ХХІ ғасырдағы жаһандық мәселелер. Қазақ тілі, 10 сынып, қосымша материал. 3 сабақ. 1 нұсқа.


ТІЛДІК НОРМА ТУРАЛЫ ҰҒЫМ

Әдетте «норма» сөзін терминдік мағынада емес, қалыпты бейтарап сөз мәнінде жұмсасақ, белгілі бір «т ә р т і п, ж ү й е л і л і к, д ұ р ы с т ы қ» деп ұғынамыз. Ал тілге келгендегі бұл сөздің ұғымы «жалпы тәртіптілік» дегенмен қоса, терминдік мәнге ие болатындығы мәлім.

Норма – тілдің «туа біткен» қасиеттерінің бірі іспетті. Ол белгілі бір реттілік, жүйелілік құбылыс ретінде ауызекі сөйлеу тіліне де («халықтық тілге» де), әдеби тілдің ауызша қолданысына да, жазба тілге де тән.

Тілдік норманың табиғаты екі түрлі: бірі – тілдің ө з і н д е қ а л ы п т а с қ а н нормалар және е р е ж е б о й ы н ш а ұ с ы н ы л ғ а н нормалар. Соңғыларды «ереже бойынша» деп атауымыз шартты. Бұл жердегі «ереже» дегеніміз – грамматика оқулықтары мен әр алуан сөздіктер, анықтағыштар т.т. Мысалы, қазақ тіліндегі септеу, жіктеу парадигмалары, сын есім шырайлары, етістіктің етіс тұлғалары, шақтық мағыналары, жұрнақтар арқылы жаңа сөздің жасалуы сияқтылар «туа біткен» – яғни өте ертеден тілдің өзінде қалыптасқан, әбден орныққан, тілдің өз табиғатына тән жүйеге айналған заңдылықтар. Ал мен (пен, бен) шылауын қосымша ретінде танытып, 7-көмектес септіктің көрсеткіші деп ұсыну, оны септік парадигмасының өзге жалғаулары сияқты сөзге қосып жазу нормасы – «қолдан жасалған», яғни ережемен реттелген норма. Сол сияқты екі түбірдің ұзақ уақыт бойы бірігіп айтыла-айтыла, дыбысталуы жағынан кірігіп (өзгеріп, қысқарып), бір мағынаны білдіретін бір лексикалық тұтастық (бірлік) ретінде қалыптасуы – тіл табиғатының өзінде пайда болған норма; мысалы, бүгін (бұ+күн), биыл (бұ+йыл), әкел (алып+кел), түрегел (тұра+кел), қайтіп (қалай+етіп), сөйтіп (солай+етіп), белбеу (бел+бау) деген сөздердің о баста екі түбірден бірігіп пайда болған сөздер екенін бірден сезе бермейміз, өйткені бұлар – тілдің «о бастан келе жатқан» нормативті дүниелері, ал өнеркәсіп, кәсіподақ, ойталқы, жолсапар, гүлдесте, гүлшанақ сияқты тіркестерді біртұтастық деп тану – ереже арқылы ұсынылған нормалар, яғни бұларды біріккен сөз деп біріктіріп жазу бүгінгі лексика-семантикалық, орфографиялық нормалар болып шығады.

 Әрине, «реттілік, жүйелілік» дегеннің өзі тіл қолданысының көрсетілген түрлерінде болсын, тілдің әлеуметтік-тарихи қызмет барысында (тарихында) болсын, біркелкі, бір сипатта болмайды, оның үстіне нормалылықтың белгісі тілдің лексика, грамматика, тіпті фонетика сияқты қаттауларының бірінде «көрінеу», «қатаң» болып тұрса, екіншілерінде «солқылдақтау», «босаңдау» болып келуі және заңды. Мысалы, ауызекі сөйлеу тілінде жалғаулық шылаулардың қолданылуы сиректеу ұшырасады, олардың орнын интонация немесе синтаксистік құрылым сияқтылар басуы мүмкін: дәрі ішіп алдым – басым ауырып тұр, бұл – ауызекі сөйлеу актісінде, ал жалпы кодификацияланған ереже бойынша: дәрі ішіп алдым, өйткені басым ауырып тұр немесе дәрі ішіп алдым, себебі басым ауырып тұрғаны деп құрылуы тиіс.

 Сол сияқты сөз варианттарының еркіндеу қолданылуы ауызекі сөйлеу тілінде де, шаршы топ алдындағы сөзде де жазба әдебиет тіліне қарағанда жиірек орын алады. Бұл жерде лексикалық норманың «босандығының» ғана емес, стильдік талаптың да рөлі болады. Айталық, ауызекі сөйлеу тілінде дөрекі, қарапайым, жергілікті сөздер және бөгде тілдік сөз қатары әлдеқайда еркін жұмсалса, жазба тілдің шаршы топ алдындағы қолданысында немесе публицистикалық үлгілерде (газет-журнал беттерінде) бұлардың орын алуы мейлінше шектеулі, жоққа тән болуы керек, бірақ мұның барлығы да өз орындарында, өз салаларында норма болып табылады.

Р.Сыздықова



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу