Пайдалы геологиялық химиялық қосылыстар. Кен. Химия, 7 сынып, қосымша материал 2.


Қазақстанның пайдалы қазбалары

Пайдалы қазбалар деп, қазіргі техниканың даму деңгейінде, табиғи түрінде немесе өңделгеннен кейін шаруашылықта пайдалануға болатын минералдар мен тау жыныстарын айтады. Әдетте, таулы аймақтарда (қатпарлы және қатпарлы-жақпарлы аудандарда) және шөгінді қабығынан айырылған платформаларда рудалы қазбалар кені көптеп кездеседі.

Ал шөгінді түріндегі пайдалы қазбаларды (мұнай, газ, көмір, уран және т.б.) шөгінді қабығы бар платформаларда (жазықтарда) кездестіруге болады.

1919—1923 жылдардың өзінде Қарағанды тас көмір алабының өнеркәсіптік мүмкіндіктері анықталды. Содан бері Қазақстанда геологиялық пайдалы кендер ашылып, жоспарлы зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Қазақстанда аса маңызды минералдық шикізат түрлерінің бәрі дерлік бар. Еліміздің жер қойнауынан Менделеев кестесіндегі 105 элементтің, оның 70-інің мол қоры шоғырланған және 60-тан астамы өндіріледі. 6 мыңға жуық пайдалы қазбалар кен орындары ашылған. Пайдалы қазба орындары жанатын, кен және кен емес болып үш топқа бөлінеді. Жанатын пайдалы қазбаларға мұнай мен газ, көмір, уран және т.б. кен орындары жатады.

Мұнай мен газ

Мұнай мен газдың мол қоры Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе және Батыс Қазақстан аймақтарында шоғырланған. Мұнай елімізде бірінші рет 1899 жылы Қарашүңгілдегі Ембі кен орнындағы мұнай ұңғысынан (скважина) атқылады. Ал 1911 ж. Доссор, 1915 ж. Мақат кен орны пайдалануға берілді. Бұл кен орындарына алпысыншы жылдары Маңқыстау түбегіндегі Өзен мен Жетібай қосылды. Кейінірек олардан да куатты Қаражамбас пен Қаламқас, Теңіз (Атырау облысы), Кеңкияқ және Жаңажол (Ақтөбе облысы), Қарашығанақ (Батыс Қазақстан облысы) пен Құмкөл (Қызылорда облысы) кен орындары ашылды. Қазір Қазақстанда мұнай мен газ шоғырланған 14 алап және 207 кен орны бар. 1999 жылы Қазақстан қойнауынан алғашқы отандық мұнай алынғанына жүз жыл толғаны тойланды. Бүгінде республиканың жылына (2005 ж.) шамамен 50,2 млн мұнайы шет елге шығарылады. 2000 жылы Атыраудың солтүстік шығысында 45 км жерде Каспий қайраңында Қашаған мұнай кен орны ашылды. Ол соңғы 30 жылдағы дүние жүзіндегі ең ірі кен орны. Геологиялық қоры 4,8 млрд тоннаға бағаланды. Жалпы Қазақстандағы мұнай қорының болжамы 20-25 млрд тонна. Қазақстандағы жалпы газ коры 6 трлн м3. Дүние жүзінде он екінші орын алады. Соның 70%-ыҚарашығанақтың үлесінде

Көмір

Қазақстанда көмір қоры мол. Мұнда тас көмір мен қоңыр көмірдің 10 алабы, 300 кен орны бар. Қазақстанның жалпы көмір қоры 164 млрд тоннаға жетті. Республика 90-жылдардың аяғына қарай жылына 90 млн т. көмір өндіреді. Ғалымдардың жобалауы бойынша жылына 140 млн т. өндірілсе еліміздегі көмір қоры 250 жылға жетеді. Көмір кен орындарының басым бөлігі Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында орналасқан.

Қазіргі кезде Қарағанды алабы 3600 км2 жерді алып жатыр. Бұл Қазақстанның негізгі көмір базасы. Қарағанды көмірі кокстелетіндіктен сапасы өте жоғары. Тас көмірдің 80 кабаты анықталған, олардың жалпы қалыңдығы 120 м. Көмірдің барланған жалпы қоры 60 млрд т.

Маңызы жағынан екінші орынды Екібастұз көмір алабы алады. Бұл алап Сарыарқа мен Ертіс маңы жазығы аралығында орналасқан. Павлодар облысында ауданы 160 км2, қазып алынатын көмір қабатының қалыңдығы 150 м. ашық әдіспен өндірілетін болғандықтан, еліміздегі көмірдің ең арзаны болып табылады. Дүние жүзіндегі ең ірі «Алып» кенішінде жылына 36 млн т. көмір өндіріледі. Соңғы кезде Майкүбі (Павлодар облысы) және Торғай (Обаған) көмір алаптарын игеру басталып, сондай-ақ Екібастұз көмір алабының «Алып», «Солтүстік» және «Шығыс» кеніштерінде кайта құру, кайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

Рудалы пайдалы қазбалар

Темір. Қазақстан темір кені қоры жөнінен ТМД бойынша Ресей мен Украинадан кейін үшінші орын алады (17 млрд т). Оның 93%-ы Қашар, Сарыбай, Соколов, Әйет, Лисаков кен орындарында, Солтүстік Қазақстанда шоғырланған. Сарыбай темір кен орнын 1948 жылы ұшқыш М.Сургутанов ашты. Ұшақ кен үстінен ұшқанда, темір аномалиясының әсерінен түсбағар тілінің кенет ауытқығаны ұшқыштың көңілін аударды. Көп ұзамай, өте сирек кездесетін темір кені ашылды. Мұндағы кен жоғарғы сапалы және оның құрамындағы темірдің мөлшері 50-60%-ды құрайды. Шөгінді жыныстардан пайда болған рудалар Қостанай облысындағы Әйет және Лисаков кен орындарында кездеседі. Руда 30 м тереңдіктен ашық әдіспен өндіріледі. Кеннің құрамында таза темір 37-52%. Темір кенінің шағын кен орны Қарағанды (Кентөбе, Қаратас), Солтүстік Қазақстан (Атансор) аймақтарында бар.

Марганец. Қазақстанда 11 марганец кен орны бар, ең ірі кен орындарына Орталық ҚазақстандағыАтасу және Жезді жатады. Мұндағы рудалардың 27%-ына жуығы марганец. Марганец кендері Ұлытау, Сарыарқа, Қаратау, Маңқыстау өңірлерінен де табылды.

Республикадағы марганец рудасының қоры 408 млн тоннаны құрайды. Дүние жүзі бойынша 2-ші орында.

Хром. Хромит кен орындарының 99%-ы Мұғалжар тауларында кездеседі. Кемпірсай және Дөң тобына жататын кен орындары жоғары сапалы рудалармен әйгілі. Қазақстан хромит кенінің барланған қоры мен жылдық өндірілетін мөлшері жөнінен дүние жүзінде екінші орынға шықты. Олар тоттанбайтын болат қорытуға қажет. Хром әлемнің 40 еліне шығарылады. Хромит кендері Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында да ашылды. ТМД елдеріндегі хромиттің 97 %-ы Қазақстанда өндіріледі. Оның 21 кен орны есепке алынған. Жалпы қоры 430 млн т. Никель. Никельдің едәуір коры Мұғалжар таулы ауданында үгілген тау жыныстары құрамында шоғырланған. Никельдің 40-тан аса ірі кені Ақтөбе облысындағы Кемпірсай кен орнының үгілу қыртысындағы Бұрақтал кеніштеріне де шоғырланған. Қостанай облысындағы Аққара, Ақтау кендерінің коры мол, сапасы жоғары. Никель кен орындары Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында да бар.

Алюминий. Қазақстанда алюминийдің негізгі шикізаты боксит. Ашылған 200 кен орнының 50-ден астамы платформалық типке жатады. Негізгі кен орындары Сарыарқаның солтүстік-шығысында Акмола және Торғай ойысында (Арқалық торабы). Бұлардағы боксит коры онша көп емес. Сондықтан құрамында глиноземы бар басқа шикізат көздерін (нефелин рудасы, Екібастұз көмірінің қалдығы) пайдалану жолдары іздестірілуде. Қазақстан алюминий өндіру жөнінен ТМД елдері арасында алдыңғы орындардың бірін алады.

Мыс. Қазақстанда мыс рудасының аса бай қорлары бар. Мысты құмтастардың ең ірі кен орны Жезқазған. Жезқазған кен орныТМД бойынша бірінші, дүние жүзінде екінші орында. Қазақстан мыс өндіру жағынан дүние жүзінде жетінші орын алады. Өнімнің 92%-ы шет елге шығарылады.

Мысты кен орындарының ірілері Қоңырат, Бозшакөл. Бұлардағы мыс ашық әдіспен қазылып алынады, бірақ рудада металл мөлшері аз. Полиметалдар. Полиметалл кеніне қорғасын, мырыш, мыс қоспалары, алтын, күміс, тағы басқа металдар жатады. Қорғасын мен мырыштың ең бай кен орындары Кенді АлтайдағыРиддер, Зырян, т.б. жерлер. Мұндағы кендерде металл көп. Полиметалл кен орындары Жетісу Алатауындағы Текелі және ҚаратаудағыАщысай мен Мырғалымсайда бар.

Соңғы жылдарда қорғасынның бай кен орындары Орталық Қазақстанда (Қызылеспе, Қасқаайғыр, т.б.) барланды.

Полиметалдар

Полиметалл кеніне қорғасын, мырыш, мыс қоспалары, алтын, күміс, тағы басқа металдар жатады. Қорғасын мен мырыштың ең бай кен орындары Кенді Алтайдағы Риддер, Зырян, т.б. жерлер. Мұндағы кендерде металл көп. Полиметалл кен орындары Жоңғар Алатауындағы Текелі жәнө Қаратаудағы Ащысай мен Мырғалымсайда бар. Соңғы жылдарда қорғасынның бай кен орындары Орталық Қазақстанда (Қызылеспе, Қаскаайғыр т. б.) барланды.

Алтын. Қазақстанда 196 алтын кен орны бар. Алтын республиканың шығысындағы Алтайда, Қалба жотасы шеңберінде, солтүстік-батысындағы Жітіқара өңірінде өндіріледі. Орталық Қазақстанның солтүстік аймағындағы алтын шығатын кен орындары: кварцты желі, кайталама кварцит пен шашыранды алтын (Степняк, Ақсу, Майқайың) кездеседі. Қалба жотасында да кварцты желі және шашыранды алтын кен орындары шоғырланған. Шағын кварцты-желілі кен орындары Жетісу және Іле Алатауларында да бар.

Сирек кездесетін металдар. Бұл топқа вольфрам, молибден, ванадий, висмут, сүрме, т.б. жатады. Аталмыш кен орындары бойынша Орталық Қазақстан алдыңғы орында. Кейбір сирек кездесетін металдар (кадмий, индий, висмут, селен, сынап, т.б.), сондай-ақ полиметалл кен орындары Жетісу Алатауы мен Алтайда шоғырланған.

Рудасыз пайдалы қазбалар

Асбест. Асбест кен орны магмалық жыныстарға байланысты игеріледі. Ең ірі кен орны Қостанай (Жітіқара) және Қарағанды (Жезқазған) облыстарында. Мұғалжардың оңтүстігінде Бөгетсай және Шу-Іле тауларында, Хантау кен орындарында асбестің едәуір қоры бар.

Фосфорит. Қазақстан фосфориттің коры жөнінен АҚШ-тан кейін екінші орын алады. Оңтүстік Қазақстан аймағында, Қаратауда ірі фосфорит кен орындары (Шолақтау, Ақсай, Жаңатас) бар. Сапасының жоғарылығы және қабатының қалыңдығы жөнінен бұл кен орындарының бүкіл жер шарында теңдесі жоқ. Сондай-ақ фосфорит кен орындары Актөбе облысында, Жем өзенінің жоғары ағысында да кездеседі.

Тұз. Қазақстан аумағында тұз қоры өте мол. Әсіресе тұзға Каспий маңы ойпаты бай. Ондағы кей жерлерде тұз кабатының қалыңдығы (тұз күмбездері) 2 км-ден асады. Кейбір кабаттарда ас тұзына қоса, калий, т.б. тұздар да кездеседі. Сондай-ақ Каспий маңы ойпаты мен Батыс Сібір жазығында және республиканың басқа да аудандарында көптеген тұзды көлдерде тұнба тұздар жиналған.

Қазақстан әктас, мергель, бор, мәрмәр, гипс, отқа төзімді саз, кварцты құм, минералды бояулар сияқты құрылыс материалдарына да бай. Бұлардың кен орындары республиканың көп жерінде кездеседі. Құрылыс материалдарының 1500 кен орындары ашылған.

Пайдалы қазбалардың халық шаруашылығы үшін маңызы зор. Көптеген кен орындары бір-біріне жақын жатқандықтан (темір мен марганец, темір мен тас көмір, әктастар мен отқа төзімді саздар), бұларды кешенді түрде өңдеуге мүмкіндік береді. Біраз пайдалы казбалар жер бетіне жақын жатқандықтан, оларды қазып алу көп шығынды талап етпейтін ашық әдіспен өндіріледі. Қазақстанда барланған кен орындарының едәуірі қазір пайдаланылуда. Солардың негізінде көптеген зауыттар салынды.

Қазақстанда минералды шикізат қорының барлық түрі бар. Бірақ мұнай, көмір, темір рудасы, т.б. минералды ресурстар шексіз емес. Олардың жалпы коры пайдаланылған сайын азая береді. Кейбір кен орындары сатылып, барлау нәтижесінде жаңа кен орындары ашылып жатыр. Мұның өзі жер койнауы байлығын қорғауды талап етеді. Сонымен бірге кен орындарын игеру ісі табиғат қорларының (топырақ жамылғысы, жер асты және жер беті сулары, орман, егістік, жер, ауа, т.б.) жағдайына әсерін тигізеді.

Сондықтан сарқылатын қорларды кешенді әрі тиімді пайдалану және оларды сақтап, қорғау ісін жүйелі түрде жүргізу қажет. Табиғатта таза химиялық элемент кездеспейді. Мысалы, көптеген темір кенінің құрамында фосфор, күкірт сиякты сирек металдар бар. Негізгі кенмен бірге құрамындағы басқа қазбаны да айырған дұрыс. Ол үшін негізгі және бірге жатқан пайдалы қазбалар корын жер койнауынан неғұрлым толық алу керек. Шикізатты өндіргенде, тасымалдағанда және өңдегенде кететін қыруар шығынмен күрескен жөн. Бүгінгі күні шикізатты қалдықсыз өңдеу технологиясына көшу тиімді болып отыр.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?