Шәкәрім Құдайбердіұлы (Пайғамбар Мұса жолықса)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Пайғамбар Мұса жолықса)

Пайғамбар Мұса жолықса,
Сөйлесiп көңiлiм орнықса:
«Адасты жебiрей,– дер едiм,–
Тәуратты қайта толықта!»

Дәуiттi көрсем, ән салып,
Қуанар едiм қарсы алып:
«Ақында қалды иманың,
Тағы үйрет,– дер ем,– бiр барып».

Зардөшке айтсам кезi кеп:
«Үйреттiң ақыл нұр ғой деп.
Ұға алмай отқа шоқынып,
Бұзылды елiң боғын жеп».

Будданың ұстап бiлегiн,
Айырылмай бiрге жүремiн:
«Жәдiгөй, бақсы, ламаға,
Шоқынды елiң, бiлемiн».

Айсаны көрсем егер мен:
«Тіріл,– дер едім,– қайта сен.
Сенi құдай дедi де,
Айырылды халқың дiнiнен».

Мұхамметтi көре алсам,
Сөз айтып, жауап бере алсам:
«Адасты молда,– дер едiм,–
Құраныңды үйрет, келе алсаң».

Бұл күнде дұрыс иман жоқ,
Шатақ дiн нәпсi тыйған жоқ.
Ақылы саудың ойына,
Алдамшы дiндер сыйған жоқ.

Анықты ешкiм тапқан жоқ,
Iздемей қарап жатқан жоқ.
Әлiмдi залым қылатын,
Шатақ дiндей қақпан жоқ.

Ақыл да бездi олардан,
Iз қарап жүр сонардан.
Байқамай көбi адасты,
Көңiлге бiрақ сол арман.

Көрмедi сынап дүние iсiн,
Бiлмедi құдiрет киесiн.
Денеге жанды жеңгiзiп,
Таба алмай қойды Иесiн.

Затшылдық көзiн байлады,
Адастырып айдады.
Жан билемей, тән билеп,
Ақылдың соры қайнады.

Ғылым деп уды жегiздi,
Денесiз зат жоқ дегiздi.
Дәлелсiз пәнмен перделеп,
Тапқызбай қойды негiзді

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?