Кенен Әзірбаев (1934 жылғы слет)

 Кенен Әзірбаев (1934 жылғы слет)

Келіпті Алматыға Затаевич,
Қазақтан ән-күй жинап жүрген білгіш.
Бір мыңнан аса жазған нотасына
Сарыарқа, Орал жақта істеп жұмыс.
Халқымен ақылдасып Қазақстан
Жинаған өнерпазды әрбір тұстан.
Ақындар, әнші, күйші, артист, биші,
Оң мен сол, күнбатыс пен
күншығыстан.
Маңғыстау, Орал, Гурьев, Қызылорда,
Ақындар Ақтөбеден шықты жолға.
Көкшетау, Баянауыл, Қостанайдан
Келгеннің бәрі жүйрік, бәрі жорға.
Оңтүстік. Алатаудың айналасы,
Жетісудың кеп жатыр кәрі, жасы.
Жамбыл да жалғыз атпен сонда келді
Ішінде үш жүз ақын қариясы.
Мирзоян, Исаев пен Жүргеновтер
Дабылдап ақындарды ұсынды төр.
Сексеннен асқан ата Жамбылға да
Кез келді жақсылықтың ісін күтер.
Пенсия боп ықыластың алды келді,
Сауын, сойыс қажетке малды берді.
Сыйлықтардың сыйлығы деп айтарым:
Партия жыр бұлағы — шалды көрді.
Алысқа аты шыққан Жамбыл болды,
Қайда да оның жолы даңғыл болды.
Алатау биігінен шырқап ұшқан
Бақ құсы шаңырағына кәмбіл қонды.
Жәкеңмен бірге бардым астанаға,
Баяғы Жәкең маған бастап, аға, —
Төрт бөлдім түн ұйқымды бір вагонда,
Анадай көңіл бөлген жас балаға.
Жәкеңнің сонда айтқаны: «Кенен шырақ,
Білейін бір жөнімді сенен сұрап:
Бақыттың бақшасына шынымен-ақ,
Ұшыртып әкеле ме мынау пырақ?»
...Жайларды жұрт білетін бұдан әрі
Айта алмас келістіріп Кенен - дағы,
Москва, Кремльді, Мавзолейді
Жырлаған Жәкең өзі менен де әрі.
Жалғыз-ақ, осы жерге қосатыным:
Білмепті осыншалық озатынын. —
Сен қалай шықтың - ай? — деп
нұқитұғын
Үстінен Жамбыл деген өз атының.
Қуланып, өлеңімен құйылмалы
Сөйлесе жұрт езуі жиылмады:
Қонақ үй, асханада, машинада —
Қайда да қалжың сөзі тыйылмады.
Калинин оған орден таққан шақта
Халықтар құтты болсын айтқан шақта,
Шылдырмақ тағатұғын қыз болдым ба,
Одан да ақша берсе мақтаншаққа.
Бәріңе берер едім үлестіріп,
Екі есе аламын деп жыл өсіріп, —
Әй, бірақ, қағаз, күміс ақшалардай
Қалмайтын шығар деді бұл ескіріп.
Жас жандар шалдың сөзін көріп қызық.
Ақшаға сатыңыз деп бізге үзіп,
Қайраса, қайрап ақын домбырасын
Сабалап жөнелетін қатты қызып.
Есіктен Күләш рұқсат сұраушы еді,
Шал оған сығырайып қараушы еді.
Еркелеп атасына аяулы қыз
Сақалын шаштай созып - тараушы еді.
...Ол сапар ұмытылмас ешқашан да,
Шалдарды жер қойнына тастасаң да,
Арада аттай ғасыр мезгіл өтіп,
Бізден соң басқа дәуір бастасаң да.
Көрінді көп халықтан дос та сонда,
Үндемей өз үйімде осы күнде
Отырам сол күндермен бас қосам да.
Москва, қасиетіңнен айналайын,
Өлсем де мен сенімен қоштасам ба?!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады