Туған жерге жыр-сапар


Тасыр қоғам ілмей мені қаперге,
Мен көбеңсіп жүрмін мынау жат елде.
Тұсауымды сенде кестім ең алғаш,
О,туған жер, сенсің анам, әкем де!

Сағынышқа саған деген ұмсынып,
Ойланамын, барсам ба деп құлшынып.
Дәруіштей күйге салып қойды ғой,
Қаладағы мынау құрғыр тіршілік..

Шарша баста бітпес тірлік қанша көп,
Уатылып кетті еңсем сарсаң боп.
Жүрмін солай, бәріне осы қол сілтеп,
Құнанбайдың ұлы еліне барсам деп!

Сағыныштан танытсам да құсалық,
Тұрсам деймін мен өзіңнен күш алып.
Сәт туса екен топыраққа бір аунап,
Кеңгірбай би бабамды да құшарлық..

Ашып тастап тарих тұнған деректі,
Ұрпағы боп іс етейін ерек ті.
Бір табынып, зиярат қып қайтайын,
Шын ғашықтар Еңлік пен Кебекті.

Кетсем шіркін, бар тірлікті тауысып,
Бұл шаһардан туған жерге ауысып.
Бар мауқымды бассам деймін, алаңсыз,
Ұлы Абайдың рухыменен қауышып.

Туған жерден сағынысқан күй ұғып,
Бөгде жерде қайтем, бекер күйініп..
Қарт Шыңғысқа, барып келсем қайтеді ?!
Шәкәрімдей бабама бір сыйынып.

Кетем болды, кетсін мейлі тау еріп,
Түсіме де жатыр бүгін бәрі еніп.
"Абай жолын" жазған Мұхтар бабама,
Абай жолын кешіп барам тәу етіп!

Аттанамын, Шыңғысыма үш аттап,
Не табамын сағынышты ұсақтап ?
Мерғали мен Шәкір туған киелі,
Қайтпаймын ба құт мекенді құшақтап!

Шақырымдар бөлгенімен арасын,
Қалада жоқ, бақты ауылдан табасың.
Көріп қайтам, ән тулаған кешегі,
Кәрменовтей Жәнібектің даласын!

Түріп тастап тіршіліктің түңдігін,
Шыңғыстауға табан тиер күн бүгін.
Тағы көрем, талай текті жерленген,
Жидебайдай - Еуразияның кіндігін!

Қанбайтұғын қанша ішсем де құмарым,
Мен мұны да құдірет деп ұғамын.
Саф ауасын жұтып тұрып, тойғанша,
Күшікбайдың ішсем зәмзәм бұлағын.

Көрінсе де қос көзіне сүйелі,
Сырқаттанған жанға шипа тиеді.
Емдеп жазар қасиеті соншалық,
Қоңырәулие - суы болған киелі!

Міне, осындай шуақ тұнған ажары,
Таусылмаған том-том болып жазары.
Перзентімін Абай деген ұлы елдің,
Тарқамаған бір сәтке де базары.

Алыс кетсем, сағынышты жектірген,
Өткен тіпті тарихтағы көп дүрбең.
Ұлыларды бұл қазаққа сый еткен,
Алтын құрсақ туған жерге кеттім мен..

 


Ерасыл Дарханұлы



Пайдалы сілтемелер:


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу

туған жер, өлеңдер, өлең, туған өлке
Келесі мақала жүктелуде...