Қазіргі қоғам: миграция және зияткерлік миграция. Шешендік сөздер. Сөзталас. Ресми ісқағаздар стилінің тілдік ерекшеліктері. Қазақ тілі, 11 сынып, қосымша материал. 1 сабақ. 1 нұсқа.


"Миграция - проблема емес, басқаруды қажет ететін процесс"

1-топ мәтіні

Халықаралық Қызыл крест және Жарты қызыл ай қоғамдары федерациясының бас хатшысы еңбек миграциясын проблема ретінде емес, дұрыс басқаруды қажет ететін процесс ретінде қарастыру қажет деп санайды.

Алматыда өтіп жатқан Қызыл Крест және Жарты Қызыл Ай ұлттық қоғамдарының 10-еуропалық конференциясы аясында Азаттық тілшілері халықаралық Қызыл Крест және Жарты Қызыл Ай қоғамдары федерациясының бас хатшысы Эльхадж Ас Симен кездесті. Азаттыққа берген сұхбатында Эльхадж Ас Си Орталық Азиядағы еңбек миграциясы процестері мен Таяу Шығыстағы дағдарысқа байланысты гуманитарлық қоғамдастық қандай қатерлерге тап болып жатқанын айтып берді. Бұған қоса, ол "Босқындар легі Ауғанстаннан Орталық Азия елдеріне ағылу ықтималдығы қандай?" деген сұраққа жауап берді.

Эльхадж Ас Си Азаттық тілшілеріне сұхбат беріп отыр. Алматы, 3 мамыр 2018 жыл.

АзаттықАс Си мырза, Таяу Шығыстағы миграциялық дағдарыс, Ирак пен Сириядағы оқиғалар Қызыл крест пен Қызыл жарты ай қозғалысының жұмысына қалай әсер етті?

Эльхадж Ас Си: Қазір Таяу Шығысты ауқымды дағдарыс жайлап тұр. Сирияда өте көп адамды үйін тастап кетуіне мәжбүрлеген соғыстың жалғасып жатқанына жеті жыл болды. Болашақта жағдай түзеліп, үйімізге оралармыз деген үмітпен алты жарым миллион адам Сирияның өз ішінде босып жүр. Ал көрші Ливанда бір миллиондай сириялық босқын бар. Қазір Ливан халқының үштен бірін босқындар құрайды. Иордания – Сириядан миллионнан астам, ал Ирак пен Палестинадан 500 мың босқын қабылдаған ел. Түркияда үш миллиондай сириялық босқын жүр.

Бұл сандар миграциялық дағдарыс ауқымының қандай екенін түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан босқындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қақтығыс болып жатқан елдерде, транзит елдерде, мигранттар барып жатқан елдерде Қызыл Крест және Жарты Қызыл Ай қызметкерлері жүр.

Ауыз су, тамақ, санитарлық-гигиеналық құралдар сияқты ең зәру заттармен қамтамасыз етуден бөлек, біз босқындардың құқығын қорғауды да ұмытпауымыз керек. Оның ішінде, халықтың ең қорғансыз топтары - балалар мен әйелдердің құқығын қорғауға тиіспіз. Сондықтан қазір миграция проблемасы мен адамдардың көші-қон мәселесі - Қызыл Крест және Жарты Қызыл Ай қозғалысының ең басты міндеттерінің бірі деп кесімді түрде айта аламын.

2-топ мәтіні

Ливандағы сириялық босқындар.

Азаттық: "Талибан" қозғалысы мен Ауғанстан үкіметі арасындағы қарулы қақтығыс өршіп тұрған тұста Ауғанстаннан ағылған босқындар нөпірі Орталық Азия елдерін басып қалмай ма?

Эльхадж Ас Си: Әрине, адамдар өз ортасында, отбасымен бірге, үйреншікті мәдени ортасында қалғысы келеді. Бірақ өмірлеріне қатер төнсе, олар қоныс аударуға мәжбүр болады. Иә, мұндай қатер бар. Сондықтан біз мұны да, қазіргі миграция қатерін де әрдайым назарымызда ұстап келеміз. Өзіміздің күн тәртібімізге мұны да енгіземіз.

Азаттық: Орталық Азия елдерінен Қазақстан мен Ресейге келген еңбек мигранттары үшін ең үлкен мәселе қандай? Қай проблеманы дереу шешу керек деп ойлайсыз?

Эльхадж Ас Си: Егер миграция туралы айтар болсақ, әрине, оларды бөліп қарастыруымыз керек. [Тұратын жері] қауіпті болғандықтан қоныс аударған мигранттар бар. Экономикалық мүмкіндіктер үшін елінен кететін мигранттар бар. Қазір бүкіл әлем бойынша еңбек мигранттары санатына жататын 150 миллионнан астам адам бар. Олар халықтың біраз бөлігін құрайды. Бұл - Орталық Азияға да тән құбылыс. Аймақта еңбек мигранттарының құқықтық мәртебесін мойындау проблемасы бар. Олардың заңды мәртебесін мойындау көп адамдарды көлеңкеден шығаруға, адам саудасы сияқты әлдебір заңсыз әрекеттерді тыюға көмектесе алады. Әлдебір заңсыз әрекеттердің құрбанына айналмауы үшін, оларға медициналық және әлеуметтік қызмет түрлерін қол жетімді болу үшін, еңбек нарығында заңды түрде тіркеліп, еңбек қанауына тап келмеуі үшін мигранттар мен олардың құқығын қорғау аса маңызды мәселе.

Еңбек мигранттарын қорғау жұмысы оларды қабылдаған елдер үшін де маңызды. Елдер мен қоғам еңбек миграциясы соншалықты жаман нәрсе емес екенін түсінгені жөн. Бұл - еңбек мигранттарына қатысты әлдебір қате түсінік. Еңбек миграциясы - ұтымды процесс. Біріншіден, мигранттар өздері жұмыс істейтін елдің экономикасына үлес қосады. Екіншіден, еліне ақша жібереді. Егер бәрі заң аясында ұйымдастырылса, тиімді нәтиже береді. Қызыл крест қозғалысының негізгі міндеті – мигранттарлың жұмыс істеп жүрген елге де, өз еліне де пайда әкелуі үшін олардың құқығы мен ар-намысын қорғау. Сондықтан миграцияны проблема ретінде емес, дұрыс басқаруды қажет ететін процесс ретінде қабылдау керек.

3-топ мәтіні

Қазақстанның оңтүстігінде мақта теріп жүрген Өзбекстан мигранттары.

Азаттық: Еңбек мигранттарына медициналық және өзге де қызмет түрлері қол жетімді болу үшін Қызыл крест ұйымы қандай көмек көрсетеді?

Эльхадж Ас Си: Біз әлеуметтік және медициналық қызмет көрсету туралы билікпен ел және аймақтар деңгейінде келіссөздер жүргізуге тырысамыз. Аймақ елдерінің үкіметтері мен мигранттар арасында жұмыс істейтін ұйымдар желісі (Қызыл крест және Жарты қызыл ай қозғалысы осы процестің бір бөлігі-ред) қазірдің өзінде бар. Олар жергілікті және мемлекеттік деңгейде келіссөз жүргізіп, медициналық, әлеуметтік және психологиялық қызмет түрлерін көрсетеді.

Азаттык: Қызыл крест қоғамы қақтығыс ошақтары ғана емес, төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет органдары орнықты жұмыс істеп тұрған елдерде де жұмыс істейді. Бұл елдерде қандай көмек көрсетесіздер?

Эльхадж Ас Си: Біздің еріктілер әлемнің түрлі елдерінде жұмыс істейді. Олар жергілікті тілде сөйлейді, жергілікті мәдениетті біледі және кез келген жағдайда әрекет етуге дайын. Мысалы, жападан-жалғыз қалған қарт адамдармен де, әлдебір әлеуметтік көмекке зәру мүгедектермен де, зорлық-зомбылыққа немесе әледбір қылмыстық әлемнің ықпалына түсіп қалған балалар мен жасөспірімдермен жұмыс жүргізеді. Түрмелерде [тұтқындарды] қалыпты өмірге бейімдеу жұмысымен айналысуы мүмкін. Стихиялы апаттар, су тасқыны немесе жер сілкіністері кезінде біз гуманитарлық көмек ұсынып, адамдарды іздеуге көмектесеміз. Бүкіл әлемде белсенді жұмыс істейтін шамамен 14 миллиондай еріктіміз бар. Бұдан бөлек, жер сілкінісі сияқты жағдайда көмекке ұмтылатын адамдар, Қызыл крест пен Қызыл жарты ай қозғалысында тұрақты негізде жұмыс істейтін адамдар бар.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу