiсiн сөз еткенде, зиялылар позициясын да, ашынған халықтың стихиялы бұлқынысын да сол кездiң шындығына сәйкес қарастырған жөн. Бұл мәселеде өркениеттi саяси күрес пен халықтық қозғалыстың түпкi мақсаты бiр жерден тоғысқаны аңғарылады.
Ел болашағын қазақ зиялыларының бiрi (Сұлтанмахмұт, Қошке, Смағұл, т.б.) – Жапония, ендi бiрi (Мұстафа) – Щвеция бағытында көргiсi келгендiгi – олардың iзгi ниетi едi. Ойланып қарасақ, бұл жай арман ғана емес, иммунитет. Бодандық шеңгелiнде жойылып кетуге қарсылық. 1916-1920 жылдар аралығында барша iзденiстен және шамамен 1929 жылға дейiн созылатын Алаш қозғалысынан осы қасиеттi байқаймыз.
Большевиктердің 1917-1919 жылдар ішіндегі жеңістері алаш зиялыларының «елді оятамыз» деген әз идеясын быт-шыт қылды. Қазақстан болашағын М.Шоқай – Швециядай, Сұлтанмахмұт пен Смағұл – Жапониядай болады деп елестетіп жүргені бекерге айналып бара жатты.
Күрес тактикасы мен стратегиясын басқаша құру қажет болды. 1919-1920 жылдардан бастап Алаш зиялылары оқу-ағарту, баспасөз саласына топтасты. Алаш қайраткерлерін қадірлеген Тұрар Рысқұлұлының 1920 жылғы конфедерация туралы идеясы «кеңес үкіметіне қазылған ор» деп ұғынылып, большевиктер тарапынан қазақ зиялыларының арасына іріткі салу жұмыстары басталды.
Осындай қиындықтарға қарамай, Алаш зиялылары «сабақты ине сәтімен» большевиктік ағарту жұмысын өз ыңғайларына қарай бұра білді. 1920 жылдан мемлекеттік баспа құрылып, А.Байтұрсыновтың ұйтқы болуымен жаңа оқулықтар жазыла бастады. 1922 жылы Мәскеуде ашылған «Күншығыс» баспасының жұмысын да Әлихан мен Нәзір (Төреқұл) ел игілігіне айналдырды.
Газет-журналдардың аты кеңестік болғанымен, заты алаштікі еді. Ұлттық идея халыққа жаңаша формада ұғындырылды.
1923 жылы Әлихан Бөкейхан Д.Әділұлына жазған хатында: «Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі», - дейді.
Қой терісін жамылған большевизмге қарсы күрес көп векторда дамыды: бірі – Сібірге, бірі – қытай-жапон жағына, енді бірі – басмашылар қозғалысына дейін барды. Самарқан-Ферғана жағына Балқаштан 40 сарбаздың аттануы, Ақмоладан Қалқаман есімді маман (кадрлық) офицердің жол тартуы, Әнуар паша оққағарының бірі қазақ болғаны біраз жайды аңғартса керек.
Ел қамын ойлаған С.Садуақасұлы, Т.Рысқұлұлы, С.Қожанұлы секілді қайраткерлер саясатқа араласты. Бұлардың ұлттық идеяны кеңестік идеямен тоқайластырғысы келген қадамдары большевиктердің сынына ұшыраса да, өз кезеңінде елді тәрбиелеуге үлкен көмегі тиді.
Смағұлдармен қатарлас Қ.Кемеңгерұлы Әлиханға бір ғана мін тағады: «Ол қазақты қалай дамытуға болады деген теориялық еңбек жазбады...».
20-жылдардың соңынан бастап алаш зиялылары қуғындала бастады. 1929 жылдан кейін оларды әрқилы жаламен тұтқындау процесі жүрді. Ал 1937-1938 жылға дейін олардың 99 пайызын атты. Осы арқылы кеңес үкіметі ұлтгық идеяны жойғысы келді. Адамдар санасына жаңа кеңестік идея сіңірілді.
Ал зиялылардың қалған бір пайызымен (Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев т.б.) халықтың жүрегінде өлмей қалған отаншылдығынан там-тұмдап ұлттық идея құру оңайға түскен жоқ. 90-жылдары бұйырған тәуелсіздік оның тынысын кеңейтті. Біз оны енді жаңа жағдайдың бедеріне өркендетуге, өрістетуге тиіспіз. Бұл іс Алаш атын жиі қолданумен немесе бос кеуде қағумен бітпейді. Әлихан айтқандай, «өз жүгімізді белгілі орынға апарсақ» болғаны.
2007 жыл – Алаштың жылы. Әрине, бұл жылды осылай деп ешкім жариялаған жоқ. Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, 1917 жылы Алаш партиясы пайда болды, Алаш үкіметі құрылды. Бұл ұлттық қозғалыста қазақтың мен деген азаматтары елдің ертеңін ойлап қызмет еткені мәлім. 90 жылдан бері қазақты Алаш идеясы толғандырып келеді. Оны даттаған кез де болды, аңсаған кез де болды. Ендігі жаңа қазақ Алаштың жанкүйері ғана емес, нағыз жанашыры екенін дәлелдеуі тиіс. Бұл – оның рухани өсуінің барометрі. Тіпті біздің қоғамда әлі де өткір күйінде қалып отырған мемлекеттік тіл – қазақ руханияты мәселесінің оң шешілуі, жалпы мемлекетшілдік пен елшілдіктің дұрыс қалыптасуы дәл осы Алашқа көзқарасымызға байланысты деп білеміз.
Алаш тағылымы бізден барлық іске кешенді және елдік мүдде тұрғысынан қарауды талап етеді. Осы орайда жаңарған Қазақстанда «Білім мен ғылымның ұлттық (мемлекеттік) концепциясын» даярлап, қабылдау міндеті тұр. Өкінішке қарай, бізде мұндай концепцияның негізін, алғышартын жасау кейінге қалдырылып келеді. Сірә объективті жағдайлар себеп болса керек. Марқұм экс-министр Ш.Шаяхметовтен бастап білім саласы қайда барарын болжап біле алмады ғой. Қым-қуыт дәуірде қайдан білсін? Енді білім және ғылым саясаты бірыңғайланған сияқты. Сондықтан нені көздейтінімізді, қайда баратынымызды, нені басшылыққа алатынымызды, қандай нәтижеге қол жеткізуді қалайтынымызды бір концепцияға түсіруіміз қажет. Мұны жасауға тәжірибелі, білімді, технологияны білетін күштерді топтастыруымыз керек.
Ғылым саласы туралы ақылдасатын ойласатын сәттер аз емес. Мәселен Ұлттық Ғылым академиясының құлауы заңды еді. Мұнда қызмет еткенбіз, жалпы оның басшылығы, академиктер қауымы 70-жылдардан-ақ ғылымды тежегені мәлім. Тәуелсіздіктен бері ғылымды үйлестіру министрлік қолына өтті. Қазір қоғамда екі тұжырым бар: 1) Академияны қайта қалпына келтіру; 2) Бұрын Академияға қараған ғылыми институтарды ЖОО-ларға қосу. Соңғысын Елбасы айтқандықтан, бастама ойдың негізі ҚР БҒМ-ға барып тіреледі. Бұл бағытта жүйелі жұмыс болса, бұл тұжырым нәтиже беруі де ғажап емес. Бірақ дәстүр деген нәрсе бар ғой, егер оған жауапсыз қарасақ – елдікке сын. Сол себепті ҚР БҒМ жанынан құқықтық беделі бар, мүшелері жалақы алып отыратын, дәл «Ұлттық Ғылым академиясы» деген атаумен орган құрған орынды деп есептейміз. Оның қазіргі мәртебесіне орай Мемлекет басшылығының атына жиі сын айтылатыны, айтқанда да оны ғылыми беделі өте жоғары адамдар айтатыны белгілі. Әлгі органды құру арқылы посткеңестік кеңістікте еліміз үлкен абырой жинар еді.
Ал университеттегі ғылымға келсек, дәл осы күйінде ЖОО-ға ғылым келе алмайды. Неге? Себебі «Білім туралы» Заңда нарыққа қайшы жерлер көп. Мысалы ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу институттары қаржылық, заңдық тұрғыдан тыпыр ете алмайды. Сондықтан ғылым дамымайды. Қызық, Қазақстанда бұл жағынан тәуір бір ғана ЖОО бар. Ол – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Олар 90-жылдары «автономды» кезінде ҒЗИ-ларын тәуелсіздеу етіп заңмен бекітіп алды.
Осы ретте тағы бір пікір: ЖОО-да ғылым дамуы үшін, әлем тәжірибесіндегідей, профессордың 100 пайыз еңбек жүктемесінің 70 пайызы – ғылыми жұмыстар, 20 пайызы – сабақ беру, ал 10 пайызы ұйымдастыру шаралары болуы тиіс. Біз бұл бағытта ештеңе істеген жоқпыз. Бүгінгі Қазақстандағы нақты шындық: 70/20/10 жүйесін бір нәрсе қылып қолдан жасап алғандар ғана ғылым жасайды немесе «той тойлап» жүреді (мысалы, қайсыбір кафедра меңгерушілері).
Ғылыми жобалардың нәтижесі туралы да біраз нәрсе пысықталғаны дұрыс. Айналамыздағы ғалымдарды байқаймыз ғой, бір жобамен 4-5 жерден ақша тауып жүргендер бар. Біздіңше, бұл тарапта сараптау механизмі өте әлсіз. Біз мақтап жүрген нақты жаратылыстану ғылымдарының жобалары немен қорытындыланып жатқаны белгісіз (кітап па, монография ма, өндірістегі жаңалық па?). Бірақ қайран мемлекеттің қаржысын алуын алып жатыр.
Конференциялар туралы ойласқан да артық болмас. Не көп? Конференция көп! Аты дардай, заты жоқ конференциялар. Бір өзбек, бір қырғыз ғалымы қатысса – халықаралық конференция. 2 мың төлесең, қайдан көшірсең одан көшір, конференция жинағына енесің. Үлкендер өстіп жатқанда, студенттер қайтсін? Студенттер конференциясындағы сапасы анықталмаған баяндамалардың саны 600-ге жететін болды. Ғылыми журналдардың («Хабаршы», «Хабарлары») сапасын тексеру де күн тәртібінде тұр. Әр ғылым саласынан бір-бір беделді, принципшіл ғылыми журнал жасақтап, соған шыққандар ғана ғылыми атақ-дәреже алуға мүмкіндік алса, көп ұтар едік.
Жоғары мектептің автономдығы туралы да мәселе қоғамда талқыға түсуге лайықты деп есептейміз. Дамыған елдердің бәрінде ЖОО автономды. Біз «халықаралық стандарт» деп жүргеннің баршасы шартты. Шет елде әр ЖОО-ның өз дәстүрі, тәжірибесі, тарихы бар. Түптің-түбі біз де соған барамыз. Ендеше біз осы абыройлы істі министрлік бастап жіберуін қалар едік. Қазіргі ЖОО-да анахронизм аз емес: бағдар – әлемдік озық 50 елдің қатары, іс-әрекет – баяғыдай. Экономиканы күрт өзгерту үшін не істесек, ЖОО-ны өзгерту үшін де сондай шешімді істерге бару қажет. Базисті өзгертпей нәтижеге жету мүмкін бе?
Қазір «кредиттік технологияға өттік» деп жатырмыз. Қазақстан мұны тәуекел деп бастап кетті. Бірақ оны толық орнықтыратын базисіміз әлі де әлсіз. ЖОО-лар шамалы компьютерленген. Оның өзара байланыс жүйесі жоққа тән. Әр пән бойынша ЖОО-ның оқу құралы, оқу базасы сын көтермейді. Мұны былай шешуге болар еді: ертең республикадағы ЖОО-лардың саны мен сапасын анықтап алғаннан кейін, ҚР Үкіметі мен Парламентіне дәлелдеп, Қазақстан жоғары мектебін жаппай комьпютерлендіру, интернетке қосу т.б. технологиялық-қаржылық жобаны қабылдатқызу қажет. Бұл – бір. Екінші, 70/20/10 жүйесін бірте-бірте ендіре отырып, ЖОО-ның өзіндік оқу құралдарын даярлауына еркін жол ашқан жөн. Бұл үшін бастапқы кезде әр ЖОО-ның баспасын жаңа технологиямен қамтамасыз етуді Үкімет өз мойнына алса, іс нәтиже бермек.
Шет елде оқу және «Болашақ» бағдарламасы туралы да ойлассақ. Бұл – мемлекет басшылығының назарынды тұрған үлкен шара. Тарихымыздағы Т.Рысқұловтар бастаған осы істі біз елдік және қауіпсіздік тұрғысынан байыптамай түсуіміз қажет сияқты. Жалпы баланың санасы қатаймаған кезде шетке жіберуге болмайды. Ілуде біреу болмаса, 17-18 жасар балалардың ішінде мәселеге сын көзбен қарап, талдау жасайтындары кездеспейді. Біздің қазіргі жағдайымыз көп байқауды талап етеді. Сондықтан шет елге 25-30 жастан жіберуді ұсынамыз (бакалаврдан соң). Әлеуметтік зерттеулер көрсетіп отырғандай, бүгінгі жастардың үйлену жасы әлемдегідей 30-35 жасқа қарай жылжып барады. Сонымен бірге ақыл тоқтатқан, үйленген жас азаматтың шет елге шыққаны бар жағынан да елге пайдалы емес пе?!
ЖОО-дағы мәдениет мәселесі де қоғам назарынан тыс емес. Бір қызығы, біз әлі «тәрбие» деген сөзді жігін ажыратпай келеміз. 18 жастан асқан баланы тәрбиелеуді ЖОО өз мойнына алмағаны дұрыс. Заң тұрғысынан әлемде қашанда солай. Меніңше, ЖОО-дағы «тәрбие» дегеннің көбісін дерлік «мәдениет» деген сөзбен алмастыру қажет. Біздің ЖОО-дағы «тәрбие» сөзі – кеңестен қалған сый. Озған 50 елдің қатарына барамыз деп отырып «университеттегі тәрбие» десек, шет елге қылмыскерлерді, тәрбиесіздерді, жетілмегендерді оқытатын ел болып көрінуіміз ғажап емес. Ал мәдениет ұғымының мағынасы да, тынысы да кең. Ректордың тәрбие жөніндегі проректорын – мәдениет жөніндегі проректор деу қай жағынан да жарасымды.
ЖОО-дағы теология пәні туралы да ақылдасқанымыз жөн. Тәрбиенің де, мемлекетшілдіктің де көкесі – осы теология. Дінтану! Біздегі дінтанудың пән ретінде жүруі де, одан сабақ беріп жүргендер де көңіл көншітпейді. Оңтүстік Кореяға барып өз көзімізбен көрдік және Малайзияның мамандарымен пікір алмасқаннан кейін аңғардық, бұл елдердің университеттеріндегі міндетті пән есебіндегі теология – сол мемлекеттің рухани ұстыны. Біз әлемдегі діндердің тарихын шолып, сипай қамшылап, болашақ елдігімізге зардапты негіз қалап жатырмыз. Меніңше, осы мәселеде Діни басқармамен ақылдасып (халқымыздың 70 пайызы мұсылман), икемді де орайлы тоқтамға келуіміз шарт.
Білім жүйесіндегі әлсіз буынымыз – орта мектеп. Қоғам, соның ішінде ата-ана, мамандар, атқарушы билік мектепке жүрдім-бардым қарап келді. Мысалы, педагогикалық оқу орнын бітірген мамандардың әлсіздері мектепке барады; ауылда жүрген басқа саланың адамы шала-пұла пединститутты сырттай оқиды – қоғам үндемейді. Еті үйреніп кеткен. Әйтпесе «Бәріне министрлік кінәлі!» деген орынсыз сын... Әрине әзірше «барымен базар».
12 жылдық мектеп мәселесінде ескеретін жайт та аз емес. Білім ардагері К.Нәрібаев айтып жүрген білім жүйесінің барлық буынындағы сабақтастықты ескеруіміз қажет. Мысалы тіл, тарих секілді қоғамдық пәндердің белгіленген минимумын жоғары мектепке апармай, 12 жылдықта толық меңгертіп бітуіміз керек. ЖОО-да мемлекеттік тіл қазақ бөлімінің статусына сәйкес дамуы тиіс (айталық, қазақ тіліндегі жаратылыстану т.б.). 12 жылдықтың оқулықтары мен оқу құралдары сала-саласына сәйкес арнайы комиссияларда бірнеше рет талқылануы керек. Комиссиядан ақша аямау қажет және оның төрағасы мен мүшелерінің жауапкершілігін арттыру керек (соңына «жауап беремін» деп қол қою арқылы).
Мұғалімнің беделін көтеру де – жаңарумызға себепші шара. Қазір ұстаздардың жалақысы өте аз. Әлеуметтік жеңілдігі де жоқ. Меніңше, қалалық жердегі мұғалімдерге қоғамдық көлікте тегін жүргізіп, коммуналдық жеңілдіктер алып берген жөн. Ал ауылдық мұғалімдерге мектеп жанында шаруашылық жүргізуге және оның жемісін тең бөлісуге жағдай туғызу қажет (көлік, коммуналдық жеңілдікті қоса есептегенде).
Әр қалада, ауданда, облыста таңдаулы мектеп қалыптастыра алсақ, еліміздің келешегіне елеулі әлеует әкелер едік. Ғылыми есептеуге қарағанда, қоғамның 10 пайызға дейінгі бөлігі жеткілікті дәрежеде өрелі болса, ол қоғамға қауіп аз. Сондықтан әр қала, аудан, облыста бір-бір таңдаулы мектеп қалыптастыруымыз керек. Мұндағы мұғалімнің жалақысы 1,75 болсын. Ұятымызға қарай, соңғы жылдары осындай мектептің рөлін қазақ-түрік лицейлері атқарып келеді. Вице-министрден бастап мектеп директорына дейін балаларын осы лицейге беретін болды. Қаймана ата-ана бұл лицейдің екі артықшылығын көрсетеді: 1) ағылшынша жақсы береді және түрікшеге баулиды; 2) тәртіпке үйретеді. Енді осыны әр қала, аудан, облыста шеше алмаймыз ба?! Басқа-басқа, Астанада 1 таңдаулы қазақ мектебін қалыптастыра алмасақ, елдігімізге сын емес пе? Біздіңше, Астана әкімдігімен келісе отырып таңдаулы мектептің 70 мұғалімі үшін 70 муниципалдық пәтер алып, республикалық байқау жариялау қажет. Осы акция өз нәтижесін береді деп ойлаймыз.
Мектеп мұғалімдері мен оқушыларын шығармашылыққа тарту да – Алаш мирасымен сабақтас іс. Шығармашылықты мектептен бастау қажет. Оны мұғалімдердің өзі бастағаны орынды. Мысалы, көп мектептің тарихы жазылмаған. Осыны гуманитарлық пәндердің мұғалімдері әзірлеп, аудан, қала күшімен кітапша етіп шығарса, мектепке деген сүйіспеншілікті арттырар еді. Сондай-ақ әр мектептің ғылыми және әдістемелік ізденістерін жинақ етіп жариялауға да болады. Ал оқушыларға келсек, компьютер заманында әр мектеп өз газетін, журналын шығаруына болады ғой (99 данаға дейін таралымы бар газет-журнал тіркелмейді). Ресейдің бір елді-мекенінде оқушылар әуесқой видеоаппаратпен «Деревня жаңалықтарын» шығарған жағдайы бар. Сондай-ақ бізде топтап-топтап әр мектептің өз «Балауса» жинағын (поэзия, проза, драматургия, сын) шығаруға да мүмкіндік бар. Алаш тарихына қарасақ, Уфадағы Ғалия медресесі шәкірттерінің «Садақ» журналын, Омбы шәкірттерінің «Балапан» журналын (екеуі де қлжазба) шығаруы жалпы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен олжа салған жоқ па!
Әр мектептің бір немесе бірнеше қайраткермен, ғалыммен, ақын-жазушымен байланыс орнату қажеттігі де сезіледі. Республика көлемінде осындай акцияны бастауымыз керек. Мұның пайдасы көп. Бұл Елбасының ұсынысын қолдау да болмақ. Әр мектеп жерлесін шақыра ма, жоқ басқаны шақыра ма – өзі біледі. Келу-кету шығынын аудан, облыс көтерсе де, қонақтың өзі көтерсе де – еркі.
«Мектеп кітапханасын байыту» акциясын жасау да – керек шараның бірі. Себебі бүгінгі мектеп кітапханасына көп көмек керек. Үлкен ұлттық компаниялар ауыл мектептеріне «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан кітаптарды тарту етсе, қандай жарасымды! Ақын-жазушылар мен ғалымдар да жаңа шыққан кітабын немесе жеке кітапханасының бір бөлшегін сыйлаудан қашпас. Кезінде Ә.Бөкейхандар Ақмола облысы (Омбы) халық ағарту бөліміне жарты кітапханасын сыйлағанын ескергеніміз жөн-ау.
Қалай дегенде білім жүйесі – қоғам қайнауын, қоғам өресін аңғартатын сала. Сондықтан отандық білім-ғылымның жаңа даму кезеңі елден ойлы, жүйелі және шығармашыл істерді күтеді. Осы ретте Алаш қайраткерлерінің іргелі ізденістері, баянды бастамалары бүгін өз жалғасын табуы тиіс.
Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр.
«Қазақ» газетінің «Алаш партиясы» мақаласынан....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?